
Дін істері агенттігі Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының бас сарапшысы, саяси ғылымдар кандидаты Мейрам ИМАНБАЕВПЕН арадағы әңгімеге қоғам ішінде қозғалатын кейбір түйткілді мәселелер арқау болды.
Дін істері агенттігі Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының бас сарапшысы, саяси ғылымдар кандидаты Мейрам ИМАНБАЕВПЕН арадағы әңгімеге қоғам ішінде қозғалатын кейбір түйткілді мәселелер арқау болды.
«Таза ислам» ілімін ұстанушы ағымдар зайырлы қоғамды мүлдем қабылдамайды
– Мейрам Өткелбайұлы, бүгінгі қоғамдағы діни ахуал төңірегіндегі шиеленістер Құдай жолы мен дін ісін ажырата алмай дағдарысқа түсудің көрінісі іспетті. Бұл исламның рухани әлеміне жүрек көзімен қайта қараудың мезгілі жеткенін аңғартып тұр емес пе?
– Қазіргі күнде Қазақстандағы ислам қауымының ішінде исламның ханафи мазхабының және қазақ халқының салт-дәстүрлері мен түсініктерінің үйлесімді қосындысы түріндегі дәстүрлі жолды ұстанушылар мен радикалдық сипаттағы исламдық ағымды ұстанушылар арасында пікір қайшылықтары және осыдан туындайтын идеялық теке-тірестер орын алып отырғаны шындық. Мұндай жағдайлар әлі де болса екі тараптың идеялық келіспеушіліктерінен, күнделікті қарым-қатынастарындағы және баспасөз беттеріндегі пікірталастар шеңберінде көрініп отырғанымен, елімізде соңғы жылдары бұл мәселенің күрделену бағытында дамып бара жатқандығы анық байқалады.
Таяу Шығыста пайда болып, қазіргі күнде ғаламдық құбылыс ретінде әрекет етіп отырған исламдық бағыттағы радикалдық ағымдар туралы айтқанда, оны «салафишілік» ұғымымен байланысты қарастырады. Бұл ойға қонады, өйткені, қазіргі күнде әртүрлі және көптеген атаулармен белгілі болып жүрген радикалдық ағымдардың идеялары мен әрекеттерінің бастауы (ваххабиттер, жихадшылар, тәкфіршілер және т.б.) ислам дінін әу баста пайда болған таза қалпында ұстануды басшылыққа алу идеясынан туындайтыны талас тудырмасы анық.
– Негізінен, исламдық бағыттағы радикалдық ағымдардың теріс идеялары мен іс-әрекеттері ТМД кеңістігіндегі елдердің барлығына ортақ көрініс. Осы орайда, көрші Ресейдің бүгінгі исламдық кеңістігінде қалыптасып отырған діни ахуал төңірегінде не айтасыз?
– Расында да, исламдық бағыттағы радикалдық ағымдардың теріс идеялары мен іс-әрекеттері ТМД кеңістігіндегі елдердің барлығына тән деуге болады. Ал Ресейдегі исламдық кеңістікте қалыптасып отырған діни ахуалға жіті назар аударар болсақ, біздің еліміздегі діни ахуалдың қазіргі жай-күйі мен болашағы тұрғысынан көрші елдегі діни үдерістерге тереңірек мән берген дұрыс. Біріншіден, бұл ұқсас саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйе. Екіншіден, Ресей құрамындағы Солтүстік Кавказ бен Волга жағалауындағы бірқатар халықтар (татар, башқұрт) мәдени және діни-мазхабтық тұрғыдан біздің елімізбен біртұтас кеңістікті құрайды. Үшіншіден, көрші елде болып отырған оқиғаның ертелі-кеш маңайындағы елдерге өз ықпалын тигізетіндігі қарапайым өмір заңдылығы екені даусыз.
Ал қазіргі күнде Ресейдің қоғамдық-саяси өмірінде ислам факторы шиеленісті сипатымен алдыңғы орынға шығып отырғаны даусыз.
– Бұл қалай көрініс тауып отыр?
