Іс-шараны кіріспе сөзбен ашқан академия президент-ректоры, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, профессор Еренғайып Омаров Қазақстан тәуелсіздігімен бірге түлеген тұңғыш Қайнар академиясына да 30 жыл толып отырғанын айтып, жоғары оқу орнының атқарып жатқан қызметіне қысқаша тоқталып өтті.
«Қайнар академиясы өзінің құрылуы мен дамуы барысында жоғары білімді білікті кадрлармен қамтамасыз етуде елеулі үлес қосып келеді. Ашылғалы бері оқу ордасының қабырғасынан 30 мыңға жуық түлек түлеп ұшты. Олар мәдениет, білім мен ғылым, экономика салаларында және басқару ұйымдарында жемісті еңбек етіп жатыр. Мектептен академияға дейінгі үздіксіз білім беру деңгейін қалыптастыру мақсатында академия жанында «Бакалавриат» орта мектебі мен «Қайнар» колледжі жұмыс істейді. Болон үдерісіне үн қосып, әлемдік білім мен ғылым талаптарына сай болу үшін білім ордасы әлемнің айтулы 60-тан астам университетімен келісімшарт жасасып, халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясындағы бірлескен жобаларды іске асырып келеді. Академия ғалымдары 30 жыл ішінде экономика, заң, тіл білімі, педагогика пен психология, шет тілдері, журналистика мен информатика салалары бойынша 1 мыңға жуық монографиялық еңбектер, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар мен электронды оқу басылымдарын жазды. Мұның өзі жоғары оқу орнының профессор-оқытушылық құрамының әлеуеті жоғары екенін аңғартса керек. Ал бүгін таныстырылымы өткелі тұрған жаңа кітаптар да университеттік білім беру талаптар үдесінен шығатын құнды еңбектер деп сенімді түрде айтуға болады», деді ректор.
Академияның ғылыми жұмыстары бойынша проректоры, ҰҒА-ның құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжапар Сапарбаев ректор тілге тиек еткен академия ғалымдарының 30 жыл ішінде дайындаған еңбектеріне қысқаша шолу жасап, білім берудің әртүрлі бағыттарына арналған жаңа кітаптардың мазмұнына ерекше тоқталды.
«Қайнар академиясының іргетасы қаланғалы бері мұнда еліміздің әйгілі ғалымдары мен педагогтері еңбек етіп, өздерінің ғылыми мұраларын көпшілікке ұсынды. Атап айтқанда, филологтер Ш.Сарыбаев, Ө.Айтбаев, Н.Оралбаева, К.Құрманәлиев; заңгерлер Е.Қайыржанов, М.Баймаханов, З.Ашитов; экономистер Я.Әубәкіров, А.Қошанов, Ә.Сапарбаев; тарихшылар Ж.Ибрашев, К.Хафизова, Т.Тілеуов; философтар Ж.Әбділдин, А.Нысанбаев, А.Қасымжанов; педагогтер мен психологтер А.Ахметов, С.Жақыпов, Х.Шеръязданова, С.Ұзақбаева, З.Мадалиева, М.Перленбетов және өзге де көптеген ғылым мен білімнің өкілін атап өтуге болады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде, ғылыми монографиялар мен оқулықтар жазып, оларды шығаруда академияның зияткерлік және кадрлық әлеуеті зор. Ұжымымызда жұмыс істейтін қазақстандық белгілі ғалымдар соңғы жылдары көптеген ғылыми монография мен оқулықты жарыққа шығару ісінде белсенділік танытып жүр. Олар: тарих және өркениет теориясы мен ұлттық тарих саласында Е.Омаров, Г.Қәдірқұлова, Т.Тілеуов; экономика, қаржы және менеджмент бойынша Ә.Сапарбаев, С.Әбдібеков, К.Сыздықова, Г.Қалиәкпарова, Е.Гриднева; құқық саласында Б.Қалағанов, Н.Апахаев; тілдер және қазақ филологиясында Г.Мұхаметқалиева, А.Құрманәлиева, Ф.Сәметова, Г.Балтабаева, А.Мұхтарова; педагогика мен психологияда С.Омарова, М.Перленбетов, Л.Көмекбаева, О.Федорович, М.Еркінбекова және басқалар. Келешекте де академияның профессор-оқытушылары ғылыми монографиялар мен оқулықтар жазудан қол үзбей, қалыптасқан игі дәстүрді әрі қарай жалғастыратынына сеніміміз мол» дей келе, академик Әбдіжапар Жұманұлы жаңа оқу жылында жарық көретін ғылыми монографиялық еңбектердің жоспарымен де таныстыра кетті.
Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп қатысқан Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясын вице-президенті (ҚазҰЖҒА), ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев Қайнар академиясының ғалымдары ҚазҰЖҒА академиясының белсенді мүшелері екенін айта келіп, қос академия ғалымдарының бірлесіп орындаған ғылыми жобалары, зерттеулері және монографиялық еңбектері қазақстандық ғылымды одан әрі дамытуға қосқан сүбелі үлесі деп бағалады.
Кітаптар тұсаукесерінде сөз алған «Қазақ психологиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, психология ғылымдарының докторы, профессор Мұқан Перленбетов пен профессорлар Салтанат Омарова және Бақытбек Қалағанов ғалымдардың жаңа туындыларын жоғары бағалап, білім алушылардың кәдесіне жарар құнды кітаптар екенін айтты.
Тұсаукесер рәсімін қорытындылаған Қайнар академиясының президент-ректоры Еренғайып Омаров Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай академия ғалымдары шығарған 1000 кітап Ұлттық кітапханасына тарту етілетінін мәлім етті.
Іс-шара Академия ұйымдастырған «Білім сапасын қамтамасыз етудегі заманауи трендтер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.
Фаузия САМЕТОВА,
филология ғылымдарының
кандидаты, профессор