Қазір «қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары тұр. «Сары» аймаққа: Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары.
«Жасыл» аймақта: Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары кірді. Яғни бір күннің бірден үш өңір «сары» аймаққа енген. Оның үстіне коронавирусты жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші бір апта қатарынан өсіп күніне 3 мың адамнан асты. Өткен аптаның аяғында Денсаулық сақтау министрлігі ендігі дельта-штам елдің барық өңірлерне тарап үлгерді деген болжам айтқан болатын.
1 шілдеде дельта-штамды анықтау үшін 414 сынаманың ПТР скринингі өткізіліп, вирус мутациясының барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына жеткені анықталған. Мамандардың бұл болжамы түпкілікті расталуы үшін үлгілердің ДНҚ мәліметтері толық геномдық реттелгеннен кейін белгілі болады. 2 шілде күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті.
Эпидахуалдың ушығуына байланысты вице-премьер облыс әкімдіктеріне «сары» аймақта орналасқан өңірлерде күшейтілген шектеу шараларын қабылдауды тапсырды. Жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін өңірлер карантиндік шектеулерді бірінен кейін бірі күшейтіп жатыр.
Мысалы, Ақмола облысында карантин 3 шілдеден бастап күшейтілді. «Көпшілік іс-шаралар (мерекелік, көпшілік спорт, ойын-сауық мәдени-көпшілік іс-шараларды, форум, конференция және т.б. өткізуге), отбасылық іс-шаралар (банкет, үйлену тойы, мерейтой, мерекелік корпоратив, дұға) және көпшілік жиналатын өзге де іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынады.
Ойын-сауық мекемелері (түнгі, ойын клубтар және басқа да), букмекер кеңселерінің және ересектер мен балаларға арналған өзге де ойын-сауық, кальян орындарының (оның ішінде қоғамдық тамақтану объектілеріндегі) қызметіне тыйым салынады. Мерекелік корпоративтерді ұйымдастыру мен өткізуге, көрме өткізуге, (ашық ауада) марафон өткізуге, «Ashyq» жобасына қатысатын банкет залдарында 30 адамнан асырмай, ас беруді қоспағанда, ас беруге тыйым салынады», делінген өңірдің бас санитар дәрігерінің қаулысында.
Маңғыстау облысында да 3 маусымда карантин қатаңдатылды. Мейрамхана, дәмханалар таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін, асхана типтес қоғамдық тамақтану орындары 24:00-ге дейін жұмыс істейді.
Сауна, СПА-орталықтар мен бассейндер сенбі, жексенбі күндері жұмысын тоқтатты. Ел астанасында күшейтілген шектеулер 1 шілдеден бері күшінде. Айдың басында іркес-тіркес келген мейрамға арналған шаралардың онлай форматта өтіп жтауы-ақ карантиндік шектеулердің қаншалықты қатаң екенін көрсетеді.
Шымкентте 2 шілдеде күшіне енген қаулы талаптары бойынша тұрғындар мен қонақтаға адамдар көп жиналатын туған күн, мерейтой, құдалық, той, беташар және басқа кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.
Сондай-ақ, 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектеліп, маска режимін сақтау міндеттелді. Құжат бойынша әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысы нақты өлшемдер негізінде реттелуде.