Коронавирус • 09 Шілде, 2021

Үнді штамы үлкенге де, кішіге де қауіп

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау депар­таментінің басшысы Динара Жаңабергенова БАҚ өкілдеріне өңірдегі эпидемиялық ахуал туралы айтып берді.

Үнді штамы үлкенге де, кішіге де қауіп

Індет білінгелі бері облыста коронавирус инфекциясының 7 392 жағдайы тір­келген. Оның 3 392-сі өткен жылы анық­талса, 4 мыңы жыл басынан бері белгілі болып отыр. Былтыр шілде айында 1 775 науқас тіркеліп, өршіген дерт жұрттың есін шығарған еді. Биыл індет 1 540 адам байқалған сәуір айында көп тіркелді. Ма­мыр айының үшінші онкүндігінен бастап азайып, маусымның ортасында тәулігіне 6-7 адамға дейін төмендеді.

– Бірақ елімізден мутацияланған үнді штамы байқалып, эпидемиялық ахуал күр­деленіп кеткенін білесіздер. Оның балалар арасында, 1 жасқа дейінгі нәрестелерден анықталуы бізді алаңдатып отыр. Облыс­тан республикаға референс зертханасына 22 сынама жолданып, оның 13-інен үнді штамының серотипі анықталды, – дейді департамент басшысы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының дерегі бойынша «Дельта» әлемнің 200-ге жуық елінен байқалған. Оның жұғу жылдамдығы алдыңғыларға қарағанда 60 пайызға жоғары және инкубациялық кезеңі де 2 есе қысқа. Яғни вирустың бұл түрі үл­кенге де, кішіге де қауіп.

– Инфекциядан қорғанудың бірден бір жолы вирусқа қарсы вакцинаның толық курсын алу, – дейді Динара Жаңабер­ге­нова. – Облыста екпе жасайтын 106 кабинет бар. Жеті мониторингтік топ емдеу мекемелерінде вакциналарды та­сымалдауға, «мұздай тізбек» ереже­ле­рі­нің сақталуына, екпе салуда регламент талаптарының, арнайы ережелердің бұ­зыл­мауына, екпе алған тұрғындарға меди­циналық бақылау жасалып, мәліметтер­дің «Вакцинация» модуліне енгізілуіне жүйе­лі түрде мони­торингтік бақылау жасап отыр. Кемшіліктер облыстық штабта қаралып, қорытындысы бойынша тиісті лауазымды тұлғаларға хаттамалық тапсырмалар берілуде.

Медициналық ақпараттық жүйенің деректеріне сәйкес биылғы 1 ақпан мен 6 шілде аралығында облыста вакцинаның 1 компонентін ектіргендер саны 173 630 адамға жеткен. Екінші бөлігін 93 338 тұр­ғын алыпты.

Департамент басшысы талап пен ты­йымды елемей түрлі отбасылық шара, ме­­рекелерді өткізетіндер азаймай отыр­ған­дығын да айтып өтті. Өңірдегі 167 мо­ни­­торингтік топ жыл басынан бері 10 621 нысанға рейд жасаған. Тексеру кезінде ка­рантин талаптарын бұзудың 343 дерегі анық­талып, айыппұл салынды.

Брифингте Динара Олжабайқызы тым қауіпті вирус түрін жұқтырудан аулақ болу үшін көпшілік жерлерге баруды доғара тұрып, мерекелік іс-шараларды онлайн форматта өткізу жөн екенін айтты.

 

Қызылорда облысы