Саясат • 09 Шілде, 2021

Мәліметтер «зыр жүгіретін» кез туды

342 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс». Бұл – Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетуді толықтай цифрландыру бойынша қойған басты тапсырмаларының бірі. Осы бағытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қандай жұмыстар атқарып жатыр? Енгізген жаңа сервистерінің ерекшелігі неде? Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде жиі туындайтын мәселелер қандай?

Мәліметтер  «зыр жүгіретін» кез туды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында БАҚ өкілдерінің осы және өзге де сұрақтарына «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорация­сы» КеАҚ басқарма төрағасы Әділ Қожықов пен оның орынбасарлары жан-жақты жауап берді.

Елімізде жыл соңына дейін бұлтты электронды цифрлық қол­таңба енгізу жоспарлануда. Бұл – «Азаматтарға арналған үкімет» ұсынып отырған жаңа сервистердің бірі. Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдиннің мәлімдеуінше, өткен жылы 4,8 миллион қазақстандық ЭЦҚ алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына келген. «Бұл барлық өтініштердің 30 пайызын құрады. Осыған орай, қазіргі таңда Цифрлық даму ми­нис­трлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-пен бірлесіп бұлтты ЭЦҚ енгізу мәселесін пысықтауда. Бұл жоба цифрлы қолтаңба алу процесін айтарлықтай жеңілдетуге мүм­кіндік береді. Бұл шешім халық­ты онлайн режімге көшірудің кілті болады деп санаймыз», дейді спикер.

Ол сондай-ақ халықтың көпшілігі мемлекеттік қызмет алу үшін әлі күнге дейін ХҚО-ға келуді жөн кө­ре­тінін мәлімдеді. «Қызметтерді тал­дау тек 6 қызмет түрі қызмет алу­шы­лардың 75 пайызын қамтитынын көрсетіп отыр», деген С.Әбділдин өз сөзінде бұлтты ЭЦҚ-ның қалай жұ­мыс істейтінін де түсіндіріп өтті.

«Электронды қолтаңба био­ме­т­риялық деректер бойынша жұ­мыс істейді. Өткен жылдың күзі­нен бастап mGov мобильді қосым­шасында авторландыру және биомет­риялық деректер арқылы тіркеу іске қосылды. Жүйенің өзі файл­дық болмайды, ал ЭЦҚ қашық­тағы серверлерде сақталады. Цифр­лы қолтаңба биометриялық сәйкестендіру арқылы алынады. Сол себепті қызмет алушыларға бұрын­ғыдай үнемі өздерімен бірге жеке куәліктерін немесе флеш­­­ка мен компьютерде­ ЭЦҚ алып жүру міндетті емес. Халықтың дені қызмет көрсету орталықтарына флэш-дискілерін жоғалтып алып, электронды қолтаң­ба­ларын жаңарту үшін келеді. Ал егер ЭЦҚ бұлтты болған жағдайда бұл деректің барлығы қашық­тағы сер­верде сақталып тұ­рады. Адамдар жеке басын биометриялық растаған кезде қолтаңбаны автоматты түрде шы­ға­рып алып, тиісті құжаттарға қол қоя алады», деп түсіндірді спикер.

Сондай-ақ енді азаматтар ХҚО-ға келген кезде кассаға кезекке тұрып, уақыт оздырмай бірден Homebank, Kaspi.kz қосымшаларындағы QR кодтың көмегімен мемлекеттік қызметтер үшін тез және қауіпсіз төлем жасай алады.

QR кодпен, мысалы, жер учаскелеріне актілерді дайындау және беру, жыл­жымайтын мүлікке құқық­тарды тіркеу, кондоминиум­ объектісін және жер қаты­настары, жылжы­майтын және жылжымалы мүлік, сондай-ақ заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласындағы басқа да мемлекеттік қызметтер үшін төлем жасауға болады. Ал QR төлемді пайдалана алмайтын клиенттер үшін банктермен бірлесіп, ХҚО операторларында POS терминалдар орнату мәселесі де шешілуде.

Брифинг барысында бас­қарма төрағасы Әділ Қожы­қов «Азамат­тарға арналған үкіметтің» мемле­кеттік қыз­меттерді көрсетуде еліміз­дегі бірыңғай провайдер екенін атап өтіп, төрт түрлі мекеменің қосы­луынан пайда болған корпорацияның құрылғанына биыл 5 жыл толғанын да еске салып өтті.

«Көпшілік бізді халық­қа қызмет көрсету орталық­тарына жауап­ты мекеме ре­тінде біледі. Алайда одан бөлек, жер кадастры, жылжы­­май­тын мүлік, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны есептеу, заңды тұл­ғаларды тіркеу сияқты бағытта­рымыз бар. Корпорация мемлекет­тік реестрдегі 659 қызмет тү­рін көр­сетеді. Бес жыл ішін­де қазақстан­дықтарға 150 мил­лионнан астам қызмет көр­сетілді», деді басқарма төрағасы.

Қазіргі таңда мемлекеттік корпорацияда 22 мың маман жұмыс істесе, облыстар мен үш мегаполисте барлығы 17 филиалы іске қосылған. Сонымен қатар ауыл-аудандарды қамтитын 339 халыққа қызмет көрсету орталығы, жыл­­жымайтын мүлік пен жер кадастры, әлеуметтік төлем­дер бойынша барлығы 442 бэк-офис ашылған. Бұдан бөлек, шал­ғай жатқан елді мекен­дер­ге баратын 69 мобильді ХҚО қызмет көрсетеді.