Әлем • 07 Шілде, 2021

Қазақстан – «Геосаяси үшбұрыштың» жүрегі

3842 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемдік күш орталығы Батыстан Шығысқа қарай қайта ойыса бастаған кезеңде «Жаңа ұлы ойында» геосаяси «жүректің» орны туралы әртүрлі көзқарастар болғанымен, жалпы жағдай «Кавказ – Орталық Азия –Оңтүстік Азия геосаяси үшбұрышының» маңыздылығын көрсетіп тұр. Мұндағы басты сұрақ – бұл жаңа дүниежүзілік тәртіп қалай құрылады деген сұрақ. Ол жойқын соғыстан кейін немесе ұзаққа созылған бітіспес соғыстардан кейін құрыла ма, әлде ынтымақтастыққа бағытталған бітімшіл тәсіл осы үдерісте үстем бола ма? Осы аймақтың дәл ортасында орналасқан түркі-ислам әлемі, атап айтқанда, Қазақстан мен Түркі Кеңесі екінші тәсілді/тезисті қолдайды. Бұл тезиске сәйкес Орталық Азияның Шығыс пен Батыс арасындағы билік үшін күрестегі «жұмсартушы буферлі аймақ» рөлі алдыңғы қатарға шығады.

Қазақстан –  «Геосаяси үшбұрыштың» жүрегі

Жуырда аймақтың өз ішінде пайда болған жүйелі түрде ұйым­дастырылған дағдарыстарға қарсы дипломатиялық-ынтымақтастық меха­низмін сәтті қол­дану осыны растап отыр. Осы тұр­ғы­дан ал­ған­да, өзінің географиялық үлкен­дігімен, әртүрлі этностық және діни топтардың басын қосқан демо­гра­фиялық құрылымымен және тәжі­рибелі-көреген басшылығымен Қазақстан Шығыс пен Батыс үшін ма­ңызды «синтез ел» ретінде ерек­шеленеді.

 

«Бейбітшілікті қалыптастырушы» ел…

Барлық геосаяси теориялар тұр­ғысынан «Геосаяси жүрек» деп сипатталатын Еуразияның орталығында орналасқан Қазақстан Ресейдің оң­түстікке жету саясатында маңызды ел болса, ал Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде батысқа қарай ашылу стратегиясында басым бағыттардың бірі болып саналады. Қазақстан транзиттік ел ретінде Орталық Азия елдерінің Мәскеу және Бейжіңмен байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Бұл жағдай Қазақстанды Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері үшін басты акторға айналдырады.

Оңтүстік Азия мен Өзбекстан арасында құрылуы жоспарланған Мазари – Шариф – Кабул – Пешавар те­мір жол желісі, әсіресе, география тұрғысынан Нұр-Сұлтанды одан да маңызды елге айналдыратынын ескеруіміз керек. Сондай-ақ Кас­пий теңізінде орналасқан Ақтау жә­не Құрық сияқты Қазақстан порт­тары Орталық Азияны Әзербай­жан, Грузия және Түркия бағыт­тары арқылы Батыс әлемімен байла­ныс­тыратындығын есте ұстаған жөн.

Қысқаша айтқанда, Қазақ­стан­ның геосаяси жағдайы бұл елді солтүстік-оңтүстік пен шығыс-батыс арасындағы көпірге айналдырады. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев мыр­заның даналығымен жүргізілген жан-жақты сыртқы саясат Нұр-Сұл­танға маңызды актор болуға мүм­кін­дік берді. Назарбаев мырзаның көшбасшылығына қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың геосая­си зердесі мен дипломатиялық тәжі­рибесі де Қазақстан позициясының күшеюіне және елді халықаралық аренада беделді субъектіге айнал­дыруға қызмет етуде.

