Тәуелсіздік • 05 Шілде, 2021

Назарбаев буыны 2.0 – Елбасының ұлы идеясынан шабыттанғандар

599 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Назарбаев Университетінде (НУ) елорда күнін атап өту аясында онлайн режімде ЖОО түлектерінің, студенттердің, зерттеушілер мен ға­лым­дардың форумы өтті. Форумның ашы­луында университет президенті Шигео Катсу соңғы 10 жыл ішіндегі дамудың негізгі кезеңдері жайлы әң­гімеледі және НУ-дың 2030 жылға дейін бекітілген стратегиясына сәйкес негізгі векторлар мен міндеттерді айқындады.

Назарбаев буыны 2.0 – Елбасының ұлы идеясынан шабыттанғандар

Форумда Елбасының университетті Еуразияның жүрегіндегі жаңа әлемдік деңгейдегі білім орталығы ретінде қалып­тастыру туралы ұлы идеясын іске асырып жатқан, қоғамның жаңа буынын ұсынатын Назарбаев Университетінің түлектері сөз сөйледі. Осы ретте Катсу мырзамен елі­міз­дегі ең маңызды академиялық жобаның дамуын сипаттайтын сұхбат ұсынылып отыр.

15 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев Астана қаласында әлемдік деңгейдегі жаңа университет құру жайлы идея ұсынды, қазіргі таңда бұл университет Орталық Азия және Шығыс Еуропа аймағындағы көшбасшы ЖОО қатарына кірді. Бұл сұх­батта Назарбаев Университетінің бү­гінгі таңда қандай екенін, тәуелсіз Қазақ­стан­ның қалыптасуындағы атқаратын рө­лін, Елбасының ең басты құндылық – ел­дің адами капиталын қалыптастырудағы бас­та­малары баяндалады. Осы идеяның та­бысты жүзеге асырылуы Назарбаев Уни­вер­ситетінің президенті Шигео Катсу­дың бас­шылығымен академиктер мен менед­жер­лердің халықаралық тобының күн са­йын­ғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде атқарылуда.

– Құрметті Катсу мырза, бүгінгі таңда Назарбаев Университеті халықаралық дең­гейде кеңінен танымал. Дегенмен де уни­верситеттің қазіргі мәртебесі мен же­тіс­тіктерін әңгімелеуден бұрын, бәрінің қалай басталғанын еске алсақ деймін. Осындай жобаны іске қосу қажеттілігі неліктен туындады?

– Білесіз бе, шын мәнінде тәуелсіз және өр­кендеуші мемлекетті құру өз елі­не ла­йықты азаматтар және экономика мен қо­ғамды дамыту үшін халықаралық дең­гейдегі бәсекеге қабілетті адамдарға бай­­­ланысты. Қазақстанның орталығында әлем­дік санаттағы жоғары оқу мекемесін құру жө­нінде тарихи маңызды бастама жа­сап, өзінің ой-танымының тереңдігін, көре­гендігін танытқан. Елбасы – қадам­дарын ондаған жылға алға ойластыратын адам.

Егер қазақ халқының тарихына, оның ішінде ислам мен көшпенділік кезеңдері­не тереңірек үңілетін болсаңыз, білім беру­дің негізгі жүйесі кеңестік кезеңде қа­лып­тасқанын, кейіннен бұл білімнің эко­номика, ғылым және қоғамда өзінің ізін қалдырғанын көресіз. Ол уақытта қа­зақстандық экономика Кеңес Одағының бір бөлігі болды. Сол себепті толықтырушы және тиісінше тәуелді құрылым ретінде қалыптастырылды. Білімнің жағдайы да дәл солай еді. Кеңестік кезеңнен шыққан соң, нағыз егемендіктің негіздерін өзгертпесе дамуы тығырыққа тіре­ліп, құлдырайтыны сөзсіз еді. Ал әлем аса жоғарғы қарқынмен түрленуін жалғас­тырып жатқан еді.

