Денсаулық сақтау министрі А.Цой коронавирус инфекциясы бойынша сырқаттанушылық көрсеткішінің өсуіне байланысты барлық өңірлер күшейтілген шектеу шарасын қабылдағанын атап өтті. Бұл ретте соңғы 2 аптада Маңғыстау облысында COVID-19 инфекциясын жұқтыру жағдайларының 2,7 есе, Ақтөбе облысында 2,1 есеге артқаны байқалады. Вице-премьер аталған өңірлерде КВИ-мен ауырудың артуы халықты вакциналаудың төмен қарқынымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Мәселен, Маңғыстау облысында тиісті контингенттен халықтың небәрі 19,7%-ы, Ақтөбе облысында – 31,4%-ы, Батыс Қазақстан облысында 31,6%-ы екпе салдырған.
ВАК төрағасы халықты вакциналаудың пайдасы мен тиімділігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ әсіресе, Алматы, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында карантиндік режімді сақтауды бақылау жөніндегі мониторинг топтарының жұмыс белсенділігінің жеткіліксіз екені айтылды. Отырыс соңында Премьер-Министрдің орынбасары халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаумен қамтуды ұлғайту қажеттігін тапсырды.
«Егемен-ақпарат»