Өйткені бүгінгі тұрақты мемлекеттік институттар, Қазақстанның әлемдік аренада толық мойындалуы, шегенделген шекара, экономика мен саясаттағы толағай табыстар және мемлекеттік жолындағы басқа да жеңістер 30 жастағы азамат үшін солай болуға тиісті, қалыпты құбылыс ретінде бағаланатыны рас. Дегенмен, мұның барлығы аға буынның, әсіресе, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында қол жеткізген жетістіктер екені анық.
Әрине, күйреген империяның қирандыларының үстінен жаңа тәуелсіз мемлекет құрудың және осы миссияны сәтті атқарудың дайын формуласы жоқ. Оның үстіне, бізге жоспарлы-әкімшілік экономикадан нарықтық экономикаға өтуге, посттоталитарлық қоғамда демократиялық саяси жүйе құруға тура келді. Мұндай тарихи таңдаудың ауыртпалығы зор болатыны түсінікті.
Дәл сол кезеңде посткеңестік кеңістікте түрлі сценарийлер тіркеліп, азаматтық текетірестер, этникалық және дінаралық қақтығыстар, «түрлі-түсті революциялар» сияқты саяси әрі әлеуметтік толқулар болып жатты. Осындай күрделі оқиғалар орын алып жатқан аймақта Қазақстан өзінің даму жолын айқындай алды. Бұл әсте оңай жол болған жоқ. Ол үшін үлкен ерлік, талмас еңбекқорлық, стратегиялық пайым, көреген шешім, мұқалмас саяси жігер және шебер көшбасшылық қажет еді. Осындай игі қасиеттер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бойынан табылып қана қоймай, Тұңғыш Президентіміз соның бәрін мемлекеттілік жолында тиімді пайдалана білді.
Елбасының әрбір қадамы, қабылдаған шешімі ғасырлар бойы күткен тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға, оны баянды етуге бағытталып отырды.
Тәуелсіз мемлекет құрудағы тәуекелдер
Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанға Одақтан «мұра» болып тоқыраған экономика, тұралаған өндіріс және бүкіл әлем үрке қараған ядролық қару ғана қалды. Яғни біз бәрін жаңадан бастауға мәжбүр болдық. Сондықтан егемендіктің елең-алаңында еңселі елдікке ұмтылған Қазақ елінің алдында өте күрделі және ауқымды міндеттер тұрды. Олар: жаңа мемлекет құру, қазіргі заманғы билік институттарын қалыптастыру, КСРО-ның күйреуінен туындаған дағдарыстың салдарын еңсеру, нарықтық экономиканы дамыту және халықтың тұрмысын жақсарту сияқты басымдықтар еді. Одан бөлек, мемлекетімізде бейбітшілікті сақтау, қоғамда этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету сияқты міндеттер күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің қатарында болды.
Осындай күрделі ахуалға қарамастан, Елбасымыз жағдайды бақылауда ұстап, саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы бейберекетсіздікке жол бермеді.
Бастапқы кезеңнің басты мақсаты егемендікті нығайту, мемлекеттіліктің институттары мен атрибуттарын жасақтау болғаны белгілі.
Мемлекеттіліктің негізін бекемдеу үшін саяси құрылымды қалыптастыру маңызды. Ол уақыт пен қоғамның талабына сәйкес келгенде ғана толыққанды іске асатын еді. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының президенттік билікті күшейтуі баламасыз қадам болды және маңызды экономикалық, әлеуметтік реформаларды іске асырудың негізгі кепіліне айналды десек, қателеспейміз.
Уақыттың талабы дейтініміз, Тәуелсіздік алған тұста Қазақстан ауыр дағдарысқа тап келді. Өндіріс ошақтары жабылып жатты, елді жұмыссыздық жайлады, гиперинфляция алқымнан қысты. Елдің жалпы ішкі өнімі 1994 жылы 12,6 пайызға дейін төмендеп, құлдыраудың рекордтық шегіне жетті. Уақыттың қыспағы жедел әрі қатесіз шешімдер қабылдау талабын қойды. Осы сәтте дағдарыстан шығу үшін биліктің тиімділігі аса маңызды болатын. Мығым президенттік билікке жүгіну елдік мүдде тұрғысынан кезек күттірмейтін шара екенін Елбасы терең түсіне білді.