Заманауи, қарқынды дамып жатқан экономиканы қалыптастыру үшін Қазақстанды әлемдік экономикаға қосу қажет еді, өз кезегінде бұл танымды өзгертуді, өз жолы мен артықшылықтарын іздеуді, бәсекеге қабі­леттілігі жоғары әлемде өз биігімізді табу­ды қажет етті. Білімді адамдарыңыз бол­маса, бұны істеу мүмкін емес, ал білім­ді адам­дарды дайындау үшін жоғары дең­гейде да­мыған білім беру жүйесі қажет. Сәй­­ке­сінше, Қазақстанның білім беру сала­сына серпіліс алып келетін локомотив керек болды.

10 жыл бұрын мен Дүниежүзілік банк­тің вице-президенті болған едім. Бұл мекемедегі 30 жылдық жұмысымның барысында қаржы секторы мен басқа секторларды реформалау бойынша жобаларды, Азия, Африка және Еуропа елдеріндегі ең ірі инфрақұрылым­дық және білім беру жобаларын, оның ішін­де Қытайдағы банктік жүйе реформасын басқардым. Сондықтан, менің Елбасы Н.Назарбаевпен алғашқы кездесулерім әлде­қайда ертеректе және Дүниежүзілік банк­тің Орталық Азиядағы жобаларына, жеке­лей алғанда жаңа Ұлы Жібек жолының – Қытайдан Еуропаға жолдың құрылысына қатысты болған еді.

Астана қаласында ортақ кездесу­лері­мізде, Еуропа елдерінің Тони Блэр және басқа да басшыларының қатысуы барысында да кездестік. Елбасы жайлы алғаш қалыптасқан пікірім есімде. Мен Елбасын Еуропаның жас басшыларына Таяу Шығыстағы саясат жайлы жол нұсқайтын дана, көреген кісі ретінде қабылдадым. Меніңше, дәл сол кезде Елбасы кең ауқымдағы мәселелер бойынша кездесулерге шақыра отырып, маған назар аударды, кейіннен Астанада жаңа университетті басқару ұсынысы түсті.

Әрине, сол уақыттағы Қазақстандағы жал­пы білім беру жүйесіндегі жағдайды ескерсек, мен үшін бұл оңай шешім болмады. Дегенмен Орталық Азия мен Шығыс Еуропа аумағында үздік практикалар мен стандарттарды енгізу жолымен реформалау идеясының өзі қызықтырған еді.

Бұл ұсынысқа бірнеше ай ойландым. Кейіннен Камбоджада болған кезімде, жел­тоқсан айында мені Астана қаласына кездесуге шақырды. Суық ауа райында елордаға Тайландтан сатып алған жұп-жұқа пальтомен, қолғаппен келгенім әлі есімде. Атқарылатын жұмыстың ауқымы, Елбасы негізін қалаған әлемдік деңгейдегі университеттің міндеті мен қағидаттары мені таңғалдырды.

Қазақстанға көшу шешімі түпкілікті болды, бұл жерде негізгі рөлді Президент Назарбаевтың жеке қолдауы атқарды. Елбасы әрбір күрделі кезеңдерде университеттің дамуын талқылау үшін кездесулер өткізді. Осы жұмыс және оның миссиясы мені Тұңғыш Президенттің жақтасы етіп қана қоймай, оны ізет тұтушылар қатарына да қосты. Себебі мен де мемлекетті өркендетудің негі­зі ретінде Қазақстандағы білім беру жүйе­сін дамыту бойынша көзқарастар мен құн­дылықтарды бөлісетін едім.

Елге сол кезеңдерге тән болған жем­қорлық фактілерімен жиі бетпе-бет келетін институттарда емес, нақты академиялық еңбектеріне, жетістіктеріне сай бағалаған инс­титуттарда білім алған дарынды жас­тардың жаңа буыны керек еді.

