Жер комиссиясы құрылып, бірнеше отырысы өтті. Комиссия құрамындағы сарапшылар жан-жақты талқылап, Президент назарына ұсынған шешімдер аяқ асты қалмады. Жердің шетелдіктерге сатылмайтынын нақтылаған Мемлекет басшысы ендігі кезекте осы саладағы кезек күттірмейтін мәселелерге нүкте қойды.Мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жəне игерілмеген, не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскелерін анықтау жəне алып қою туралы нақты нұсқаулық берілді. Енді жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жіті назар салып, Президент тапсырмасын орындайды ғой деген сенімдемін. Сондай-ақ шекаралық аймақ шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері ел азаматтарына жəне шетелдік қатысы жоқ Қазақстанның заңды тұлғаларына уақытша пайдалану құқығымен берілетіні де шегеленді.
Ақпараттың ашық әрі баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етудің маңызы талай айтылды. Осыған орай заңда жергілікті атқарушы органды бос жер учаскелері жөніндегі ақпаратты мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында, өздерінің интернет-ресурстарында жəне халыққа қолжетімді жерлердегі арнаулы ақпараттық стендтерде деректерді тоқсан сайын жаңартып отыруға міндеттейді. Бұл жариялылық азаматтық қоғамның қалыптасып, одан әрі дамуына зор үлес қосады. Себебі мемлекеттік орган ашық болса, халық та барлығынан хабардар болып, қараңғыда қалмайды. Одан бөлек, жер комиссиясының хаттамалық шешімдері облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уəкілетті органының интернет-ресурсында ай сайын жарияланып тұруы керек. Мұның барлығы халықтың игілігін көздейтін бастамалар екені сөзсіз. Сол себепті жер мәселесінде жергілікті деңгейде тұралап қалған көп мәселенің түйіні тарқайды деп сенеміз.
Төлеутай РАХЫМБЕКОВ,
«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, экономика ғылымдарының докторы