Ал қоғамның талабы дейтініміз, қоғам қалыптасқан тарихи тәжірибелердің негізінде өмір сүреді. Сол тұста билік тармақтарындағы тұрақтылық қоғам үшін аса маңызды болды. Осы тұрғыдан келгенде, президенттік институтты бекемдеу қоғамдық сұраныстарға сай болып, даму жолында батыл қадамдар жасауға мүмкіндік берді. Халықтың 1995 жылғы Конституцияны қызу қолдауы да осының айғағы.
Ең бастысы, президенттік билік мемлекеттің басқарылуын қамтамасыз ете алды. Сәйкесінше, Елбасы үлкен жауапкершілік арқалады. Тұтас елдің тағдыры Көшбасшының көрегендігіне, ақылына байланды. Осылайша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанды мемлекет қалыптастыру, тәуелсіздікті нығайту кезеңінен абыроймен алып шықты.
Осы жолда ол көптеген аса маңызды шешімдер қабылдады.
Мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі қайта құрудан өтті. Жаңа мемлекеттік институттар мен органдар – жаңа министрліктер, мемлекеттік мүлік және монополияға қарсы комитет, Қарулы Күштер, дипломатиялық және кеден қызметтері, Ұлттық банк және басқа да құрылымдар құрылды.
Экономикадағы басты міндет гиперинфляцияны тежеу, сондай-ақ тәуелсіз қаржы жүйесін құру болатын. Осы ретте 1993 жылғы қарашада ұлттық валюта – теңгені айналымға енгізу нақты дербестікке жасалған маңызды қадам еді.
Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны саналатын Қарулы Күштеріміз құрылып, елдігіміздің іргесі беки түсті.
Ұлттық рух, мүдде, мұрат жолындағы басымдықтар да назардан тыс қалмады. Соның негізінде ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі беріліп, ұлттық рәміздеріміз бекітілді.
Ел дамуының жаңа кезеңіне көтерілу үшін биліктің барлық тармағының өкілеттіктерін нақтылаудың қаншалықты маңызды екені белгілі. Осы міндетті іске асыру үшін жаңа Конституция қабылданды. Бұл, өз кезегінде, қос палаталы Парламенттің құрылуына құқықтық негіз қалыптастырып берді. Соның нәтижесінде 1995 жылғы 5 желтоқсанда Сенат, ал 9 желтоқсанда Мәжіліс сайлауы өтті.
Осылайша, тарихымызда алғаш рет қос Палаталы кәсіби Парламент құрылды. Депутаттардың алдында ұлттық экономика мен саяси жүйені үдемелі нарықтық және демократиялық өзгерістерге бейімдеуге арналған құқықтық база қалыптастыру міндеті тұрды. Содан бері өткен ширек ғасырда Парламент өзіне жүктелген абыройлы миссияны жоғары деңгейде атқарып, елдің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді. Парламентіміз 25 жылдың ішінде 3 мыңға жуық заң қабылдағанын да айта кеткен жөн.
Мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы мен күшті президенттік билік түбегейлі және дәйекті экономикалық реформаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Азаматтардың экономикалық дербестігіне жағдай жасайтын және бәсекелестік бастамаларға негізделген нарықтық экономиканы қалыптастыру қолға алынды. Дәл сол жылдары отандық кәсіпкерлер пайда болып, өз істерін дөңгелетіп, жұмыс істей бастады.
Тәуелсіздік алған тұста еліміздің ертеңіне күмәнмен қарағандардың кейбірі Қазақстанда жүзден астам этникалық топтың тұратынын алға тартқаны белгілі. Сондықтан елімізде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтауға қатысты жұмыстың маңызы зор болды. Осы бағытта Елбасымыздың бастамасымен 1995 жылы этносаралық қатынастарды үйлестіретін және жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Әлемде баламасы жоқ бұл институт осы аралықта елдің бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты тетіктердің біріне айналып үлгерді.