Жас қазақстандықтарға өз елінде халық­аралық деңгейдегі білім мен дағдылар алу керек болды. Осылайша Астана дамыған әлемнің академиялық картасында өз орнын табатын еді.

Бұл стратегия Қазақстанның ресурстарды экспорттауға тәуелділігін азайту үшін ондаған жылдар алға бағытталған және ең жоғары құндылық – адамдардың білімі мен ой-өрісіне бағдарланған еді. Елбасының оқыған, дарынды жастардың шетел асып кететін мемлекеттен ең дарынды жастарды тартатын магнит мәртебесіне өту ойына сәйкес, НУ-дың 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленді.

– Осы жоғары мақсаттар мен мис­сияға қол жеткізуде бетпе-бет келген қиын­­дықтар болды ма? Сіз үшін ең қиы­ны не болды?

– Иә, дұрыс айтасыз, жобаны жүзе­ге асыру осыншама қысқа уақыт аралы­ғында мүмкін болмас еді. Сол себепті бюро­кратиялық кедергілерден өту үшін бізге Назарбаев Университетінің мәртебесі жайлы толықтай жаңа заң құрастыруға және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін академиялық еркіндік алу қажет болды.

Әрбір жаңа сын-тегеурін құрып жат­қан дүниеміздің негіздерін бұзуы мүмкін еді, Елбасының бізге әрдайым қолдау көр­сетуі арманды шындыққа айналдырды. Уни­верситет дамуының әрбір кезеңінде Пре­зидент Назарбаев ынталандырып отырды, оның жеке құндылықтары мен НУ дамуына қатысты ұшқыр ойлары мені шабыттандырды. Жылына екі рет жеке кездесу өткізіп, кездесу барысында айтылған жоспарлардың орындалғанын тексеріп, ненің қажет екендігін сұрап, шешімдер қабылдады. Сондай-ақ артықшылығы бар мәселелерді белгілеп отырды.

Бірде ол НУ-ға өз атын беру оның бастамасы еместігін айтты. Алайда мемлекеттің мүддесі үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуде жаңа ЖОО миссиясын алға жылжыту өз келісімін беруге мәжбүрледі. Бұл миссия расында күрделі еді – жаңа ұрпақтың танымын, көзқарасын кеңестік кезең бекітіп кеткен клишеден тәуелсіз Қазақстанның және жас қазақстандықтар өзінің маңызды және лайықты орнын алуы тиіс қарқынды дамып жатқан әлемнің талаптарына жауап беретін жаңа әдіс-тәсілдерге ауыстыру қажет болды. Бұның барлығы қазақ мәдениетінің бірегейлігін сақтай отырып, Қазақстанға ең үздік академиялық білімді және ноу-хауды енгізудің барысында мүмкін болды.

– Енді ең басты сұраққа келер бол­сақ, 10 жылда қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер, Елбасы белгілеген мис­сияны жүзеге асырудың қазіргі кезе­ңін сипаттап берсеңіз.

– Назарбаев Университеті 2010 жылы Кэмбридж (Cambridge), Дьюк (Duke), Пенн (Penn), Лондон университеттік колледжі, оның ішінде Берклидегі Лоуренс атында­ғы ұлттық зертхана және Питсбург меди­ци­налық орталығы секілді әлемдік дең­гей­­дегі 30 жетекші университетпен ынты­мақ­тастықта құрылған. Біз инженерия және цифрлық ғылымдар, тау-кен ісі және геология, медицина, гуманитарлық ғылымдар, бизнес, мемлекеттік саясат және білім бо­йынша НУ мектептерін ашып, басты ака­демиялық облыстарды қамтыдық.