– Ресейдегі өткір діни ахуалға бір жағынан, оның құрамындағы Солтүстік Кавказ республикаларындағы оты толық сөнбеген соғыс ықпал етіп отырған болса, екінші жағынан Волга бойындағы федерация субъектілерінде, оның ішінде Татарстанда орын алып отырған радикалдық ағымдардың кең қанат жаюы және оны ұстанушылардың белсенді әрекеттері де өз әсерін тигізуде. Осы орайда, посткеңестік елдерде орын алып отырған дәстүрлі мазхабты ұстанушы діндарлар мен радикалдық ағымдарды ұстанушылар арасындағы теке-тірестердің түпкі себебіне келер болсақ, меніңше, мұндағы басты себеп – ол «таза ислам» ілімін ұстанушы радикалдық ағымдардың зайырлы мемлекет құндылықтарын мүлдем қабылдамайтын және зайырлы мемлекетпен ымыраға келмейтін ұстанымынан туындайды.
Осы ретте, қоғамдық деңгейдегі пікірлерде азаматтарымыздың радикалдық бағыттағы исламдық ағымдардың қатарына өтуіне баға бергенде, оны әлеуметтік, экономикалық қиындықтармен түсіндіретін ойлар басымдық танытып отырады. Әрине, бұл қатардағы шешімін таппаған күрделі мәселелердің белгілі бір түрде жат діни ағымдар мен идеялардың таралуында түрткі рөлін атқаратын ықпалын жоққа шығара алмасақ та, оның негізгі себебін құрай алмайтыны анық. Бұдан шығар тұжырым: бұл, ең біріншіден, радикалдық діни ағымдардың жоспарлы түрде жүргізіп отырған жұмыстары деп баға берген дұрыс.
Утопиялық сарындағы «Күн қаласына» ұқсайтын
идеялар оған қолдау білдіретін мүдделі күштер пайда болғанда «шынайылыққа» айналады
– Радикалдық сипаттағы жат діни ағымдардың жекелеген ұстанушыларының заңсыз қадамдарға баруларын немен түсіндіруге болады?
– Радикалдық сипаттағы діни ағымдар мен идеялардың таралуын жоспарлы түрде іске асырылып отырған әрекет деп алар болсақ, бұл, өз кезегінде, олардың әрекеттері мен мақсаттарын қоғамдық көзқарас тұрғысынан ақтауға тырысатын сарапшылар арқылы іске асады.
Мұндай «сарапшылар» жекелеген азаматтардың радикалдық сипаттағы исламдық ағымдардың қатарына қосылу себебін «оларға мұсылман ретінде өздерін жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отырған билік саясатының» немесе «қарапайым және радикалды мұсылмандардың аражігін ажырата алмайтын құқық қорғау органдарының солақай ұстанымының» салдарынан туындайтыны туралы пікірлерді қоғамдық ойға тықпалауға ұмтылады.
Әрине, жат діни ағымдардың мүдделерін «қызғыштай қорғайтын» мұндай көзқарастар мен пікірлердің мақсаты айқын: радикалдық ағымдардың ұстанушылары бірінші кезекте өздеріне пәрменді түрде қарсы тұра алатын билік құрылымдарын қаралауды және олардың қызметтеріне көлеңке түсіруді көздейді. Бұл, өз кезегінде, қоғамдық пікірде оларды жазықсыз қылып көрсетеді де, керісінше, мемлекеттік билік институттарымен ара-қатынаста сенімсіздікті қоздатуға мүмкіндік береді.
– Салафишілік идеясы төңірегінде бой көрсетіп жүрген ағымдар туралы айтсаңыз. Олардың мақсат-мүдделері қалай көрініс табуда?
– Исламдық бағыттағы әртүрлі ағымдардың діни мәселелер төңірегіндегі пікір алшақтықтары мен қайшылықтары туралы кәсіби исламтанушы-теологтар айтқаны дұрыс болар. Дегенмен, бұл мәселеге байыппен назар аударатын кез келген көзі қарақты азаматтың ислам дінін бетперде ретінде пайдаланып жүрген теріс ағымдардың бүгінгі күнде әлемдік деңгейдегі белгілі бір күштердің «саяси жобасына» айналғанын аңғаратыны анық. Бүгінгі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы бірқатар елдердің басынан өткеріп отырған «тар жол, тайғақ кешу» жағдайы осыған нақты дәлел бола алады. Бұл жерде мынадай шынайылықты түсіну керек: кез келген идеяның ертелі-кеш өз алдына саяси мақсаттар қоя бастайды және бұл исламдық бағыттағы ағымдар мен ілімдерге де тән құбылыс. Ал олардың идеясы айта-айта таптаурын тақырыпқа айналған идеалдық сипаттағы діни қағидаттарға негізделген «таза ислам мемлекетін» құруға тұғырланатыны жасырын емес. Бір қарағанда утопиялық сарындағы «Күн қаласына» ұқсайтын мұндай идеялар, оған қолдау білдіретін мүдделі күштер пайда болған кезде «шынайылыққа» айнала бастайды. Көріп отырғандай, бұл мәселенің астары анағұрлым күрделі...