Елбасы ішкі және сыртқы саясатты қатар дамыта білді. Қазақстан географиялық тұрғыда тұйықталып қалғандай көрінгенімен, сыртқы саясатта ашықтық, көпвекторлық, интеграция, тараптардың теңдігі қағидаларын ұстанды. Тәуелсіздік ала салысымен Қазақстан әлемдік деңгейдегі батыл қадамымен жаһанды өзіне қаратты. Елбасы қырық жыл бойы дүние жүзінің үрейін ұшырған, жергілікті халыққа апат алып келген Семей полигонын жапты. Сондай-ақ қуаты жөнінен әлемде төртінші орын алатын ядролық қарудан бас тартып, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аса маңызды қадам жасады. Мұндай тарихи шешім халықаралық қауымдастықтың қызу қолдауына ие болды.
Шын мәнінде, бұл Қазақстанның алдағы бағыт-бағдарын анық көрсеткен аса маңызды шешім еді. Соның арқасында еліміз әлемнің жетекші державаларынан қауіпсіздік кепілдігін алды. Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықтың толыққанды және жауапты мүшесі, сенімді серіктес ретінде танылды.
Сонымен бірге Қазақ елі посткеңестік мемлекеттердің арасында бірінші болып шекарасын делимитациялауды аяқтады. Көршілес және әлемнің жетекші елдерімен өзара тиімді ынтымақтастық орнатты. Бүгінде кейбір мемлекеттердегі жағдайға қарап, бұл жұмыстардың қаншалықты маңызды болғанына анық көз жеткізіп отырмыз.
Тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамастан, Елбасы ұзақмерзімді міндеттерді де іске асырды. Олардың айтулысы білім саласына тиесілі болды. Экономикалық тоқырау тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен халықаралық «Болашақ» бағдарламасы қолға алынды. Ол еліміздің адами капиталын дамытудағы пәрменді әрі өміршең бастамаға айналды. Қазірге дейін 11 мыңнан астам жас шетелдің озық университеттерінде білім алып, ел игілігі жолында қызмет етіп жүр. Сондықтан бүгінде еліміз бұл бағдарламаның жемісін көріп отыр деуге толық негіз бар.
Тәуелсіздікті алу бар және оның тұғырын нықтау міндеті тағы бар. Екіншісі бір емес, мыңдаған міндеттен тұратын күрделі жол. Елбасы іске асырған кешенді реформалар сан салалы болғанымен, олардың бәрі ортақ мүдде жолында тоқайласып тұрды. Ол мүдде егемендіктің еңсесін тіктеуге бағытталды. Елбасы әрбір қадамын осы мүдде тұрғысынан саралап, салмақтап жасағаны анық.
Стратегиялық серпіліс
Егемендіктің алғашқы кезеңінде кез келген салада күрделі мәселелер туындап, олардың барлығы шұғыл шешімдерді талап етті. Мемлекеттілікті қалыптастыру, оның әрбір институтының қызметін жолға қою, экономиканы нарыққа бейімдеу, жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асыру сияқты міндеттер біртіндеп еңсеріле бастады. Елбасы жүргізген сәтті реформалардың арқасында ендігі кезекте стратегиялық жоспарларды жасақтап, түбегейлі іске асыруға жол ашылды. Осылайша Тұңғыш Президентіміз 1997 жылы халыққа «Қазақстан-2030» Стратегиясын жария етті. Сол арқылы Қазақстан бұрынғы КСРО елдерінен бірінші болып мемлекеттік басқарудың тиімді құралы ретінде стратегиялық жоспарлау жолын таңдады.
Мемлекет қабылдаған шаралар әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға және одан әрі дамуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде 1990 жылдардағы дағдарыс еңсерілді. Ал 2000 жылдардың басында Қазақстанның ұлттық экономикасы тұрақты даму жолына түсті.