Қазақстан Назарбаев пен Тоқаев мырзалардың саясаттарының шең­берінде аймақтық бейбітшілік пен тұрақ­тылықты орнату үшін түрлі қадам­дар жасауда. Даныш­пан көшбас­шы Назарбаев және маңызды дипло­ма­тиялық тәжірибесі бар Тоқаев Орта­лық Азиядағы бейбіт­шілік пен тұрақ­тылықтың Азия құр­лығы елдерінің, Ресей мен Қытайдың мүдделеріне сай келетіндігін жақсы біледі. Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстар кезінде Қазақстанның шиеленісті азайтуға бағытталған саясаты осыны тағы бір рет растады.

 

Транскаспий дәлізі

Аймақтық қауіпсіздікке қатысты мәселелердің бірі – Орта дәлізбен байланысты Транскаспий дәлізі. Бұл дәліз Қытайды Еуропаға жалғайтын жаңа және қуатты балама жол ретінде мамандардың назарын өзіне аударуда. Қазіргі жағдайда Бейжің әкімшілігі үшін теңіз жолдарын қауіпсіз деп айту мүмкін емес. Атап айтқанда, АҚШ-тың Тынық мұхитындағы ықпалының күшеюі, Тайванға байланысты мәселелер және Арктикадағы бәсекелестіктің артуы Бейжіңді қауіпсіз дәліз болып табылатын құрлық дәліздеріне қарай бағыттауда. Сонымен қатар Қытай Батысқа жол ашып жатқанда, оны Ауғанстан сияқты тұрақсыз аймақ алаңдатады. Осы себепті Транскаспий дәлізі Бейжің үшін ең қауіпсіз бағыт болып саналады.

Орталық Азияның транзиттік жол болып саналуы және Кавказ ай­ма­ғымен байланыс орнатуы аймақтағы мемлекеттердің экономи­касының жақ­саруына және ол елдердегі ха­лықтардың өмір сүру деңгейінің жо­ғарылауына айтарлықтай әсер етуі ықтимал. Бұл оң әсер Орталық Азия мен Каспий маңы аймағының бейбітшілік пен достық кеңістігіне айналуына жол ашуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндай өзгеріс бұл аймақпен қарым-қа­тынасын ойдағыдай жалғас­тырып, Оңтүстік Азияға жол ашу мақсатында қауіпсіз Орталық Азияны қажет ететін Ресейдің мүдделерімен сәйкес келеді.

 

Ұлы даладан Анадолы даласына жалғасқан геосаяси көзқарас

Ұлы даланың орталығында ор­наласқан Қазақстанның позициясын бір орталық ретінде күшейтетін барлық өзгеріс Транскаспий дәлізіне әсер етеді. Өйткені Транскаспий дәлізі – Ұлы даладан Анадолы даласына дейін жалғасып жатқан геосаяси көзқарастың  жемісі. Транс­каспий дәлізін нығайту және оның функциясын арттыру Кавказдағы бей­бітшілікке ықпал етеді. Атап айтқанда, Қазақстанның Түркия, Әзер­байжан және Грузиямен қатынас­тары тереңдей түседі деп болжауға болады.

Қарастырылып отырған дәліз сонымен қатар Екінші Қарабақ соғысынан кейін алға тартылған, аймақтық бей­бітшілікке, өркендеуге және дамуға негізделген «Алтылық ынтымақтастық платформасы» идеясының жүзеге асуына үлес қосады. Атап айтқанда, Қытай – Орталық Азия – Кавказ – Түркия – Еуропа бағытындағы Зенгезур дәлі­зі­нің маңызы арта түседі. Осы тұр­ғыда Кавказдағы экономикалық тұрақ­тылық Арменияны да қызық­тырып, Ереванды Алтылық ынты­мақ­тастық плат­фор­масы­на қосылуға және аймақтық бей­бітшілікке жете­лейді.

Тіпті, егер бұл жоба жүзеге асса, Қазақ­стан аталған платформа мен Еура­зиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) арасын­дағы ынты­мақ­тастықтың ең маңыз­ды бірікті­руші күшіне айналуы мүмкін. Нәти­жесінде, Нұр-Сұлтан Шығыс пен Батыс арасындағы көпірге айналып қана қоймайды, ол өзінің ықпа­лын өз аймағынан тыс жерлерде арт­тыру арқылы Азиядағы жетекші ойын­шы­лардың біріне айналады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеу­берді мырзаның Әзербайжан сапарын осы шеңберде бағалауға болады.

