Беларусь Республикасында қазақ күресінен төртінші әлем чемпионаты өтті.

Жаһандық жарысқа 29 елдің балуандары қатысты. Осы сында Қазақстан құрамасы барлық салмақта алтын жүлдені жеңіп алды. Атап айтқанда, 60 кило салмақта Абзал Арыстанбеков, 70 килода Ерлан Естек, 80 кило салмақта Ерсін Мұхамеджанов, 90 килода Мұхит Тұрсынов және аса ауыр салмақта Айбек Нұғымаров әлем чемпионы атанды. Сонымен бірге, осы бәсекеде біздің команданың екінші құрамы да жүлделі орындарға ие болды.
Беларусь Республикасында қазақ күресінен төртінші әлем чемпионаты өтті.

Жаһандық жарысқа 29 елдің балуандары қатысты. Осы сында Қазақстан құрамасы барлық салмақта алтын жүлдені жеңіп алды. Атап айтқанда, 60 кило салмақта Абзал Арыстанбеков, 70 килода Ерлан Естек, 80 кило салмақта Ерсін Мұхамеджанов, 90 килода Мұхит Тұрсынов және аса ауыр салмақта Айбек Нұғымаров әлем чемпионы атанды. Сонымен бірге, осы бәсекеде біздің команданың екінші құрамы да жүлделі орындарға ие болды.
Соның ішінде болашағынан зор үміт күттіретін балуандарымыздың бірі Алпамыс Төкиев (90 кг) күміс медальді иеленсе, Амангелді Сатыбалдинов (60 кг), Ерасыл Сәкенұлы (70 кг) мен Әділжан Ыстыбаев (90 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.
Тағы айтатын нәрсе, осы бәсекеде Мақсат Мәзібаев деген талантты балуанымыз абсолютті салмақта өткен белдесуде моңғол алыбы Сұғаржарғыл Болдпуревті жеңді. Бұл балуанды жақында Тараз қаласында өткен «Еуразия барысы» халықаралық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев та жеңген болатын. Енді, міне, оның жеңісін Мақсат Мәзібаев қайталап отыр. Жалпы, биылғы бәсекеге қатысқан балуандардың бәрі намысқа тырысып, жүлделі орындарға таласты. Мәселен, Әзербайжаннан қатысқан екі балуанның екеуі де қола жүлдеге ие болды. Олардан үшінші орынды Заур Багизов (90 килодан астам) пен Кәмшат Рзаев (80 кг) иеленді. Басқа елдерден де бір-екеуден балуандар кілемге шығып, күресті. Соның ішінде грузин Бесарион Беркулава (80 кг) күміс медальді алса, оның отандасы Лаша Гуинашвили (60 кг) қола жүлдені, грек Павнис Томас (70 кг), ауған Дапер Ниязи (90 кг) мен голландиялық Дэниел Сен Мьюуи (90 килодан астам) үшінші орынға көтерілді. Ал Беларусьтен жарысқа қатысқан төрт балуанның екеуі – Евгений Бедулин күміс, Александр Стещенко қола жүлде иеленді.
Бәсекеден Қырғызстан мен Арменияның балуандары да олжалы қайтты. Қырғызстан құрамасында 60 кило салмақта күш сынасқан Санжар Османәлиев, Армения сапында 70 килода Армен Назарян екінші орынды иеленді. Осы сында біздің командаға бір-екі салмақтан басқа лайықты қарсылас болатын балуандар болған жоқ. Мәселен, аса ауыр салмақтағы Айбек Нұғымаров ақтық сынға дейінгі белдесулерін жеңіспен аяқтап, финалда белорус Евгений Бедулиннен айқын басым түсті.
Жарыста жеңіл салмақтағылар арасында өткен белдесулер қызықты және тартысты өтті. Мысалы, 60 килода Абзал Арыстанбеков пен Амангелді Сатыбалдиновтің жартылай финалдағы кездесулері ұзаққа созылып кетті. Бұл екеуі де еліміздің өз салмақтарындағы мықтылары болып саналады. Белдесудің негізгі уақытында жеңімпаз анықталмады. Абзал қарсыласын қосымша уақытта ғана таза жеңіп, финалға жолдама алды. Осы салмақта Қырғызстан атынан қатысқан Санжар Османәлиев те жаман күрескен жоқ. Ол финалға дейін қарсыластарын ұтып, алтын жүлде үшін кездесуде ғана Абзалдан жеңілуге мәжбүр болды.
Келесі, 70 кило салмақта өткен белдесулер өзінше қызықты өтті. Бұл сынға біздің елден Ерлан Естек қатысып, осымен екінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл жолы да біздің балуанның қарсыластары оңай болған жоқ. Әсіресе, Ерланға іріктеу белдесуде үнді Шарма Шанжеев пен финалда армян Армен Назарян қатты қарсылық көрсетті. Дегенмен, Ерлан тәжірибесінің арқасында айласын асырып, екеуіне де еш мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, ол екі дүркін әлем чемпионы атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді. Осы сында біздің балуандардың арасынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын 90 кило салмақтағы Мұхит Тұрсынов алды. Десек те, біз әлем чемпионы атағы біздің елге бұйырса да 90 кило салмақта қазақ күресінен біраз елдерде мықты балуандардың бар екенін көрдік. Мысалы, осы салмақтағы тағы бір балуанымыз Алпамыс Төкиев, белорус Александр Стещенко мен украин Андрей Куник өздерін жақсы жағынан көрсетті. Іріктеу белдесулерде ол осы екі шетелдің балуандарымен кездескен болатын. Осы белдесуде екеуі де біздің отандасымызға лайықты қарсылас болды.
Биылғы бәсекеде 80 кило салмақтағы балуандар арасында өткен сынға біздің елден үш балуан қатысты. Онда Ерсін Мұхамеджанов, Мақсат Мәзібаев пен Әділжан Ыстыбаев күш сынасты. Осы жарыста атлеттеріміз арасынан Мақсат пен Ерсін бір-бірімен жартылай финалда кездесті. Бұл кездесуде екеуі де әдіс-тәсілдер жасап, бір-біріне есе жібермеуге тырысты. Екеуі де кілемде бір-біріне нағыз қарсылас екендерін көрсетті. Сөйтіп жүргенде, кездесудің соңғы минутында төрешілер Ерсіннің жасаған әдісін санап, соған жеңісті әперді. Ол финалда Бесарион Берулавамен кездесіп, ұпай санымен жеңді. Осыдан кейін абсолютті салмақтағы балуандар арасында өткен белдесуде 80 кило салмақтағы Мақсат Мәзібаев моңғол алыбы Сұғаржарғал Болдпуревті жеңіп, Минск төрінде қазақтың мерейін тағы бір өсіріп тастады.
Жарыс соңында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкиев, еркін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведь пен басқа лауазым иелері әлем чемпиондары мен жүлдегерлерін марапаттап, ақшалай сыйақы табыс етті. Сонымен бірге, федерация президенті аты аңызға айналған ардагерге «Қазақ күресінің дамуына қосқан үлесі үшін» деген алтын алқаны тапсырды.
Осы жерде биылғы әлем чемпионатының финалдық белдесулері Александр Медведьтің күрес сарайында, іріктеу жарыстары Минскіден 18 шақырым жердегі Олимпиадалық базада өткенін айта кеткен жөн. Әлем чемпионаты кезінде аталған спорт ордасында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының конгресі өтіп, онда Серік Төкиев тағы бес жылға федерация президенті болып сайланды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
МИНСК – АСТАНА.