Елбасының ерік-жігері мен абырой-беделінің арқасында Қазақстан шетелдік инвестицияларды тартуда зор табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіздік алғалы елімізге келген инвестицияның көлемі шамамен 350 млрд долларға жетуі – соған айқын дәлел. Көп ұзамай, яғни 2007 жылы Қазақстан әлемдегі инвестициялық тұрғыдан тартымды 25 елдің қатарына қосылды. Бұл азаттық алғанына 20 жыл да толмаған жас мемлекет үшін ауыз толтырып айтарлықтай жетістік екені даусыз.
Негізгі салалардағы инвестициялық ірі жобалар экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың басты драйверіне айналды. Жаһандық нарыққа шығу, энергия көздеріне, қазба байлықтарына, астыққа қолайлы баға қарқынды өсімге ықпал етті. Соның арқасында Ұлттық қор құрылып, қазынамыз көбейе түсті. Қаржы секторы да жүйелі түрде дамыды.
Қазақстан мұнай қымбат бағаланған кезеңді тиімді пайдаланып, шикізаттық емес өңдеу өндірісін дамытуға, инфрақұрылым салуға көңіл бөлді. Соның аясында 2003 жылы еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қабылданды. Энергетика және көлік жүйесі белсенді дамыды, автомобиль және темір жол бағыттары салынды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің құрылысы елдік мүдде тұрғысынан аса маңызды жобалардың бірі болды. Бұл Ұлы Жібек жолының жаңа заманға лайық жаңғырған нұсқасы екені сөзсіз. Алып құрлықтың күретамырына баланған транзиттік дәліздің 2787 шақырымы қазақ жерінен өтеді.
Мемлекет дамуына ерекше ықпал еткен шешімдердің бірі де бірегейі елорданы Алматыдан Астанаға көшіру екені сөзсіз. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен тәуелсіз мемлекет құру саясатының жүйелі түрде жалғасқанын көрсеткен маңызды тарихи оқиға болды.
Елорданы көшіру өңірлердің серпінді дамуына жол ашты. Астананы салу тұтас елдің экономикасына мультипликативті әсерін тигізді. Құрылыс және құрылыс материалдарының өндірісі қалыптасты. Айналдырған 20 жылдың ішінде елорданың өңірлік жалпы өнім көлемі ондаған есеге өсті. Тұрғын үй құрылысы жедел дамыды. Осындай кең көлемдегі дамудың арқасында бас қаламыз 2015 жылдан бастап, республикалық бюджеттен дотация алуды тоқтатып, донор өңірге айналды.
Бас қала еліміздің жаңа қоғамдық-саяси ғана емес, экономикалық, іскерлік, ғылыми және мәдени орталығы ретінде де қалыптасып үлгерді. Елордамыз жас тәуелсіз мемлекеттің символына баланып, елдігіміздің басты нышандарының бірі саналды. Астана – Елбасымыздың төл туындысы, ерлігі мен еңбегінің жемісі. Сондықтан осыдан екі жыл бұрын Тұңғыш Президентіміздің құрметіне шаһарға Нұр-Сұлтан атауы берілді.
Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында Қазақстан әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі саналды. Тіпті 2000-2007 жылдар аралығында жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны жыл сайын 9-10 пайызды құрап отырды. Соның нәтижесінде еліміз барлық салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Әлемді шарпыған 2007-2009 жылдардағы дағдарысты біз Ұлттық қордың арқасында салыстырмалы түрде тез еңсердік десек, артық бола қоймас. Соның аясында елімізде шағын және орта бизнесті және аграрлық кешенді қолдау, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына тың серпін беру жұмыстары қолға алынды.
