Спорт • 04 Шілде, 2021

«Қазақстан Барысына» – 10 жыл!

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен дәстүрлі «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған апайтөс балуандар арасындағы бәсеке елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.

«Қазақстан Барысына» – 10 жыл!

Дәстүрлі турнир биыл ел Тәуелсіз­дігі­нің 30 жылдығы, Қажымұқан Мұңайт­пасұлының 150 жылдығын мерекелеу және ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бо­йында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатында өткізілді.

Турнирдің ашылу салтанатына қа­тысқан Президент Әкімшілігі басшы­сының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Qazaqstan Barysy турнирінің қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқып берді.

– Қадірлі спорт сүйер қауым, құрметті балуандар! Баршаңызды Qazaqstan Barysy турнирінің басталуымен құттықтаймын. Қастерлі тәуелсіздігіміздің мерейлі жылында, елорда күнінің қарсаңында, күш атасы Қажымұқанның 150 жылдығына орай өткізіліп жатқан бұл сайыстың сим­вол­дық мәні зор. Qazaqstan Barysy турнирі халқымыздың ежелден келе жатқан төл өнері – қазақ күресін егемендік кезеңінде қайта жаңғыртты. Бұл сайыс бабалардың батырлық рухы мен жауынгерлік шеберлігі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын аңғартады. Соңғы жылдары кең қанат жайып, жан-жақты дәріптеле бастаған қазақ күресі қарқынды дамуда. Оған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүдесі үшін өтетін Qazaqstan Barysy республикалық турнир зор үлесін қосып келеді», делінген Президенттің құттықтау сөзінде.

Мемлекет басшысының құттық­тау­ында қазақ күресін жан-жақты наси­хат­таудың арқасында төл өнеріміз ЮНЕСКО ұйымының материалдық емес мәдени мұралардың тізіміне енгенін атады.

– Дәстүрге айналған дүбірлі дода төл өнерімізді әлемге танытты. ЮНЕСКО ұйымы қазақ күресін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне қосуы – осының айқын көрінісі. Балуандардың өнері жастардың спортқа қызығушылығын оятып, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге жол ашады. Бүгінгі байрақты бәсекеде балуандарымызға сәттілік тілеймін. Ұлттық құндылықтарымыз айшықтала берсін», деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Биыл 10 мәрте өткізілген балуандар бәсекесіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардағы іріктеу жарыстарынан сүрінбей өткен 37 балуан бақ сынады. Оның ішінде 11 балуан байрақты додаға алғаш рет қатыс-
ты.

«Қазақстан Барысы» турнирінің биылғы жүлде қоры да өзгеріссіз қалды. Жеңімпаз атанған балуанға әдеттегідей
25 000 000 теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқ» табысталды. Екінші орын алған спортшыға 5 500 000 теңге және үшінші орынды қанағат тұтқан балуанға 1 800 000 теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталды.

Турнир Nur Otan партиясы, Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, Qazaqstan Barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қоры мен Qazaq kuresi Ассоциациясы ұйымдастырды.