Руханият • 09 Шілде, 2021

«Теріскей толғаулары» антологиялық кітабы жарық көрді

621 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлы күйшісі» атты кездесу өтті, деп жазады Egemen.kz.

«Теріскей толғаулары» антологиялық кітабы жарық көрді

Басқосу барысында «Теріскей толғаулары» кітабының таныстырылымы мен тұсаукесері өтті.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қолдауымен жарық көрген кітаптың авторы - Қазақ Ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының профессоры, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай.

Кітап Қорқыт ба­ба мұрасының жалғасы Ықыластың шәкірті, Қаратау күйшілік мектебінің негізін қалаушы, күйші-композитор Сүгір Әліұлының мұраларына арналған. Онда Сүгірдің 60 күйі және оның ұстаздары мен өнегесін көрген шәкірттерінің сирек орындалатын туындылары жинақталған.

«Кітаптың ішінде жаңалық өте көп. Басым бөлігі - бұрын жарияланбаған күйлер. Кітапқа заманында өзі өнеге көрген және батасын алған ұстаздары – Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы, Сайдалы сары Тоқа, Бапыш Қожамжарұлы, Сатыбалды Бегайдарұлы сынды халық күйшілерінің туындылары мен Сүгір мектебінің өкілдері, оның ішінде Асқар Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Көбдік Кәрбозов, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды көптеген композиторлардың күйлері кірді. Сүгір Әліұлының орындалмаған күйлері өте көп.

Революцияға дейінгі, совет кезеңіндегі, «Созақ көтерілісі», «Дала аңызы» сияқты күйлері бірнеше тарауға бөлінеді», деді автор. 

Автор кітапқа енген күйлерді зерттеп, нотаға түсіру, оларға музыкалық анализ жасау сияқты мәселелерге 15 жылдай уақытын арнаған.

Онлайн форматта өткен жиынға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Құлбек Ергөбек, Қазақ Ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының профессоры, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, сүгіртанушы Мәди Байдәулетов, Сүгір Әліұлының ұрпағы, немересі Қалдан Тұрсынбаев, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының профессоры, «Халық аспаптары» факультетінің деканы Ержан Жәмеңкеев, Шымкент музыка колледжінің аға оқытушысы Марат Анашев және тарихшылар мен ғалымдар, жас күйшілер, ұлттық аспапта ойнаушылар қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.