Қазақстан • 07 Шілде, 2021

Коллектордың қызметі қорқыту емес

1404 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде банкке қарызы жоқ адам сирек. Банктен қарыз алсаңыз, оны уақтылы қайтаруыңыз керек. Егер несиені мер­зі­мінде өтемесеңіз, онда ісіңізбен коллектор айналысады. Кол­лекторлардың қарыз алушыны жиі мазалауы, бопсалауы, қор­қытып-үркітуі «аңызға» айналғалы қашан?! Бұл мәселе Президенттің де құлағына жетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында коллекторлық қызметті реттеу туралы заңға қол қойып, онда коллекторлық агенттіктерге қойылар талаптар қатаңдатылған еді. Бірақ сонда да айылын жиған коллекторлар көрінбейді...

Коллектордың қызметі  қорқыту емес

Қазақстандықтар банкке

7,1 трлн теңге қарыз

Берешекті өндіріп алушы ұйымға өңкей «ұр да жықтар» жиналған ба дерсің: борышкердің мүлкін зорлап тартып алыпты; жағасына жармасыпты, картаны бұғаттаймын деп қорқытыпты; соққыға жығыпты дегенді көп естисің.

Елімізде коллекторлардың ұзын-саны 200-ден асады. Алай­да біз хабарласқан агент­тік өкілдерінің біразы қазір ол меке­меде қызмет етпейтінін айтса, біршамасы енді ғана тір­келгендерін алға тартты. Ал бұ­рыннан жұмыс істеп келе жат­қан тісқаққан агенттіктер («Национальное коллекторское агентство» ЖШС) сауалда­ры­мызға жауап беруден бас тартты.

Ресми дерек былай дейді: дәл қазір ел тұрғындары екінші деңгейлі банктерге 7,1 трлн теңге қарыз. Дені – тұтынушылық несие. Шамамен 600 млрд теңгесі – ипотекалық займдар. Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша төленбегеніне жылдан асқан қарыз көлемі 1 трлн теңгеден асып кеткен. Әрине, мұндайда бірінші болып коллекторлардың білегі түріледі. Шындығында біз солай түсініп үйренгенбіз. Қазақстан ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы Нұрбол Жапаровтың айтуынша, кредитор мен коллекторлық агенттік арасындағы құқықтық қатынас келісімшарт жасалған соң барып жүзеге асады. Оған дейін агенттік өкілі саусағын да қимылдатуға тиіс емес.

– Іс сотқа дейін бармас бұрын борышкер кредитормен келісім жүргізуі керек. Өйткені кредитор қажетті шараларды қолдануға қауқарлы. Оған мәселен, төлем кестесін реттеу, медиация, төлем­дерді кейінге қалдыру жатады. Ең алдымен кешіктірілген төлем күндері есептелуі керек. Банк қарыз алушының банктік қарыз шартына сәйкес 90 күннен кейін, ал жеке тұлғаның ипотекалық несиесі бойынша 180 күннен кейін ғана талап ету шараларын жүргізуге құқылы, – дейді Н.Жапаров.

Коллекторлар борышкердің жеке өміріне қол сұғып, жеке деректерін жарияламауы тиіс. Борышкерді қорқытып-үркіту – олардың жұмысы емес. Бірақ агенттік қызметкерлерінің құ­қайын көргендердің әңгімесін тыңдасақ, небір сұмдықтың бо­лып жатқанын аңғарамыз. Бо­рыш­кердің туыстарына, жұмыс берушісіне хабарласып қорқыту, шотыңды бұғаттап тастаймыз деп зәресін ұшыру – екі күннің бірінде еститін қалыпты жағдайға айналып кетті. Нақты мысалдың бірі – Шымкент тұрғыны Мейрамбай Арысовтың басынан өтіп жатыр.

«Туыстарыңмен қоса соттаймыз»

Шымкент тұрғыны 2012 жылы Kaspi bank-тен несие алып, алайда қаржылық жағдайының нашарлауына байланысты оны төлей алмай қалған. Мамырдың соңында телефон соғып, өзін тергеуші Ғани деп таныстырған азамат «Сізге қатысты қылмыстық іс қозғап жатырмын! Кредитті төлеуге бір күн уақыт беремін, егер төлемесеңіз соттатып жіберемін» депті. Дәл бұлай доқ көрсетуді бірнеше күн қайталаған. Маусымның басында өзін «тергеуші Самат Кенжегалиевич боламын» деп таныстырған азамат та «тергеуші Ғанидің» сөзін қайталайды. Араға тәулік салып, борышкерге елордадан Сарыарқа аудандық полиция департаментінің тергеушісі, полиция майоры Әлихан Асанов хабарласады. Мұның құқайы алдыңғылардан да сорақы болып шыққан. «Өзіңізбен қоса келініңіз бен қарындасыңызды да бас бостандығынан айырамыз» депті. Бұл деректің барлығы Арысовтың Бас прокурорға жазған арызында көрсетілген.

