Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көшбасшылық қасиеті мен қай нәрсені де әріден ойлайтын даралығының арқасында тәуелсіздік алған тағдырлы сәтте маңызды шешімдер қабылдап, маңызды мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болды. Ішкі және сыртқы саясатта татулықты ту еткен, экономикалық өсімді қамтамасыз еткен бастамалары, азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайдың жасалуы, Қазақстанның биік жетістіктерге жетуінің кепіліне айналды. Сондай игі істердің бірден-бір символы – жас астанамыз Нұр-Сұлтан. Еліміздің бас қаласы Елбасының шығармашылық жоспарларының ғана емес, сонымен қатар халықтың мәдени құндылықтары мен тілектерінің көрінісіне айналды. Сондықтан да астананың туған күні – барша қазақстандықтарды біріктіретін күн. Мұнда шетелдік саясаткерлердің қатысуымен әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өткізіліп, халықаралық әріптестікті нығайту бойынша маңызды мәселелер талқыға салынады. Нұр-Сұлтан – мыңдаған қазақстандықтардың жаңа үйіне айналды. Олар бұл жерде өздерінің аяулы армандары мен кәсіби жоспарларын жүзеге асыруда. Шаһарда ерекше ғимараттар көп-ақ, елдің бірнеше онжылдықтар шеңберінде дамуына мүмкіндік сыйлайтын ірі нысандар да жұмыс істеп тұр. Сондай ұйымдардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев қоры. Жиырма жылға созылған уақыт ішінде қор жүздеген жобаны жүзеге асырды. Осы жылдар ішінде қор өзінің негізгі миссиясын – жас қазақстандықтардың қабілеттерін қолдауға, ашуға бағытталған Елбасы идеяларын ойдағыдай жүзеге асырып келеді.
Жастар әлеуетін жүзеге асыру – басты басымдық
Жиырма жыл ішінде қор мыңдаған жасқа «өмірге жолдама» берді, олардың дамуы мен ілгері басуы үшін көмектесті, тың мүмкіндіктер ашты. Жыл сайын Қазақстанның 80-нен астам үздік студенті қордың атаулы стипендиясына ие болады. 100-ден астам ақындар мен жазушылар жыл сайын республикалық «Алтын тобылғы» әдеби бәйгесіне қатысып, бақ сынайды. Шығармашылық жобаларды қолдауға бағытталған гранттар конкурсы қаншама жас үшін арман, мақсаттарын жүзеге асыру жолындағы тамаша мүмкіндік екені белгілі.
Жас IT-мамандарды қолдауға, жаңа цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған қор жобалары өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Smart Zholy өз жобаларын халықаралық деңгейде таныстыра алса, Intellection, Webtotem, Nommi стартаптары Азияның үздік 10 жобасының қатарына кіріп, Азияның әйгілі венчурлық қорынан қаржылық қолдау тапты.
Қордың маңызды жобаларының бірі – әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі. Қазірде бұл жоба үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарқынды қарым-қатынас құруына арналған ауқымды алаңға айналды. Жәрмеңке әлеуметтік жобаларды іске асырудың озық тәжірибелерін анықтауға мүмкіндік берді, олардың көпшілігі бүгінде қоғамға пайдасын тигізуде. 2008 жылдан бері жәрмеңкеге 15 мыңнан астам түрлі ұйымдар қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев қоры 300-ден астам жобаға грант көмегін ұсынды.
Сонымен қатар онлайн білім берудің өзектілігін ескере отырып Елбасы қоры «Аман келешек» бағдарламасына түзетулер енгізді. Оның аясында «Мен – жаңа әлемнің жасампазымын» атты жоба қолға алынды. Бұл – балалар үйі және түзету мекемелері мен мамандандырылған мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілеріне арналған инклюзивті білім жобасы. Жоба аясында онлайн режімдегі шеберлік сыныптары өткізіледі. Шеберлік сыныптары кезінде балалар шығармашылық ойлау дағдысын меңгеріп, кез келген тапсырманы креативті тұрғыдан шешуге маманданады, қоғамдағы мінез-құлықтың этикалық нормаларын меңгереді. Мұның бәрі әлеуметтенуге көмектесетін «икемді дағдыларды» дамытады.