Батыс стандарты бойынша серти­фи­катталған 58 мемлекеттен келген профес­сорлар мен оқытушылар оқытатын 22 жо­ғары білім бағдарламасы, магистр дәре­жесінің 30 бағдарламасы іске қосылды. Біз 5 мыңға жуық ғылыми жарияланым­дар шығардық, оның үштен бір бөлігі әлем­нің топ 10 жетекші ғылыми журналдарына ке­леді. Бұл ретте материалдарымызға сіл­те­мелер орташа әлемдік деңгейден ша­ма­мен 35%-ға жоғары. Бүгінгі таңда Назар­баев Университетіне Батыс Еуропа мен Ресейдің жетекші университеттері сіл­те­ме жасайды, НУ құрамына Цинхуа Уни­вер­ситеті (Қытай), Сеул Университеті, Сауд коро­лінің Университеті, Сингапур Ұлт­тық уни­верситеті, Токио университеті кіре­тін Азия Университеттерінің альянсын басқарады.

Назарбаев Университеті түлектердің алты буынын шығарып үлгерді, олардың жал­пы саны 6 800 адамнан асады. Алдағы уақытқа белгілеген стратегиямыздың шеңбе­рінде НУ-да алдағы төрт жылда 9-10%-ға және 2030 жылға дейін 12-15%-ға жетуі тиіс халықаралық студенттер санын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Студенттердің жалпы саны 2025 жылға дейін қазіргі 6 мыңнан 8 мыңға дейін және 2030 жылға дейін 10 мыңға ұлғаятын болады.

Бүкіл әлемнен студенттерді жұмылды­ра отырып, көршілеріміз – Қырғызстан­ға, Өзбекстанға, Ресейге және басқаларға ерекше назар аударамыз. Осылайша оларға үз­дік академиялық практикаға қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, келешек кооперация үшін негіздер қалыптастырамыз. Елба­сының сапалы білім арқылы өсіп-өркендеу жайлы ойын достарымыз бен көршілеріміз құптайды, бұл өте маңызды.

Назарбаев Университетінің бүгінгі таң­дағы құрылымы жайлы айтып кеткім келеді. НУ миссиясы – қазақстандық білім беру жүйесін реформалау үшін, сондай-ақ ЖОО базасында зерттеулерді дамыту, ғылым саласына коммерцияландырудың заманауи практикасын енгізу және өнеркәсіптің өзекті қажеттіліктеріне қызмет көрсету пайдасына жоғары білім беру жүйесінің локомотивіне және негізгі үлгісіне айналу. Егер Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткісі келсе, мемлекет өзінің ІЖӨ-нің 2,5%-дан көбін зерттеуге бағыттауы тиіс. Қазақстандағы осы көрсеткіштің ағымдағы мәні ІЖӨ-нің 0,2%-дан төмен. 2025 жылға қарай Қазақстан осы көрсеткішті ІЖӨ 1%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, осы тұста НУ ұйымының экожүйесімен бөлісу және зерттеулерді эко­номикаға жіберу үшін әзірленген және толықтай дайын шешімдері бар.

НУ бизнесті дамытуда, коммерцияландыру және өнертабыстарды патенттеуде зерттеушілерге көмек көрсете отырып, инновациялар мен технология жөніндегі өз тобының негізін қалады. Форумдар жә­не Серіктестік бағдарламаларын өткізу ар­қылы бүкіл қазақстандық ЖОО-мен тәжіри­бемізбен бөлісеміз – НУ жыл сайын 1500-дан астам қатысушылар қатысатын 50-дей іс-шара өткізеді. Осы уақытқа дейін біздің студенттер мен зерттеулер 100-ден астам жобаны іске қосып, халықаралық тараптан шамамен 1 млн доллар алды, 25 жобаны өзіміз қаржыландырып, 83 патент алдық.

НУ инновациялық кластері зерттеу орталықтарын, технопаркті, бизнес-инкубаторды, коммерцияландыру кеңсесін және стартаптар мен зерттеушілерге олардың инно­вацияларын қолдануға мүмкіндік бере отырып, тікелей қаржыландыруды қоса ал­ғанда, сараптамаға көмектесе отырып, эко­жүйені қалыптастыратын басқа бөлім­шелерді қамтиды.