Кездесулер барысында Транс­каспий халықаралық көлік бағыты (Қазақстанды Әзербайжан, Грузия мен Түркияға жалғайтын және Кас­пий теңізі арқылы өтетін Транс­каспий дәлізі) шеңберіндегі жобаларды іске асыру жоспарлары айтылды және тараптар арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және транзиттік-кө­лік әлеуетін дамытуға мән берілді. Қазақстандық компаниялар Қара­бақты қалпына келтіруге белсенді қатысуға шақырылды. Сондықтан Тілеубердінің Әзербайжанға сапары Қазақстанның Орталық Азия, Кавказ және Азияда маңызды ел екендігінің тағы бір дәлелі болды.

 

Транскаспий дипломатиясы

Нұрсұлтан Назарбаевтың Кас­пий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселесіне қатысты ұстанымы, тезисі және әсіресе, аймақтағы түркі республикалары ара­сындағы мәсе­ле­лерде ұстанған бітім­гершілік және сындарлы дипломатиясы өз нәтижесін бере бастады. Осы тұр­ғыда Түрікменстан мен Әзербай­жанның Достық мұнай кен орны туралы келісімі де Каспий теңізінің «Достық теңізіне» айналуына үлес қосады.

Қазақстанның Түркі Кеңесі шең­берінде ұстанған саясаты өзін Транскаспий өлшемінде айқын көрсе­теді. Түрікменстан Президенті Гур­бангулы Бердімұхамедов мырза­ның үстіміздегі жылдың қара­ша айында Ыстанбұлда өтетін Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесі (Түркі Кеңесі) көшбасшыларының саммитіне қатысуы туралы шешімі Түркі Кеңесі елдерінің бірлігі мен ынтымағы рухын нығайтты.

Түркия – Грузия – Әзербайжан – Түркіменстан – Ауғанстан тран­зиттік көлік дәлізі болып табылатын Лапис-Лазули маршруты осы ретте Каспий маңы аймағының маңызын арттыра түседі. Қазақстан осы дәлізге қосылған кезде Орталық Азия – Еуропа интеграциялық бас­та­масының соңғы бөлігі тәмамдалған болады. Осылайша, алға қойылған «Көпжақты көлік саясаты» толықтай жүзеге асады.

Қорытындылай келе, әлемдік сая­саттағы шиеленіс күшейіп тұрған кезде Қазақстан Орталық Азия, Кавказ және Каспий аймағындағы ынтымақ­тастықтың, бейбітшілік пен тұрақ­тылықтың маңызды субъектілерінің біріне айналуда. Назар­баев мырза қалып­тастырған іргетас негізінде Тоқаев мырза ұсын­ған жол картасының арқасында көп­теген елдердің ай­тарлықтай жетіс­тік­терге жететіні анық. Бұл Кавказ бен Орталық Азияның, жалпы Азия­ның шарықтауын тездетеді. Әсі­ресе, Түркі Кеңесі аясында дамып жатқан қатынастар Түркі әлемін көпполярлы әлемдегі тұрақсыз­дықты тұрақтандыратын, тепе-тең­сіздікті теңгеретін күшке айналдырады. Бұл сондай-ақ құрлықаралық «қол алысу» позициясын ынталандырады. Осы тұрғыдан қарағанда, «Геосаяси үшбұрыштың» жүрегі болып табылатын Каспий аймағын алдағы кезеңде әртүрлі жағдайлар күтіп тұрған болуы мүмкін. Сол кезде қазақ дипломатиясы тағы бір рет өз міндетін атқарып, іске кіріседі деп болжау үшін аса көріпкел болудың қажеті жоқ.

 

Мехмет Сейфеттин ЕРОЛ,

профессор, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін