Аймақтар • 09 Шілде, 2021

«Қандыағаш-Мақат» жолы қашан аяқталады?

508 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жыл соңына дейін Ақтөбе мен Атырау облыстарын байланыстыратын республикалық маңызы бар «Қандыағаш-Мақат» автомобиль жолын реконструкциялауды аяқтау жоспарланып отыр, деп жазады Egemen.kz.

«Қандыағаш-Мақат» жолы қашан аяқталады?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған жол өткен ғасырдың 60-жылдарында салынған. Елі жылдан астам уақыт бойы мұнда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондықтан соңғы уақытта автокөлік жүргізушілері тас жол бойындағы ауыл арасындағы жолдармен жүруге мәжбүр болды.

«Реконструкция жобасы жалпы ұзындығы 304 шақырымдықжеті учаскені, сондай-ақ теміржол арқылы 11 көпір мен екі жол өткелін салуды қамтиды. Бұл жұмыс басталғанға дейін Қандыағаштан Мақат ауылына дейінгі жол уақыты кем дегенде 11-12 сағатты, ал Атырау қаласына дейін 14 сағатты құраған еді. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Қандыағаштан Мақатқа дейінгі жүру уақыты шамамен 4 сағатты, ал Атырауға дейін 6 сағатты құрайтын болады» деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Жол құрылысының бас мердігерлері – «Тодини», «Шанхай Констракшн», «Аккорд» БК/«Ақ жол құрылыс» және «Ант Иншаат» компаниялары. Биыл бұл компаниялар 1 353 мың тонна асфальтбетон төсеуі қажет. Бүгінге дейін оның 1008 мың тонна төселді.

«Жобаны іске асыруға шамамен 1000 адам мен 680-нен астам техниканың жұмылдырылған. Бұдан бөлек, жоба аясында Атырау облысы, Мақат ауданының Доссор ауылына айналма жол салынуда. Бұл Доссор тұрғындары үшін қауіпсіз жағдай жасайды» деп хабарлады баспасөз қызметі.

Аталған жобаны іске асыру жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамытуға, демалыс орындарын ұйымдастыру арқылы жергілікті тұрғындардың кәсіпкерлік қызметке бет бұруына оң әсер етеді.