Жақында Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев банк­тік, микро­қаржылық және кол­лек­торлық қызметті реттеу туралы заңға қол қойғаны, онда кол­­лекторлық агенттіктерге қо­йы­лар талаптардың қатаң­да­тыл­­­ғаны белгілі. Заң бойынша коллекторлық агенттіктер төменгі жарғылық капитал қалыптастыруы тиіс. Заң бекіткен қатаң талаптар мынадай: коллекторлық агенттікте тіркелмеген телефон нөмірлері немесе басқа адамдардың телефон нөмірлері арқылы борышкерге қоңырау шалуға болмай­ды; борышкермен өзара іс-әрекет жасау процесін бейне-
аудио таспаға жазуға міндетті. Өз кезегінде бейне-аудио таспаға жазуды борышкердің өзі де істеуге құқылы; коллектордың үшін­ші тұлғалармен, оның ішінде бо­рыш­кердің жұмыс берушісімен бай­ланысқа шығуына тыйым салынады.

Бірақ коллекторлардың жаңа заңға да пысқыра қояр ниеті бай­қалмайды. Мұны бізге нарықта жұмыс істегеніне 13 жылдан асқан, осы уақыт ішінде 6 793 адамның тағдырына араша түскен, 3,9 млрд теңге қарызды жойған «МАДИЯР» заң кеңсесінің директоры Айқожа Дәулетияров айтып берді. Оның айтуынша, коллекторлар өздерін біресе тергеуші, біресе прокурор деп таныстыруға құмар.

– Сондай коллекторлық агент­тік басшыларының бірі алдыма келіп, арызымды (борышкерге қатысты) қайтып алуымды сұрады. Мен бірден бас тарттым. Сосын бастығының көзінше қызметкеріне хабарластым. «Сіз кім боласыз?» десем, «мен жоғарғы палатада тергеушімін» дейді. Қазақстанда Жоғарғы сот деген бар, жоғарғы палата деген орган жоқ. Кімді алдап тұрсың дедім. Сонда да сіздің не шаруаңыз бар деп маған жеңістік бермеді. «Міне, көрдіңіз бе қызметкеріңіздің қалай сөйлеп тұрғанын?» дедім бастығына. Коллекторлық агенттіктердің біразына тән нәрсе – бұрын құ­қық қорғау саласында жұмыс іс­теген, ептеп полиция, тергеуші болған, бірақ жарытып жұмыс істей алмаған адамдарды жұмысқа қабылдайды. Олар келеді де органда істей алмаған әрекетін мұнда істеп, борышкерге соттатамын да соттатамын деп дігерлейді. Қылмыстық іс қозғау туралы әдемі сөздерді де сол жақтан үйреніп алған. Тіпті төбесіне органның ресми бланкасын қойып алып, қағаз да дайындайды. Борышкердің туған-туыстарының телефондарын бұрыннан өздері білетін деректер базасынан жүктейді немесе таныс­тары арқылы тауып алады, – дейді А.Дәулетияров.

Оның айтуынша, коллекторлар әрбір 3 немесе 6 ай сайын ұялы байланыс операторларынан телефон нөмірлерді сатып алу арқылы өзі іздеген борышкердің ай­наласындағы адамдарға еркін қоңырау шалады.

– Сот, прокуратура, тергеу, кеден және салық органда­ры ға­на шотты бұғаттай алады. Кол­лек­торлар, адвокаттар, заңгер­лерде мұндай өкілеттілік жоқ. Борышкерге «көшеде жүрген участковый, жол полициясы сіздің шотты бұғаттай ала ма?» десең, «жоқ» дейді. «Онда неге коллекторға сенесіз» десем, «ол мені қорқытты ғой» дейді. Барыпты да, қолхат жазыпты. Онда «қарызыңыз құтты болсын» деймін. Көрдіңіз бе, адамдардың құқықтық, қаржылық сауаттылығының төмен болуы да коллекторларды есіртіп тұр. Коллектор хабарласқан кезде «сенің маған қоңырау шалуға құқың жоқ, келісімшартты банкпен жасадым» деп айту керек. «Ал егер сіз банктен клиенттерді сатып алған болсаңыз, хабарлама қағаз жіберуіңіз керек» деу керек, – дейді заңгер.

Қазақстанның Ұлттық Кол­лекторлар палатасының респуб­ликалық жобасы – Stop-Collector кеңесінің жазуынша, коллектормен сөйлесуден қашудың еш мәні жоқ, керісінше өз жағдайыңызды нашарлата түсесіз.

