Спорт • 09 Шілде, 2021

Сырт алаңда тең түсті

428 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сәрсенбі күні Алматының «Қайраты» қазақстандық футбол командалары арасында бірінші болып 2021/2022 жылғы Еурокубок ойындарының шымылдығын ашып берді. Араға 16 жыл салып ел чемпионы атанған «Қайрат» дәл сонша жылдан кейін биыл алғаш рет Чемпиондар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Сырт алаңда тең түсті

«Қайрат» Чемпиондар лига­сының алғашқы іріктеу кезеңінде Хайфаның «Маккабиімен» сырт алаңда кездесті. «Сам­ми Офер» стадионында өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқтал­ды. Ал­ма­тылық ұжымның Еу­ро­ку­бок жа­рыстарындағы ста­тис­­ти­ка­лық нә­тижелеріне көз жү­гір­тер болсақ, «Қайрат» бі­рін­ші іріктеу кезеңдерін өте сәт­ті бас­тағанымен, көбіне сырт алаң­дағы ойындарда тең түсіп жа­тады. Міне, кешегі ойында да же­ңіліп жатып есепті теңестіріп кетті.

Жалпы «Қайрат» Еуродода бәсекелерінде Израиль клубтарымен жиі кездеседі. Былтырғы ел чемпионы Хайфаның «Мак­кабиімен» биыл қатарынан екін­ші жыл ойнап жатыр. Ал­матының командасы былтыр Израиль клубымен Еуропа лига­сы­ның бірінші іріктеу кезе­ңінде жолықса, биыл екі ұжым Чем­пиондар лигасының ал­ғашқы кезеңінде кездесті.

Бір өкініштісі, «Қайрат» Израиль командаларымен үнемі Еурокубок турнирінің екінші ке­зеңінде жолығып, жарысты сол жерден аяқтайтын сәтсіз статис­тикасы бар. Мәселен, Алматы клубының Израиль командаларымен таныстығы 2016/17 жылғы Еуропа лигасында бас­талды. Сол жылы турнирдің екінші іріктеу кезеңінде Тель-Авивтің «Маккабиімен» кездескен қазақстандық ұжым екі ойын қорытындысы бойынша 3:1 (1:1, 1:2) есебімен жеңіліп, жа­рыстан шығып қалды. Ара­ға үш жыл салып «Қайрат» Еу­ропа лигасының екінші ірік­теу кезеңінде Израильдің та­ғы бір командасымен ойнап, Еу­рокубок бәсекесіндегі жоры­ғын мерзімінен бұрын аяқ­та­ды. Жерлестеріміз бұл жолы Беэр-Шеваның «Хапоэль» ұжы­мынан өте алмады. Екі матч қорытындысы бойынша «Қай­рат» 3:1 (1:1, 0:2) есебімен есе жі­берді. Ал 2020-2021 жылғы Еу­ропа лига­сының екінші кезе­ңінде тағы да «Маккабимен» ойнап, сырт алаңда өткен кездесуде 2:1 есебімен ұтылып, жарысты аяқ­тауға мәжбүр болды.

Бір қуанарлығы, «Қайрат» биыл Израиль командасымен Еуропа лигасында емес, Чем­пиондар лигасында және екін­ші емес, бірінші іріктеу кезе­ңінде жолығып тұр. Еуропа ли­гасындағы сәтсіздік бұл турнирде қайталанбайды деген үміттеміз. Оның үстіне алматылық ұжым сырт алаңда өткен бірінші ойында тең түсті. Бұл – қарымта ойыны­н өз алаңында өткізетін клубқа айтарлықтай басымдық береді.

Биылғы «Маккаби» – «Қай­рат» арасындағы ойынға тоқ­талар болсақ, жерлестеріміз «ә» дегеннен-ақ ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысты. Тіпті 30 мыңға жуық жанкүйердің қолдауына ие болған алаң ие­леріне қарағанда алғашқы қа­уіпті шабуылды да алматылық ұжым ұйымдастырды. 8-минутта Вагнер Лавтың тепкен до­бы қақпадан асып кетсе, 11-ми­нутта Айбол Әбікеннің жасаған соққысын «Маккаби» қақпашысы қайтара білді. Де­генмен, алаң иелері бі­рінші тайм аяқталар тұста гол соғып, есеп­ті ашты. Омер Ацили «Қай­рат­тың» екі қорғаушысынан аула клубының ойыншысын ал­­да­ғандай оңай сытылып шы­ғып, Стас Покатиловты қапы қалдырды – 1:0.

Екінші таймды да «Қайрат» ойыншы­лары белсенді бастады. 55-минутта тағы сол Вагнер гол со­ғатын тамаша мүмкіндікті тиім­ді пай­да­лана алмады. Бірақ көп өтпей жер­лес­теріміз таразы басын теңес­тіріп кетті. Ойынның 76-минутында бұ­рыш­тамадан асы­рылған допқа қазақ­стан­дық қорғаушы Нұрәлі Әліп бі­рін­­ші жетіп, баспен гол соқты. Есеп – 1:1.

Ойын аяқталған соң алаң қо­­жа­йындарының бас бапкері Барак Бахар матчқа қатысты пікір білдірді. «Қарсыласымыз бұл матчқа бабында келгені бай­қалып тұр. Жалпы ойын таб­лодағы көрсеткішке сай, тең дә­режеде өтті. Енді келесі ай­на­лымға шығу үшін Алматыда қалай да жеңіске жетуіміз керек. Бізге алғашқы матч өз бабымызға келіп алу үшін жақсы мүмкіндік болды. Енді ойынымызды жақсартуымыз керек», деді Бахар матчтан кейін.

Енді екі ұжым араға апта салып 14 шілдеде Алматыда жо­лығады. «Қайрат» клубының бас­­пасөз қызметі таратқан ақ­парат бойынша, Орталық ста­диондағы матч 50 пайыз жан­күйерлердің қолдауымен өт­пек. Егер алматылық клуб өз ала­ңында өтетін ойында же­ңіске жетер болса, келесі ке­зең­де Сербияның «Црвена Звез­дасымен» кездеседі.

Тағы бір айта кетерлігі,

би­ыл­­­­­­дан бастап Еуродода бәсе­ке­лерінде сырт алаңда соғылған голдың ма­ңыздылығы жойылды. Енді тек екі ойын нәтижесі бойын­ша ғана үздік атанған клуб келесі кезеңге жолдама алады. Егер командалар тең түсіп жатса, қосымша 15 минуттан екі тайм ойнайды. Қосымша уа­қытта да жеңімпаз команда анық­талмаса, онда пенальти сериясына жүгінеді.