Бауыр еті баласына алимент төлеуден бас тартып, бас сауғалап жүрген ондаған борышкер табылды. Шын мәнінде іздеуде жүргендердің саны өте көп. Тауып алу да оңай-оспақ шаруа емес. Бұл арада адамның жеке ар-ожданы ғана парызды орындауға түрткі болатын тәрізді. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған кезде жетімді жаутаңдатпай, жан жылуын төгу адамшылықтың белгісі емес пе?!
– Атқарылып жатқан жұмыс аз емес. 40-тан астам көкек әкеге айыппұл салынды, 45 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды. Жұмыспен қамту бөлімімен бірлесе жұмыс істеудеміз. Борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында бос орындар жәрмеңкесі тұрақты өткізіліп тұрады, – дейді жеке сот орындаушысы Қанат Хафизов. – Таяуда ғана бірнеше адамды тұрақты жұмысқа орналастырдық.
Сот орындаушысының айтуына қарағанда, борышкерлердің басым бөлігі тұрақты табыс көзінің жоқтығын желеу етеді екен. Әйтсе де жұмыс істеуге ынталарының болмауы мәселені тұйыққа тіреп тұр. Кейбіреулер уақытша жұмыс істегенімен, ресми тіркелмейді. Ондағы ойлары – табыстарын жасыру.
Күні бүгінге дейін қолға алған қат-қабат шаруалардың нәтижесінде жыл басындағы 657 млн теңге қарыз 302 млн теңгеге қысқарған. Бұл орайда үгіт-насихаттан гөрі нақты іс-қимыл септігін көп тигізуде. Тығырықтан шығар жол іздеген сот орындаушылары мен жұмыспен қамту орталықтары елуге жуық борышкерді тұрақты жұмысқа орналастырып, жалақыларынан балаларына төленуге тиісті қаражат ұсталуда. Осылай бола тұра, мамандар соңғы жылдары алимент төлемей жалтаратындардың саны көбейіп бара жатқандығын айтып алаңдап отыр.
Жыл басынан бері қалалық, аудандық бөлімдерге алименттен жалтарушыларға іздеу салу туралы алпыстан астам қаулы түсіпті. Іздестіру нәтижесінде үш күннің ішінде 12 адамның тұрақты мекенжайы анықталған. Мамандардың айтуларына қарағанда, қиындық кейбір борышкерлердің ел аумағынан көшіп кеткендігінде болып отыр. Тиімді әдіс – борышкерлердің жеке көлігін айыппұл тұрағына қою. Алимент төлеуге қауқарымыз жоқ деп ант су ішетіндер қымбат көліктерінен айырылу қаупі төнгенннен кейін лезде қарыздарын өтеуге қаражат табатын көрінеді. Жыл басынан бері берешек қарыздары 20 млн теңгеден асып кеткен 15 борышкердің «темір тұлпары» алып қойылған соң алимент үшін төлейтін берешектерін бірер күннің ішінде тауып төлеген.
Осыған қарағанда, көкек әкелерге бауыр еті баланың жаутаңдаған жайынан көліктің қымбат болғаны ғой...
КӨКШЕТАУ