Осындай тұрақты дамуымыз саяси және әлеуметтік реформаларды кезең-кезеңімен іске асыру арқылы лайықты жалғасып отырды. Олардың қатарында 2007 жылғы конституциялық реформаның маңызы айрықша болғаны сөзсіз. Соның аясында саяси партиялардың рөлі артып, еліміздегі сайлау жүйесі жандана түсті.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік қоғамдастыққа ұсынған идеялары диалогқа, прагматизмге және экономиканың ашықтығына негізделген халықаралық қауіпсіздіктің жаңа парадигмасына баланды. Елбасымыздың мұндай бастамалары Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық саласындағы алаңдарда – Шанхай ынтымақтастық ұйымында, Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесте және Еуразиялық экономикалық одақта нәтижелі іске асырылды. Бұл бастамалар, өз кезегінде, әлемдік және еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестердің жеделдеуіне және дамуына өзіндік ықпалын тигізді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы 29 тамызды, яғни Семей ядролық полигоны жабылған күнді Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн ретінде бекітті. Осылайша Елбасының ядролық қарусыз әлем құру бағытындағы ұзақ жылдық еңбегі халықаралық қауымдастық тарапынан айрықша қолдау тапты.
Осы ретте Елбасымыздың бастамасымен тұрақты алаңға айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі дінаралық және конфессияаралық диалогты жаңа деңгейге көтергенін атап өткен жөн. Бұл Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті қамтамасыз етуге қосқан маңызды үлесі екенін әлемдік қауымдастық мойындап отыр.
Осындай басымдықтарды ескере отырып, екінші онжылдықты тәуелсіздікті нығайтудың жаңа кезеңі деп бағалауға болады. Бұл жолда ішкі және сыртқы саясат теңгерімді дамып отырды. Еліміздегі іргелі экономикалық, әлеуметтік және рухани өзгерістер елдің еңсесін тіктеді. Халықаралық деңгейде Қазақстан жаһандық және өңірлік бастамалары арқылы өзінің орнын айқындай түсті. Жас та тиімді дипломатияның арқасында елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды. Елбасының жан-жақты саясаты жас мемлекеттің тәуелсіздігін біржола бекемдеді.
Жасампаздықтың жемісі
Еліміз «Қазақстан-2030» Стратегиясында белгіленген мақсаттарды мерзімінен бұрын орындады. Сондықтан Елбасымыз 2012 жылғы Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялап, қалыптасқан мемлекеттің жаңа бағыт-бағдарын ұсынды. Бұл құжатта әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылу көзделген.
Соған сәйкес 2010-2014 және 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бесжылдықтар ел экономикасын өрге сүйреді. Осы бесжылдықтарды іске асыру арқылы Қазақстан экономикада құрылымдық өзгерістер жасап, өңдеу секторын дамытуға және оның экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік алды.
Алайда 2014-2015 жылдары геосаяси жағдай шиеленісіп, энергия ресурстарының бағасы құлдырап кеткені есімізде. Мұның бәрі халықаралық жағдайдың ушығуына, санкциялық, ақпараттық және сауда соғыстарына әкеп соқтырды. Осындай тұрақсыз сыртқы факторлар қазақстандық экономикаға теріс әсерін тигізді. Елбасымыз әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлерге жауап ретінде Бес институттық реформа және жаһандық тұрақсыздық кезеңінде мемлекетті нығайтуға арналған «Жүз нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды. Бұл реформалар кәсіби және қоғамға есеп беретін мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, заңның үстемдігін және сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, индустрияландыруға және экономикалық өсу үшін жағдай жасауға, ұлттың бірегейлігі мен бірлігін нығайтуға арналды.
Қоғамдық қатынастардың дамуына сәйкес саяси жүйені жетілдіру ісі де жалғасын тапты. Бұл ретте 2017 жылғы конституциялық реформаның жөні бөлек. Бұл реформа Президент, Үкімет және Парламент арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге және Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға арналған еді.
Негізгі заңға енгізілген түзетулер Парламенттің билік жүйесіндегі мәртебесін арттырып, оның бақылау функциясы мен сайлауда жеңіске жеткен партияның Үкімет құрудағы рөлін күшейтті. Сондай-ақ Үкіметтің дербестігі артып, оған экономиканы басқару бойынша өкілеттіктер берілді.
Экономикалық және саяси реформалармен қатар, қоғамдық сананы жаңғырту ісі де назардан тыс қалмады. Елбасы 2017 жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамалық мақаласында осы мәселеге кеңінен тоқталып, ұлттық мүдде тұрғысынан көптеген басымдықтарды атап көрсетті. Тұңғыш Президентіміздің бұл бағдарламалық мақаласы халыққа, әсіресе, жастарға арналған үндеу ретінде қабылданды.