– Әрі қарай не болмақ және НУ үшін қандай да бір тәуе­келдер бар ма?

– Маңызды сәт уақытқа байланысты. Академиялық сала өзінің болмысы бойын­ша мұнай-газ саласының өнеркәсіптік кәсіпорындарынан және басқа өндірістерден қатты ерекшеленеді. Қазақстанда адамдар жылдам нәтижелер парадигмасында ойланып үйренген, алайда білім беру, зерттеулер және ғылым саласы даму үшін көп уақытты қажет етеді. Мысалы, бізбен ынтымақтас Ли Куан Ю университетіне көшбасшы позицияларға жету үшін 60 жыл керек болды, Шанхай университетінің тарихы 100 жылға, ал Еуропалық университеттер тарихы – ғасырларға созылады.

НУ-да 10 жыл ішінде қол жеткізген жетіс­тіктер аз емес, алайда сын-тегеурін­дердің барлығы әлі алда, бұл ең бір күр­делі кезең болмақ. Бүгінгі таңда НУ оқу бағ­дарламаларын және университетті халық­аралық аккредиттеу арқылы НУ жетістікте­рін әлемдік деңгейде мойындату керек. Бұл өте маңызды әрі күрделі міндет, бұл НУ-дың даму стратегиясында белгіленген және осы бағытта жетекші америкалық агенттіктермен жұмыс істей отырып, ресурстарымызды жұмылдырудамыз.

– Бұл неліктен маңызды?

– НУ-дың ғылыми және академиялық жетістіктерін халықаралық аккредиттеу арқылы бекітусіз Назарбаев Университетін бүкіл әлем мойындайтын және құрметтейтін халықаралық деңгейдегі ЖОО-ға айналдыру миссиясы мен арманын іске асыру тәуекелдерді талап етеді. Бағдарламалар­дың жоғары аккредитациясы үздік ғалымдар­ды, профессорларды, зерттеушілер мен сту­денттерді жұмылдыратын болады. Әлемнің 7 млрд халқының шеңберінде 19 млн халқы бар Қазақстан жаһандық және бәсекеге қабі­летті болуы тиіс.

Екіншіден, НУ-да ең үздік әлемдік практиканы пайдалану арқылы университеттің Қазақстанның басқа ЖОО үшін жол ашуы және негізгі үлгісіне айналуы жайлы сөз қозғалып отыр. Мемлекет алдында тұрған экономикалық міндеттерді шешу үшін оған алдыңғы қатарлы бәсекеге қабілетті білімді адамдардың жаңа буынын қалыптастыру керек. Осылай ғана орнықты әрі ұзақ мерзімді өркендеуге қол жеткіземіз. НУ жастарының дәл осындай жаңа буынын қалыптастыруды Елбасы өзі бастап, басқарған болатын.

Қазір жүргізіліп жатқан зерттеулердің, лабораториялар жұмысының және біздің орталықтарымыздың инновацияларының, патенттерінің нәтижесінде 2030 жылға қарай біз әлемнің топ 200 үздік зерттеушілік университеттерінің қатарына кірген кезде, бүкіл әлем Назарбаев Университетінің керемет жаңалықтарын көретін болады – барлық осы нәтижелер бүкіл адамзат ауқымында қолданылатын болады. Қазақстанның эко­номикалық прогрессін орнықты ету өте ма­ңызды және Назарбаев Университетінің тарихи рөлі қазірдің өзінде Қазақстанның үздік халықаралық және ұлттық компанияларында жұмыс атқарып жатқан НУ түлектері мен жас ғалымдарының арқасында бекітілетін болады. Бұл буын – Назарбаевтың жаңа буыны Назарбаев Университетінің оқытушы­лық құрамының еңбегінің арқасында Елбасы­ның ұлы ойларының жалғастырушыла­ры екендігін мақтан тұтатын ең дарынды жас­тардан құралады. Дәл осы жастар Қазақ­станның болашақтағы өсіп-өркендеуінің көшбасшылары мен қозғаушы күші болады.

