ANTIKOR • 09 Шілде, 2021

Енді жемқорлар ақшасын шетелде жасыра алмайды – Антикор

946 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі негізсіз баю үшін жауапкершілік енгізуді ұсынды. Бұл туралы бүгін өтіп жатқан ведомствоның алқа отырысында 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша Төраға Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz

Енді жемқорлар ақшасын шетелде жасыра алмайды – Антикор

Агенттік төрағасының айтуынша, Парламент жұмысы аяқталғанға дейін Мәжіліске тиісті түзетулер енгізілген.

«Түзетулердің бірі негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу болады. Бұл биылдан бастап іске қосылған жалпыға бірдей декларациялау тетігінің логикалық жалғасы», деді ол.

Агенттік шығысы заңды кірісінен едәуір асатын мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынған. Бұл жағдайда шенеунікке айыппұл салу немесе оны жұмыстан босату қарастырылады. Осы ретте Қазақстан ЭЫДҰ-ның салық ақпаратын Автоматты алмасудың Дүниежүзілік жүйесіне қосылып жатыр.

«Оның көмегімен біз шетелдік шоттар мен активтер туралы мәліметтер алу мүмкіндігіне ие боламыз. Енді жемқорлар ақшаны шетелде жасыра алмайды», деп атап өтті Ахметжанов.

Ведомство басшысы сөзінше Антикор қызметінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бірінші орынға шығады. Оның айтуынша, 6 айда 180-нен астам талдау мен мониторинг жүргізілді. Олар бойынша 2200-ге жуық ұсыным мен ұсыныс берілді. 

Агенттік төрағасы мемлекеттік органдар енгізілген ұсыныстарды әрдайым орындай бермейтінін де атап өтті.

«Өткен жылдың сәуір айында біз Энергетика министрлігіне өтінімдерді қарау және газ көлемін бөлу тәртібін өзгерту бойынша ұсыныс білдірдік. Онда сыбайлас жемқорлық нормалары көп болды. Министрлік елемеді. Нәтижесінде қараша айында нарық субъектілерінен пара алған басқарма басшысы Н.Амангелдіұлы ұсталды. Осыдан кейін ғана рәсімдер өзгертілді», деді ведомство басшысы.

Шешім ретінде Агенттік мемлекеттік бақылаудың жеке саласы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін айқындау жолымен бақылаудың, бағалаудың және ықпал етудің тиімді тетігін құруды ұсынады.

«Бұл бізге қосымша өкілеттіктер бермейді, бірақ мемлекеттік аппарат пен азаматтарды қылмыстық орбитадан қорғауға мүмкіндік береді», деп түйіндеді ол.