Сол тұста елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық жаңғыруларды рухани-мәдени бағыттағы іргелі бастамалармен бекіту маңызды болатын. Осы тұрғыдан алғанда «Рухани жаңғыру» алдыңғы «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының заңды жалғасы ретінде салмақты жүк арқалады. Бүгінде бұл бағдарлама ұлттық кодымызды сақтап, санамызды серпілтуге үлкен ықпалын тигізіп келеді.
Бағдарлама аясында әлемдік озық ойды жинақтаған жүз кітап қазақ тіліне аударылды. Бұл біздің ұлттық әлеуетімізді күшейтуге бағытталған рухани бастамалардың бірі болды.
Еліміз индустриялық-инновациялық дамуға негізделген жаңа экономикалық саясат ұстанғанда, жаңа өндірістер мен технологиялар жағдайында кадрлық әлеуетті арттыру қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Бұл жағдайда дәстүрлі білім беру жүйесін жаңа сапаға көтеру талабы алға шықты. Міне, осы кезеңде Елбасы білім саласында кезекті мәрте іргелі бастамаларды қолға алды. Соның негізінде елімізде «Назарбаев университеті» және «Назарбаев зияткерлік мектептері» секілді бірегей оқу ордалары пайда болды.
Кез келген саясаттың қозғаушы күші – адамдар және олардың әлеуеті. Ал ол әлеуетті қалыптастырып, ұштаудағы білімнің рөлі орасан зор. Сондықтан, жаңа заманға лайық білім беретін автономды білім ошақтары тұтас білім жүйесіне жаңа леп әкеліп, оның бәсекелік қабілетін арттыра түсті.
Қазақстан 2010 жылдары Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша табысы орташадан жоғары елдер санатында өз позициясын бекіте түсті. Ал
2012 жылы ІЖӨ көлемі бойынша 50 ірі экономиканың қатарына енді. Тіпті Дүниежүзілік экономикалық форумның 2015-2016 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде біздің еліміз 150-ге жуық мемлекеттің арасында 42-орынға табан тіреді. Жалпы тәуелсіздік жылдары Қазақстанда ІЖӨ 14,9 есе өсті. Мұның бәрі Елбасы бастамалары мен реформаларының нақты нәтижесі екені сөзсіз.
Осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық ауқымдағы бастамашыл ұстанымынан танған жоқ, керісінше оны бекіте түсті. Оған еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі айқын дәлел. Бұл Қазақстанның әлемдік аренадағы мәртебесін көтеріп, мерейін өсірген тарихымыздағы маңызды миссия болды. Төрағалықтың қорытындысы ретінде өткізілген Астана саммиті мен сол жиында қабылданған Астана декларациясы жаһандық деңгейдегі маңызға ие болды.
Сонымен қатар еліміз халықаралық қауіпсіздік, бейбітшілік мәселелері талқыланатын орталықтардың біріне айналды. Қазақстанда Иран мен Сирия мәселесі бойынша бірнеше келісімге қол жеткізілді. Елбасының тікелей араласуымен Ресей мен Түркия арасындағы кикілжің бейбіт шешімін тапты.
Еліміз БҰҰ-ның бітімгерлік бастамаларына да белсене қатысып келеді. Бүгінде Қазақстан – БҰҰ бітімгерлік әскеріне Орталық Азиядан әскер жіберуші жалғыз мемлекет. Сонымен қатар еліміз Орталық Азиядан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Қазақстанның атын дүниежүзіне әйгілеген әлемдік іс-шаралардың бірі – 2017 жылы ұйымдастырылған Халықаралық ЭКСПО көрмесі екені анық. Көрмеде еліміз әлемнің күн тәртібіндегі маңызды мәселе – болашақтың энергиясына назар аударды. Міне, мұның барлығы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің зор екенін айқындай түсетін көрсеткіштер.