Осы маңызды үдерістің бір бөлігі екен­дігімді мақтан тұтамын және Елбасы идеяларын іске асыру үшін барлық білімім мен тәжірибемді қолданып жатырмын», деп қорытындылады Шигео Катсу.

Сұхбаттан кейін Назарбаев Универ­си­тетінде білім алған түлектермен сөйлесіп, олар­дың ағымдағы жағдайы және атқарып жатқан лауазымдары Университеттің бас­тапқы идеясы мен миссиясына қаншалықты сәй­кес келетініне көз жеткізбек болдық. Жұмыстың нәтижелілігі жайлы пайым жасау үшін тым аз уақыт өткеніне қарамастан, НУ дипломдарын 2015 жылы алғаш табыстаған сәттен бастап 6 мыңнан астам түлектер шықты, оқыту сапасы жайлы алғашқы тұжы­рымдар жасау үшін бұл жеткілікті уақыт аралығы деп есептейміз.

НУ деректеріне сәйкес, Назарбаев Университетінің түлектерін Amazon, Apple, BMW, Facebook және тағы басқа жетекші батыс компанияларында кездестіре аласыз, алайда олардың 80%-дан көбі Қазақстанның бизнес, қаржы, ғылым және АТ секілді экономиканың негізгі өнеркәсіптік секторларында жұмыс істеуде. Жұмыс берушілер арасында NCOC, TCO, ERG, Elektrovoz Zauyty, үлкен төрттік және тағы басқа флагмандар бар. Тағы бір қызықты жайт, әрбір бесінші түлек магистратура мен аспирантурада білімін жалғастыру жөнінде шешім қабылдап, қазіргі уақытта НУ-да және әлем­нің басқа танымал университеттерінде зерттеулер жүргізуде немесе жаңа бизнес бастап үлгерді. Олардың пікірлерімен де бөлісейік.

Бауыржан Оспан (2016 жылғы түлек – Робототехника): «Назарбаев Университеті 2012 жылы дайындық курсындағы студент болған кезімнің өзінде қажетті дағдылар мен білімді берді. Астанада әлемдік деңгей­дегі университеттің негізін қалаған Елба­сы­ның арқасында бүкіл әлем бойынша әріп­тестерімнің арасында бәсекеге қабілеттілігі жоғары маман болдым. НУ-дың берген білім деңгейінің жоғарылығы соншалық, Лондон Университетінде бар-жоғары екі апта ішінде лаборатория сарапшысынан жоба басшысы деңгейіне дейін көтерілдім. Бүгінгі таңда мен Қазпошта, BI Group, Самұрық Қазына, НУ және тағы басқа да жетекші кәсіпорындар түріндегі клиенттік базасы бар Қазақстанның робототехника жөніндегі ең үздік компанияның негізін қаладым».

Ғалым Батимбетов (2015 жылғы түлек) Aqua Point деп аталатын компанияның негі­зін қалады, суды тазалаудың бірегей техно­­логияларын патенттеді, өндірісті іске қос­ты және дүниежүзі бойынша 130-дан астам ұлттық және халықаралық компанияларда су тазалау жабдығын қолдануда. «Ел­басының арқасында менің өмірім түбе­гейлі өзгерді, маған бәсекеге қабілетті халықаралық нарықта бизнесті бастауға және сәтті түрде дамытуға мүмкіндік берді. Бірінші Президентіміздің құндылықтары мен ой-танымы менің жаңа кәсіпорнымның және бүкіл ұжымның РНҚ-на тереңдеп енді» дейді Ғалым.

