Тәуелсіздік • 05 Шілде, 2021

Абай шығармалары – норвег тілінде

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай шығармалары тұңғыш рет норвег тілінде жарыққа шықты. Бұл –осы мемлекеттегі Қазақстан елшілігінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тартуы. Хакімнің қара сөздері мен таңдамалы поэзиясын (Abais dikt og visdomsord) норвег тіліне аударған тәжік-норвег жазушысы, әдебиеттанушы Лютфия Бобоёрова. Sirkel Forlag баспасынан 1500 данамен басылып шыққан құнды еңбек Норвегия кітапханалары мен кітап дүкендеріне таратылды. Аудионұсқасы да жазылған. Айта кетейік, еңбек норвег тіліне аударылған қазақ классикалық әдебиетінің алғашқы үлгісі болып табылады.

Абай шығармалары – норвег тілінде

Осло қаласындағы Әдебиет үйінде өткен жаңа жинақтың тұсау­кесерінде Қазақстанның Нор­ве­гиядағы елшісі Еркін Ахинжанов: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасына ұл­тымыздың бірлігі мен өркендеуіне жол ашатын құнды байлық ретінде жүгінуге шақырады. Біз Абай шы­ғармаларының норвег тілінде жарық көруін Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймыз, – деді.

Абай жайлы өмірбаяндық тарауды норвег ғалымы, баспагер әрі кітаптың бас редакторы Ос­хильд Кюлос жазған. Ол өз сөзінде: «Абай дара қоғамдық сыншы болды, бірақ оны бірінші кезекте экзистенциалдық мәселелер толғантты. Абайдың «Қара сөз­дері» әлемдік әдеби мұраның ма­ңызды бөлігі саналады. Абай шығармаларын норвег тіліне аудару – Қазақстанды Норвегияға таныстырудың бірегей мүмкіндігі. Бұған қоса, бұл жалпы адамзат тәжірибесіне ұлы ойшылдың көзқа­растарымен бөлісу мүмкіндігі де болып табылады. Біздің баспа бұл жобаны жоғары бағалады, – деді.

Ал аудармашы хакім мұрасының ешқашан ескірмейтінін, керісінше уақыт өте келе оған сұраныс кү­шейе беретінін айтты. «Ақын шығармалары қоғамның көне, түп-тамыры шабылмаған мәселелерін нақты суреттейді, елге бағыт-бағ­­дар сілтейді. Абайдың өсиет сөз­дерін әр адам білім, адамгершілік пен сыпайылық сабақтарын ала алатын өмір мектебі деуге бола­ды. Абай отбасы негіздеріне, бала тәрбиелеуге, тілдерді оқу мен өз­ге мәдениеттермен танысуға кө­ңіл бөледі. Сонымен қатар Абай әдебиет білгірі болған. Оны ша­быттандырғандардың арасында Фирдауси, Низами және Науаи сияқ­ты шығыс классиктерінен бас­тап орыстың көркемсөз шеберлері – Лермонтов, Толстой мен Пушкин, батыстың ақындары – Гете мен Гейне болды. Ол 120-150 жыл бұрын да, бүгінгі таңда да өзекті, уа­қыттан тыс мәселелер туралы жаз­ған. Норвегия оқырмандары Абай шығармаларынан көптеген пайдалы тағылымдар ала алатынына сенімдімін, – деп атап өтті Л.Бобоёрова.

Норвегтер әлемдегі кітапты ең көп оқитын халықтардың бірі еке­нін ескеріп, аударманың жоғары сапасына ғана емес, кітаптың қа­лың оқырманға қолжетімділігін қамтамасыз етуге де назар аудары­лып отыр. Жаңа жинақ норвег кітапханаларынан бөлек, цифрлы платформаларда таратылды. Бұл басылым қазір Лондондағы кітап көрмесінде де таныстырылуда.