Өмірден тоқығаны мол, терең білім мен парасат иесі, кемел ойлы тұлға болған Еділ Ерғожаұлы өзінің ақкөңіл, байсалды да, байыпты әдемі мінезімен, көпшілдігімен бір көрген адамды баурап алатын еді. Осы бойындағы бар асыл қасиеттерді ата-анасының тәрбиесімен, үлгі-өнегесімен қатар туған жер, өскен өлкеден сусындап, бойына сіңіре білген жан. Еділ аға табиғаты жанға жайлы, жері құнарлы, таулы да, сулы, қоңыр желі көңіліңді әрқашан сергітіп, әдемілікке, көркемдікке, шығармашылыққа, жаңашылдыққа шақырып тұратын жер жаннаты Жетісу өңірінде туып өсті.
Еділ Ерғожаұлы студенттік шақтан ғылыми ізденістерге именбей араласып, өмірінің мақсаты үлкен ғылымда екендігін түсінді. Ғылыммен айналысу – үлкен шыдамдылықты, қажыр-қайратты, үздіксіз ізденуді қажет етеді. Онсыз ешкім белес түгілі, қарапайым табалдырықтан аттай алмайды. Өйткені ғылымның нәтижесі, өндіріске енуі аз уақыттың еншісінде емес. Өте көп уақытты, бірнеше жылдарды талап етеді. Ол темірдей берік төзіммен талмай ізденді, қиындықтан еш қорықпай, өзін өзі аямай тыңнан жол табу оның өмір жолындағы адастырмас Темірқазығына айналды. Зерттеу жұмысында жүйелілікті жаны сүйетін, асығыс ой қорытуды, лепірме бос сөз-ділікті ұнатпайтын кірпияз ғалым принципшілдігінен ешқашан ауытқыған емес. Қиыншылықты айналып өтіп, ұрандатып ойқастау оның табиғатына жат еді. Осындай қасиеттерге ие болу үшін тұлғаның тегі, білімі, еңбек етіп жүрген ортасы үлкен маңыз атқарады. Осылармен қатар, ғылымда, өмірде өз орнын таба білуге дұрыс бағыт-бағдар нұсқап отыратын жанашыр ұстаз-жетекшінің орны орасан зор. Еділ ағаның ғылымда сара жол салып, өзін де өзгені де жетілдіре білетін кемел ойлы тұлғаға айналуына ұстаздары Б.А.Бірімжанов пен С.Р.Рафиковтың ерекше ықпалы болды. Ұлы ұстаздары жайлы, олардың еңбектері, жасаған жақсылықтары туралы ол ерекше тебіреніспен айтушы еді. Көп оқитын, тереңнен қопара қазатын ізденімпаз Еділ Ерғожаұлы осындай рухани бай жандардан үлгі-өнеге алып, ұлағатты ұстаздары сілтеген жолды меңгере отырып, ғылым шыңын бағындырды. Осындай, ауқымды да терең мағыналы ғылыми-теориялық зерттеу жұмыстары Еділ Ерғожаұлын бүкіл әлемге танытты. Осы бағыттағы ғылыми мақалалары, әлемнің түкпір-түкпіріне таралатын мерзімді басылымдарда жарық көрді.
Жоғарымолекулалық қосылыстар, мембрана технологиясы және ионалмасу химиясы саласындағы зерттеулерді жалғастырып келе жатқан шәкірттері осы саладағы Еділ Ерғожаұлы Ерғожиннің бүкіл дүниежүзіне белгілі қазақстандық ғылыми мектебінің қалыптасқанының дәлелі. Ол көптеген дарынды химик-ғалымдар тобын тәрбиелеп өсірді. Қазақстанның түпкір-түпкірінде Еділ ағаның шәкірттері осы бағытта еңбек етуде, бұл оның химия саласы бойынша Қазақстан ғылымының өсіп-өркендеуі мен дамуына қосқан орасан зор үлесінің айғағы.
Еділ Ерғожаұлы ой-өрісі кең, ғылымның көптеген саласынан энциклопедиялық білімі бар, жан-жақты ғалым. Ол сондай-ақ әдебиетті, тарихты, ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді жақсы білетін, өнердің сан саласына ой жіберіп, жақсы пікірлер айтып отыратын. Оның әдемі қоңыр дауыспен айтқан әндері де ерекше әсер қалдырып, тыңдаушысын баурап алатын.
Еділ Ерғожаұлының мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі ғылым мен жоғары білім саласына сіңірген еңбегін, ғалымдығы мен шебер ұйымдастырушылық қабілетін халқы да, мемлекет басшылығы да жоғары бағалап, Үкімет тарапынан сан рет марапатталды.
Қазақтың маңдайына біткен қайталанбас тұлғалардың бірегейі, біртуар дара тұлға, ел игілігі үшін білімін сарп еткен ірі дарын иесі Еділ Ерғожаұлы білімділігімен, ғалымдығымен, жан-жақтылығымен, ерекше еңбексүйгіштігімен халықтың сүйген ұлы болды. Ол өмірінің ақырғы күндеріне дейін ғылымдағы ілгері ойдың, барша жаңалықтардың бастаушысы және қолдаушысы болды. Еділ ағаның адамдық, азаматтық биік тұлғасы замандастарының, әріптестерінің, шәкірттерінің, ұрпақтарының көңілінен еш уақытта кетпек емес, ел үшін істеп кеткен асқаралы ісі, ұрпағына мирас етіп қалдырған ғылым қазынасы халық есінде, тарихта мәңгі қалмақ. Қадірлі де, қастерлі есімі Қазақстан халқының есінде мәңгі сақталмақ.
Өмірзақ Жүсіпбеков,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор
Гүлзипа Нұрғалиева,
химия ғылымдарының докторы, профессор