Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады. Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша бағдарламалар үйлестірушісі Саша Джумена агломерацияларды дамыту бойынша әлемдік тәжірибені қолдану туралы баяндады. Талқылауға Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және т.б. қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 17 наурызда Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
Бірыңғай интеграцияланған көлік жүйесін құру, инженерлік, тұрғын үй, туристік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру және денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және инвестициялар тарту, қоршаған ортаны қорғау және Алматы агломерациясының елді мекендерін газдандыру, сондай-ақ Алматы қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін нығайту жобалары талқыланды.
Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі өңіраралық іс-шаралар жоспары 2030 жылға дейін 108 іс-шараны орындауды көздейді. Жоспарлау кезінде пайдаланылған болжамдарға сәйкес, қала тұрғындарын қоса алғанда, Алматы агломерациясының халқы 2030 жылға қарай 1,6 млн адамға ұлғаяды және 4,7 млн адамнан асады, олар 860 мың га астам аумаққа қоныстанады. 2020 жылдан бастап жоспардың 60 тармағы бойынша жобаларды іске асыру басталды, олардың 13-і аяқталды.
Премьер-Министр биылғы 20 тамызға дейін «Үлкен Алматының» төрт қанатқақты жобасын іске асыру: экологиялық проблемаларды шешу (Green Almaty), бірыңғай көлік моделін және даму стратегиясын әзірлеу, ШОБ цифрлы картасын қалыптастыру, мониторинг пен ТЖ алдын алудың кешенді жүйесін әзірлеу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне биылғы 1 қарашаға дейін Алматы қаласында цифрлы технологияларды (АT-құмсалғыштар) дамыту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне биылғы 20 қазанға дейін агломерацияның бірыңғай көлік моделін әзірлеу тапсырылды.
Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысына Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалын салу жобасы ұсынылды, ол жылдық жолаушылар айналымын 6 млн адамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Іске асыру мерзімі – 2021-2023 жылдар.
А.Мамин «Аюсай» сел ұстайтын бөгетінің, сондай-ақ Алматы қаласының көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс алаңдарына барды.
Алматы метросы
ұзара түседі
Сондай-ақ Премьер-Министр Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары аясында қалалық метрополитеннің даму барысын тексерді.
Қазіргі таңда метрополитеннің бірінші желісінің жұмыс істеп тұрған 9 метро стансасына қосымша «Сарыарқа», «Достық» және «Қалқаман» стансалары салынып жатыр, бұл желінің жалпы ұзындығын 10,3 шақырымнан 15,9 шақырымға дейін, ал жолаушылар ағынын тәулігіне 46 мыңнан 93 мың адамға дейін арттырады.
Осы жылдың соңына дейін «Сарыарқа» және «Достық» стансаларында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, техникалық іске қосу жоспарланған. 2022 жылдың I тоқсанының соңына дейін іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтау және стансаларды пайдалануға беру көзделген.
«Қалқаман» стансасында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Үкімет басшысы Алматы метрополитенінің бірінші желісінің II кезегін дамыту бойынша жоспарланған барлық жұмыстың уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Алтын Орда»
көлік айрығы пайдалануға беріледі
Премьер-Министр Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары аясында «Алтын Орда» базары маңындағы көлік айрығы – «Алматы-Бішкек» автомобиль жолының 16-19 км учаскесін қайта жөндеу барысымен танысты.
Жоба инженерлік коммуникацияларды қайта орната отырып, учаскені 4 жолақтан 10 жолаққа дейін кеңейтуді, негізгі магистралды эстакаданы, «таға» түріндегі бұрылу эстакадасын, Ақсай өзені арқылы өтетін көпірді, сондай-ақ жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салуды көздейді.
Үкімет басшысы барлық сапа стандарттарын қамтамасыз ете отырып, жұмыс қарқынын арттыруды және оларды биыл қазан айында аяқтауды тапсырды.
«Көлік айрығын осы жылғы қараша айында пайдалануға беру қажет. Жоба Алматы қаласы мен Алматы облысы арасындағы көлік қатынасын жақсартады», деді А.Мамин.
Үлкен Алматы айналма жолын аяқтауды тапсырды
Премьер-Министр Асқар Мамин биылғы 1 шілде күні Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) салыну барысын тексерді.
ҮАААЖ – Қазақстан мен Орталық Азиядағы мемлекет-жеке меншік әріптестік саласындағы жол құрылысының ірі инфрақұрылымдық жобасы. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңгені құрайды. Жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразия даму банкі қаржыландырады.
Концессия шартына 2018 жылы 20 жыл мерзімге қол қойылды. Концессионер – «Алсим Аларко», «Макйол Иншаат», «СК Экоплант», «Корея Экспрессвэй» секілді Түркия және Оңтүстік Корея компаниялары құрған «ҮАААЖ Инвестициялар және Операциялар» ЖШС.
Алматы қаласының төңірегіндегі ұзындығы 66 шақырымдық және алты жолақты қозғалысты үлкен айналма автомобиль жолы I техникалық санат параметрлеріне сәйкес келетін болады. Автожол құрылысымен қатар жаңа көпірлер, көлік жолайрықтары мен эстакадалар салу көзделген.
Жобаны іске асыру көлік қызметін көрсету сапасын арттырады, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобиль көлігінің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтады. ҮАААЖ пайдалануға берілгеннен кейін барлық транзиттік ағын – тәулігіне шамамен 38 мың автомобиль Алматы қаласын айналып өтетін болады. Бұл ретте Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемі өседі деп күтілуде.
Құрылыс алаңына шамамен 1600 адам мен 600 бірлік техника жұмылдырылған. Құрылыс аса белсенді жүргізілетін кезде 3 мыңға жуық адамды тарту жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқынын арттыруды және барлық сапа стандарттарын қамтамасыз ете отырып, кестеден 2 жылға ертерек, жұмысты 2022 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. «ҮАААЖ құрылысы Алматы агломерациясын ғана емес, сондай-ақ жалпы елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту үшін де маңызды», деді А.Мамин.