Осло қаласындағы Әдебиет үйінде өткен жаңа жинақтың тұсаукесерінде Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Еркін Ахинжанов: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасына ұлтымыздың бірлігі мен өркендеуіне жол ашатын құнды байлық ретінде жүгінуге шақырады. Біз Абай шығармаларының норвег тілінде жарық көруін Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймыз, – деді.
Абай жайлы өмірбаяндық тарауды норвег ғалымы, баспагер әрі кітаптың бас редакторы Осхильд Кюлос жазған. Ол өз сөзінде: «Абай дара қоғамдық сыншы болды, бірақ оны бірінші кезекте экзистенциалдық мәселелер толғантты. Абайдың «Қара сөздері» әлемдік әдеби мұраның маңызды бөлігі саналады. Абай шығармаларын норвег тіліне аудару – Қазақстанды Норвегияға таныстырудың бірегей мүмкіндігі. Бұған қоса, бұл жалпы адамзат тәжірибесіне ұлы ойшылдың көзқарастарымен бөлісу мүмкіндігі де болып табылады. Біздің баспа бұл жобаны жоғары бағалады, – деді.
Ал аудармашы хакім мұрасының ешқашан ескірмейтінін, керісінше уақыт өте келе оған сұраныс күшейе беретінін айтты. «Ақын шығармалары қоғамның көне, түп-тамыры шабылмаған мәселелерін нақты суреттейді, елге бағыт-бағдар сілтейді. Абайдың өсиет сөздерін әр адам білім, адамгершілік пен сыпайылық сабақтарын ала алатын өмір мектебі деуге болады. Абай отбасы негіздеріне, бала тәрбиелеуге, тілдерді оқу мен өзге мәдениеттермен танысуға көңіл бөледі. Сонымен қатар Абай әдебиет білгірі болған. Оны шабыттандырғандардың арасында Фирдауси, Низами және Науаи сияқты шығыс классиктерінен бастап орыстың көркемсөз шеберлері – Лермонтов, Толстой мен Пушкин, батыстың ақындары – Гете мен Гейне болды. Ол 120-150 жыл бұрын да, бүгінгі таңда да өзекті, уақыттан тыс мәселелер туралы жазған. Норвегия оқырмандары Абай шығармаларынан көптеген пайдалы тағылымдар ала алатынына сенімдімін, – деп атап өтті Л.Бобоёрова.
Норвегтер әлемдегі кітапты ең көп оқитын халықтардың бірі екенін ескеріп, аударманың жоғары сапасына ғана емес, кітаптың қалың оқырманға қолжетімділігін қамтамасыз етуге де назар аударылып отыр. Жаңа жинақ норвег кітапханаларынан бөлек, цифрлы платформаларда таратылды. Бұл басылым қазір Лондондағы кітап көрмесінде де таныстырылуда.