Елбасы бастамасы – келешекке көзқарас
Елбасының табысты болуға, бәсекеге қабілетті болуға үндейтін мектеп жасындағы балаларға арналған жаңа бастамалары да баршылық. Олардың қатарына ерекше қажеттілігі бар балаларды сауықтыруға бағытталған «Қамқорлық» бастамасын айта аламыз. Балаларды білікті көмекпен кеңірек қамтуды қамтамасыз ету қажеттілігі – бұл жобаның басты міндеті. Қазақстандағы сауықтыру орталықтары балалардың 25 пайызын ғана қамти алып отырғанын ескерер болсақ, мұндай бастаманың қолға алынуы өте маңызды әрі қажетті. Жобаның нәтижесінде мүгедек балалардың 40 пайызы тиісті сауықтыру көмегімен қамтылады. Қазіргі кезде қор аймақтарда 8 «Қамқорлық» орталығын ашты. Жыл соңына дейін тағы 10 орталық ашылады. Олардың әрқайсы жылына 600 балаға дейін қабылдай алады.
Жобаның маңызды бөлігі – инклюзияны қолдау кабинеттерінің ашылуы. Ондай кабинеттер үй жағдайында оқитын балалардың мектепке барып, өз құрбыларымен бірге білім алуына мүмкіндік береді. Елбасының екінші бастамасы – El Úmiti. Оның мақсаты – жақын болашақта ел өмірінің әртүрлі саласында кәсіби элита құрамына кіретін талантты жас қазақстандықтарды іздеп табу және қолдау көрсету. Бастама аясында қор ел үкіметімен бірлесе отырып бірнеше білім беру жобаларын жүзеге асырады. Соның бірі – Myń bala олимпиадасы. Бұл ұлттық масштабтағы бірегей жоба. Олимпиада ауылдық жерлерде тұратын қабілетті балаларды қолдауға бағытталған. Жобаға 5 және 6 сынып оқушылары қатыса алады. Екі жыл ішінде олимпиада ауыл мектептерінде оқитын 400 мыңнан астам балаға шарапатын тигізді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 1000 жеңімпаз анықталып, олардың 300-ден астамы оқуларын мамандандырылған мектептерде жалғастырды. 2000 финалист Елбасы Академиясының Birge Oqý онлайн-мектебінде білім алуда.
Биыл олимпиада алғаш рет онлайн-форматта өткізілді. Нәтижесінде, көзінде ұшқын бар тағы 1000 ауыл баласы дарынды балаларға арналған жетекші білім ордаларында оқу мүмкіндігіне ие болды.
«Елбасы медалі» – El Úmiti бастамасының тағы бір жобасы, ол жастардың кешенді дамуына бағытталған ұлттық деңгейдегі бірегей бағдарлама. Жастар оған қатыса отырып өз уақытын басқаруды, алдына елеулі мақсат қоюды, саламатты өмір салтын ұстанып, өзін ұдайы дамытып отыруды меңгеріп шығады. 2020 жылы «Елбасы медалі» бағдарламасы 11 мыңнан астам қатысушы, 600 тәлімгер, 17 өңірлік үйлестіруші және сарапшыларды қамтыды. Елбасы медалін иеленгендер білім гранттарын тағайындау кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен басымдыққа ие болады. Жоба биыл да жалғасады және 11 мың белсенді жасты қамтиды.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры үшін маңызды жұмыс бағыты әрқашан жаһандық бейбітшілік пен келісім құндылықтарын нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастық болды. Осыған байланысты бұл қызметтің идеологиялық басты бағыты заманауи жағдайдағы планетаны дамыту көрінісі туралы Елбасы философиясы болып саналады.
Қор көп жыл бойы шетелдік серіктестермен әріптестікті нығайтып келе жатыр. Гейдар Әлиев қорымен (Әзербайжан), Гои бейбітшілік қорымен (Жапония), Конрад Аденауэр (Германия) қормен және өзге де көптеген қор мен достық қарым-қатынас қалыптасты. Халықаралық саясаттағы жаһандық қауіпсіздік, жергілікті дағдарыс, экономика, жаңа мәселелер сияқты көкейкесті тақырыптарды талқылау бойынша белгілі экономист, саясаткер, сарапшылардың басын қосатын ауқымды диалог алаңдары ұйымдастырылуда. Astana club беделді халықаралық пікірсайыс клубының қызметі, көптеген конференцияның жұмысы осыған бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар жобалар Нұрсұлтан Назарбаев қоры қызметінің жан-жақтылығын, Елбасы бастамаларының кеңдігі мен ауқымын көрсетеді.
Қор жастардың талантты өкілдерін әйгілеп қана қоймайды, олардың әлеуетін ашуға, Қазақстанның бәсекеге қабілетті азаматы болып қалыптасуына көмектеседі. Нұр-Сұлтан қаласының туған күні қарсаңында елордамыздың гүлденіп, өркендеп, өсе түсуін тілеймін. Еліміздің бас шаһары әр кез қазақстандықтардың алға басуының және ел дамуының басты орталығына айнала берсін!
Қанат ЖҰМАБАЕВ,
Нұрсұлтан Назарбаев қорының
атқарушы директоры