Өкінішке қарай, діни экстремизм мен терроризмнің осындай қауіпті түрі діни сауатсыздық, өз тарихын елемеушілік, ата-бабалардан жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жоққа шығару, зайырлы мемлекет жүйесін исламдандыруға талпыну тәрізді осы қатардағы басқа да келеңсіз факторлардың ықпалымен біздің елімізде де біртіндеп бой көтере бастауда. Сондықтан, қоғамымыздың бүгіні мен ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтар тарапынан дін төңірегіндегі мәселелерге үнемі сергектік танытып отыру керек-ақ.
– Еліміздің Конституциясында және қолданыстағы дін саласын реттейтін заңнамада мемлекетіміздің зайырлы құрылысы мен діни сенім бостандығы нақты көрініс тапқан. Бұл жеткілікті емес пе?
– Әрине, мемлекетіміздің діни сенім және ар-ождан бостандығын, рухани түлеуді, ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған салиқалы саясатты жүзеге асыруының нәтижесінде бүгінгі діни ахуал тұрақты екені даусыз. Дегенмен, мен еліміздің діни кеңістігіндегі мәселелер туралы айтқанда азаматтарға бекер жүгініп отырғаным жоқ. Өйткені, мемлекет, ең қарапайым тұрғыдан алғанда, әрбір жеке азаматтың ерік-қалауының нәтижесі дейтін болсақ, қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімі біздің әрқайсымыздан халқымыздың салт-дәстүрлері мен заманауи дамудың үйлесімді мұраттарын басшылыққа алатын демократиялық құндылықтарды сақтау мен нығайтуды үнемі өзектендіріп отыруды қажет етеді деп ойлаймын.
Әртүрлі «ұстаздар» мен «шейхтардың»
жастарымызға дұрыс діни білім беруі неғайбыл
– Кейінгі кезде қоғамдық пікірде «жастарымыздың шетелдердегі теологиялық оқу орындарында білім алу тетіктерін реттеу қажет» деген ойлар жиі көтеріле бастауда. Бұған не айтар едіңіз?
– Қазақстан азаматтарының білім алу мақсатында шетелдерге шығуы бүгінгі күнде үйреншікті жайтқа айналды десе де болады. Әрине, басқа да ғылым салалары тәрізді сапалы исламдық діни білім алу үшін шетелдердегі жетекші теологиялық оқу орындарының маңызын ешкім жоққа шығармасы анық. Дегенмен, осы мәселеде мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі саясатты қолға алатын уақыт жеткен тәрізді. Өзіңізге мәлім, қазіргі күнде мемлекеттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде білім алу үшін азаматтардың бастапқы, яғни бакалавр деңгейіндегі жоғары білімі болуы тиістігі туралы талабы бар. Бұл өте дұрыс талап, өйткені, жоғары білімі және өз саласы бойынша нақты мақсаты бар жастар ғана шетелдік оқу орындарында сапалы білім ала алатыны даусыз. Меніңше, осыған ұқсас жүйені шетелдік діни оқу орындарында білім алғысы келетін азаматтарға да талап ретінде қоюды ойластырған дұрыс болар еді. Яғни, бұл қисынды басшылыққа алар болсақ, отандық арнаулы діни білім беретін медреселерді және жоғары оқу орындарын бітірген, өмірлік көзқарастары қалыптасқан жастардың шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алуы қай жағынан алғанда да анағұрлым пайдалы болады деп ойлаймын.
Бұл, өз кезегінде, қазақстандық азаматтардың шетелдерде сол елдердің мемлекеттік органдары тарапынан рұқсат берілген ресми діни оқу орындарында білім алуларын тәртіпке келтіру мәселесін алға шығарады. Себебі, шетелдерге діни білім алуға барған азаматтарымыздың мақсаты күмәнді бейресми діни оқу орындарында (марказдар, худжралар) білім алуы көрініс бере бастауда. Ал мұндай оқу орындарындағы «ұстаздар» мен «шейхтардың» жастарымызға дұрыс діни білім беруі неғайбыл... Одан бөлек, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың бірқатар елдерінде қалыптасып отырған ішкі қоғамдық-саяси ахуалды ескерер болсақ, шетелдерде діни білім алып жүр деген азаматтарымыздың әртүрлі теріс ұйымдарға тартылып кету қаупі де күннен-күнге ұлғайып отыр.