Елбасының ерен еңбегінің нәтижесінде қол жеткізілген маңызды халықаралық келісімдердің бірі – Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция болды деп айта аламыз. Бүгінде Каспий теңізінде бұрынғыдай екі мемлекеттің емес, бес бірдей мемлекеттің экономикалық және қауіпсіздік мүддесі тоғысқан. Сондықтан теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау ісі ұзаққа созылған күрделі процеске айналды. Осы бағытта бірнеше екіжақты және көпжақты кездесулер де өткізілді. Осы жұмыстардың нүктесін 2018 жылы Елбасының өзі қойды. Соның негізінде Қазақстан Каспий теңізіне қатысты тараптардың аса маңызды саналатын құқықтары мен міндеттерінің шегеленуіне елеулі үлес қосты.
Нұрсұлтан Әбішұлының дана шешімдерінің тағы бірі – сол 2018 жылы қасиетті Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру еді. Осылайша тұтас түркі дүниесі үшін қастерлі мекен саналатын шаһардың екінші тынысы ашылды. Түркістанның қайта түлеуі өңірге ғана емес, бүкіл еліміздің бойына қан жүгіртіп, өсіп-өркендеуімізге ерекше екпін берді.
Көктемде өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының бейресми саммитінде Түркістан «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды. Осылайша, Түркістан тұтас түркі жұртының ортақ мерейіне айналды.
Осындай озық бастамалардың бәрі Елбасымыздың тәуелсіздігімізді мәңгілік етуге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асырудың жарқын көріністері екені сөзсіз. Бұл идея барлық елдік шешімдердің берік негізіне айналды. Соның арқасында Қазақ елі жаһанның жаңа тарихындағы өзінің лайықты орнын алды.
Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда халық пен мемлекеттің мүдделерін басшылыққа ала отырып, президенттік өкілеттігін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл елдік жолындағы өзінің ерекше рөлін және мемлекеттің болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін Ұлт Көшбасшысының терең ойластырылған қадамы еді.
Президенттік өкілеттікті беру процесі ел Конституциясына сәйкес жүзеге асырылды. Бұл кемелденген қазақстандық мемлекеттіліктің жарқын көрінісі ретінде бағаланды.
Елбасы ел тізгінін ұстауға тәжірибелі мемлекет қайраткері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Бұл ұсыныс жалпыхалықтық қолдауға ие болып, 2019 жылғы 9 маусымда қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс берді.
Міне, содан бері екі жылдан аса уақыт өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді жаңғырту бағытын Елбасы саясатының сабақтастығын сақтауға және Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді еселеуге негіздеп келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар кешені қолға алынып, лайықты деңгейде жүзеге асып келе жатқанын да атап өткен жөн.
Ұлттық және елдік мұрат жолындағы мұндай маңызды істер Тұңғыш Президентіміз негізін қалап берген қазақстандық дамудың лайықты жалғасы екені анық. Осылайша, Елбасы бастаған елді жаңғырту бастамасы жаңа кезеңде жаңа сапаға көтеріліп отыр. Сабақтастықты сақтай отырып, әділетті қоғам құруға деген ұмтылыс елімізді өрлеуге бастайтыны сөзсіз.
* * *
Отыз жыл тарихи өлшеммен мыңнан бір мезет қана екені белгілі. Дегенмен, осы қысқа ғана уақыттың ішінде Қазақ елі ғасырларға татитын жетістіктерге қол жеткізді. Бұл – әрине, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған елі мен халқына сіңірген орасан зор еңбегінің жемісі. Біз Тұңғыш Президентіміздің әлем таныған тұлғасын құрмет тұтып, мемлекеттіліктің негізін қалап, оны өркендетудегі ерен еңбегін әрдайым қадірлеуіміз керек. Ол үшін Елбасы саясатының арқасында жеткен жетістіктерді еселеп, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуымыз және жаңа заманда Отанымызды жаңа биіктерге шығаруымыз қажет. Бәріміз жұмыла әрекет етсек, бұл міндетті де мүлтіксіз орындайтынымызға ешқандай күмән жоқ.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Парламент Сенатының Төрағасы