«Қоңырау шалушының толық аты-жөнін, лауазымын және ол өкілдік етіп отырған агенттіктің атауын біліп, жазып алыңыз. Кредит бойынша айына шынымен де төлей алатын сомаңызды ұсыныңыз. Кредитор сіздің қа­рызыңызды коллекторлардың жұмысына берген кезде немесе коллекторлық агенттік сіздің мерзімі өткен берешегіңізді сатып алып, кредитор болған кезде ол борышкерге телефон қоңырауларына, жеке кездесулерге, дауыстық, жазбаша және басқа да хабарламалар жіберуге құқылы. Коллекторлық агенттіктің борышкермен телефон арқылы сөйлесуі жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде үш реттен аспауы тиіс» делінеді Stop-Collector хабарламасында.

Коллекторлар тағы не істей алмайды? Борышкерге қоңырау шалған кезде мекеме мекенжайы мен есептік тіркеу нөмірін хабарлап барып, негізгі шаруаға көшуі тиіс. Олар борышкермен жұмыс күндері таңғы сағат 8-ден кешкі 21.00-ге дейін ғана телефонмен сөйлесуге құқылы. Осы уақыттан тыс мазалауға тиіс емес.

Заңгерлердің айтуынша, бо­рыш­керлер көбіне «Альянс банк­тен» 2005-2013 жылдары алынып, төленбей қалған кепілсіз кредиттерінің дау-дамайы бойынша жүгінеді екен. Банк 2011-2014 және 2015-2018 жылдары кол­лекторлық агенттіктерге 3 жылдың ішінде кепілсіз кредиттерді өн­діру туралы банкпен жасалған келісімшарт бойынша талап ету құқығын толығымен сатып жіберген. Яғни мәселелі кредиттер банк балансынан шығарылған.

Коллекторлар азаматтардың құқықтық, қаржылық сауатты­лығының төмендігін пайдалану арқылы заңсыз әрекеттерге барып отыр деп байлам жасауға бола ма? Бұл сұраққа заңгерлер «иә» деп жауап береді.

– Жалған сот орындаушы, судья, халыққа қызмет көрсету орталығы және полиция қызметкері болып кепілсіз алған кредиті бо­йынша дүние-мүлкін аукционға салатынын, өз атында үй болса да, ата-анасының үйін тартып алатынын, туыстарын жұмыстан шығарып жіберетінін, әкімшілік айыппұл салатынын, қарызы үшін түрмеге отырғызатынын айтады, «алаяқсың» деп ар-намысына тиетін сөздер айтып хабарласады және уатсап-нөміріне хаттар жолдайды. Үш жылдық талап қою мерзімі өтіп кеткен қарыздарды түрлі айла-амалмен арбап немесе қорқытып, құқықтық сауатсыздығын пайдалану арқылы төлетіп, қағаздарына қол қойдырып, қарызды мо­йындатуда. Мойындатып алған соң, үш жылдық талап қоюдың мерзімі жаңарады. Осы жағдайда коллекторлық агенттіктер дереу сотқа оңайлатылған тәртіппен (борышкердің қатысуынсыз қысқа мерзімде) талап-арыз жолдайды. Әлбетте, мұндай азаматтық істер талапкердің пайдасына өндіріледі, – дейді «МАДИЯР» заң кеңсесінің маманы.

Электронды үкімет пор­та­лындағы дерекке қарасақ, дәл қазір елімізде тіркелген кол­лекторлық агенттіктер саны 200-ден асады. Енді 2022 жылдан бастап олардың минималды жарғылық капиталы 10 млн теңге­ден кем болмауы тиіс. Бұл бекер қойылған құн емес. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілінің айтуынша, минималды соманы белгілеу үшін нарыққа талдау жасалған.

– Бұл компаниялар кол­лекторлық қызмет туралы заңнама талаптарын жиі бұзады. 2021 жылдың басында жарғылық капи­талы 500 мың теңгеден ас­пайтын 175 коллекторлық агенттік 492 мың борышкердің қарыз­дарымен жұмыс істеген. Бұл ком­паниялардың жиынтық жар­­ғылық капиталы 15,5 млн тең­гені құрайды, ал қолданыстағы қарыз көлемі 260 млрд теңге, яғни жиынтық жарғылық капиталдан 17 мың есе көп, – дейді әдіснама және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев.

Оның айтуынша, шағын коллекторлық агенттіктерде өн­діріп алуға берілетін қарыздың едәуір ұлғаюы минималды жар­ғылық капиталдың болмауымен және өндіріп алуға берілген несиелер көлемінде шектеулердің болмауымен байланысты. Ал жарғылық капиталдың 10 млн теңге болуы олардың заң талаптарын сақтай отыра жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Заң «осындай заң бар» деп айту үшін жазылды ма, әлде коллекторлардың аспандап кеткен амбициясын басып, борышкерлер құқығын қорғау үшін жазылды ма, оған уақыт төреші.