Сондықтан, ұл-қыздарын шетелдік діни оқу орындарында оқытқысы келетін ата-аналарды және шетелдерде білім алғысы келетін жастарымызды бұл мәселеге байыппен қарауға шақырғым келеді.
– Радикалдық ағымдардың алдын алуда мемлекет тарапынан қандай жұмыстар жүргізіліп отыр? Бұл бағыттағы жұмыстарға діни бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар қаншалықты көмек беруде?
– Орынды сауал. Елімізде дәстүрімізге жат діни ағымдар мен идеялардың алдын алу және оларды ұстанушылармен жұмыс істеу бағытында мемлекеттік органдар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен, қоғамдық ұйымдармен, теолог-ғалымдармен, сарапшылармен бірлесе отырып, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар, жат діни ағымдардың кереғар идеяларының жетегінде кеткен азаматтармен жүйелі жұмыстар жүргізіп отырғанын айта кету керек. Осының нәтижесінде көптеген азаматтар өз қателіктерін түсініп, дәстүрлі өмір сүру ортасына қайта оралуда.
Мәлімет ретінде айтар болсам, Дін істері агенттігі жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, биылғы жылы Жамбыл облысының Қордай ауылында «Таблиғи Жамағат – елге жат ағым», Атырау қаласында «Жастар және дін», Көкшетауда «Ислам терроризмге қарсы», Жезқазғанда «Тәкфіршілік – діни экстремизмнің қауіпті түрлерінің бірі», Ақтау қаласында «Ислам және жихадизм», Астана қаласында «Діни білім беру және ағарту діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу факторы ретінде», Талдықорғанда «Матуриди ақидасы – Әбу-Ханифа ілімінің жалғасы» тақырыптарында ауқымды республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткізді. Бұл конференцияларға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері, дінтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындары мен БАҚ өкілдерімен қатар, шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Конференциялардың нәтижелері бойынша іс-шараға қатысушылардың діни радикализм мен экстремизмді айыптайтын, дәстүрлі дініміз бен мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп отырған саясатына қолдау білдіретін үндеулері БАҚ беттерінде жарияланып отырды.
Осы жерде, аталған шаралар агенттіктің атқарып отырған көптеген жұмыстарының бір тұсы ғана екенін баса айта кеткім келеді.
Сонымен қатар, діни ахуал тұрғысынан күрделі өңірлерде исламдық бағыттағы радикалдық ағымдарды ұстанушыларды дәстүрлі ортаға қайтарумен мақсатты жұмыс істейтін орталықтардың атқарып отырған жұмыстарын айта кеткен абзал. Осы қатарда Ақтөбе облысындағы «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығының, Атырау облысындағы «Шапағат» қоғамдық қорының жұмыстары басқаларға үлгі боларлықтай. Аталған орталықтарда қызмет атқарып отырған исламтанушы-теологтардың сол өңірлердегі проблемалық елді мекендерде және мешіт жамағаттары арасында дәстүрлі дінді насихаттауға және радикалдық сипаттағы жат діни ағымдардың алдын алуға бағытталған іс-шараларының нәтижесінде көптеген азаматтар дәстүрлі құндылықтарға қайта оралуда.
– Діни тұрақтылықты сақтауда және оны нығайта түсуде қандай басымдықтарға мән берілу керек деп ойлайсыз?
– Әрине, мемлекеттік органдар тарапынан қоғамымыздың тұрақтылығы мен рухани тұтастықты сақтау мен нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Осы ретте, Елбасы Жарлығымен таяуда бекітілген 2013-2017 жылдарға арналған Діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның қабылдануы бұл бағытта кешенді іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берері анық.
Сөзімнің соңында, елімізде қалыптасып отырған діни ахуал бүгінгі күнде тұрақты десек те, бұл тез өзгеріске түсіп отыратын динамикалық құбылыс екенін баса айтқым келеді. Сондықтан, билік дін саласында орын алып отырған өзекті мәселелерге қатысты өз позициясын ашық білдіріп отыруы қажет. Бұл мемлекет саясатының Конституциямызда көрініс тапқан зайырлылық қағидатынан бастау алатын құндылықтар мен ұстанымдарды басшылыққа алуға тұғырлануы керектігін білдіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан: «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек», деген сөзі мемлекет пен діннің қарым-қатынасы мен арақатынасын қозғайтын мәселелердегі негізгі ұстанымға айналуы тиіс деп санаймын.
Әңгімелескен
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».