Жас болса да, түлектердің басым көпші­лігі қазақстандықтарға ақысы жоғары жұмыстарды ұсынуда. Олардың арасында жыл сайынғы айналымы 1 млн доллардан асатын және 55 адамды жұмыспен қам­тамасыз етіп отырған, дұрыс тамақтану тағамдарын өндіру жөнінде жобаны іске қосқан Аян Биримжан бар. «Мен үшін бұл жай ғана бизнес емес, сонымен қатар Елбасының дені сау және әл-ауқаты жоғары халық өмір сүретін гүлденген әрі заманауи Қазақстанды құру жөніндегі ойларын іске асыру. НУ болмаса, менің өмірім мүлдем басқаша қалыптасар еді», деп Аян бизнесін бастауға түрткі болған себеп жайлы баяндады.

Студенттердің басым көпшілігі Назар­баев Университетінің құндылықтарын алға жылжыта отырып, академиялық мансаптарын жалғастырды. Мәселен, бар-жоғы үш жыл бұрын НУ-ды тәмамдаған Лаура Карабасова Ақтөбе университетінің вице-президенті қызметіне тағайындалды және Дүниежүзілік банктің халықаралық жобаларында үштілді білім беру саласындағы жетекші сарапшы ретінде зерттеуші қызметін атқаруда және Елбасы бастамашылық жа­саған Қазақстанды әлемдік экономикаға интеграциялау жүйесін халықаралық деңгейде дамытуда.

2019 жылғы түлек Камилла Роллан же­тек­ші әлемдік Кембридж университетінде аспирантурада оқуын жалғастыруда және Қазақстанға оралғаннан кейін алған білі­мімен елімізде бөлісетін болады. «Мен үшін үздік біліммен бөлісу – Назарбаев Уни­верситетін ашқан кездегі Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің асқақ арманы мен ойла­рын жүзеге асыру. Сонымен қатар мен мү­гедектігі бар адамдарды оқытуға бағытталған «Барлығына арналған білім» жобасының негізін қаладым.

«Тұңғыш Президентіміздің көрегендігі мен даналығы Назарбаев Университетінің қағидаттарының негізін қалап, миссиясын қалыптастырды, мұнда оқытушылық құрамның арқасында Елбасының ойлары мен көзқарасы өмірлік позициямыздың негі­зіне айналды» деді «Самұрық Қазына» бас­қармасының төрағасы, Назарбаев Универ­ситетін ең алғашқылардың бірі болып 2015 жылға тәмамдаған Алмасадам Сәтқалиев.

Мақсаттарға жету үшін білім көп уақыт­ты, күш-жігерді және шыдамдылықты талап етеді, алайда ең үлкен және күтілетін нәти­желерге алып келеді. Назарбаев Универ­си­теті Елбасы бекітіп берген миссия­ны сәтті түрде жүзеге асырып жатыр және оның ұшқыр ойлары, көзқарасы сту­дент­терге ең үздік профессорлар мен сту­дент­терді жұмылдыратын білім беру процесі арқылы беріледі. НУ түлектері жаңа буын – Назарбаев буыны 2.0. Табысты және өр­кендеуші Қазақстанды қалыптастыру үшін бұл буын мықты білім мен мақсат-мұ­рат­тарға.

Назарбаев Университетінің профес­сор­­лық және басқарушылық құрамы Ел­басы белгілеген міндеттердің бәрін сәтті түр­­де шешуде және жақын арада НУ бағ­­дар­­ламалар мен университеттің өзі ха­лық­ара­лық аккредиттеуді алуы тиіс. Бұл рет­те, қа­зіргі кезде жүргізіліп жатқан зерт­теу­лер Елбасының тарихи шешімдерін жү­зеге асырып, Назарбаев Университетінің әлем­дік санаттағы ЖОО ретіндегі беделін ны­ғайтады.

 

Әңгімелескен

Қуат РАХМЕТУЛЛА