Аймақтар • 09 Шілде, 2021

COVID-19: Батыс Қазақстанда 700-ден астам адам ауруханада жатыр

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирустен емдейтін арнайы стационарларда емделіп жатқан науқас саны 731-ге жетті. Індет басталғалы облыста 420 адам COVID-19-дан көз жұмған, деп жазады Egemen.kz.

COVID-19: Батыс Қазақстанда 700-ден астам адам ауруханада жатыр

Осы кезге дейін Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 26 379 адам тіркелген екен. Індет жұқтырғандардың 78,6-%-ы, яғни 20 735 адам жазылып шыққан. Соның ішінде 9 668 адам стационарлық, 11 067 адам амбулаториялық ем алған.

- Шілденің 9-ында облыстың инфекциялық стационарларындағы 97 реанимациялық төсек-орында 54 науқас емделіп жатыр. Жансақтау бөлімдерінің толымдылығы 60 пайызға таяды, - дейді облыстың бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев.

Реанимациялық төсекте жатқан науқастар негізінен жасы 60-тан асқан егде жандар. Жүрек-қан тарымы, диабет секілді қосалқы дерттер коронавирустың қауіптілігін күшейте түседі. Сондықтан мамандар қарияларға, созылмалы дерті бар жандарға сақтық шараларын күшейтуді, көпшілік орындарға бармауды ескертуде.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, коронавирусқа қарсы вакцинаның ІІ компонентімен өңірде барлығы 71 502 адам егілген. Бұл жалпы облыс халқының 10 пайызынан сәл ғана артық.

- Бұл өте аз! Тұрғындардың басым көпшілігі екпе алмайтын болса, коронавирустың таралу қарқынын тежеу мүмкін емес, - дейді Мұхамғали Арыспаев.

Облыста екпе жұмысы биылғы 1 ақпанда басталды. Содан бері өңірге вакцинаның 320 050 дозасы келіп түскен. Мұның 188 000 дозасы – I компонент, 132 050 доза II компонент. Оның ішінде Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасы247 050 доза. Отандық «QAZVAС» вакцинасы 7 000 доза, Біріккен Араб әмірліктерінде өндірілген «Hayat - Vax» вакцинасы 50 000 доза, Қытайда өндірілген «CoronaVac» вакцинасы 16 000 доза екен.

Жалпы облыс бойынша вакцинаның І компонентімен 122 187 адам егілген. 91 092 адам – «Спутник V» екпесін, 1 959 адам - «QazVac»-ты, 22 901 адам - «Hayat - Vax» вакцинасын, 6 235 батысқазақстандық «CoronaVac»-ты таңдаған.

- Халықты COVID-19 коронавирустық инфекциясынан қорғаудың жалғыз әрі тиімді жолы вакцинациялау. Екпенің арқасында адамзат шешек сында аса қауіпті ауруды жеңіп, дифтерия, қызылша, сіреспе және тағы басқа ауыр инфекциялық ауруларға қатысты салыстырмалы эпидемиологиялық тұрақтылыққа қол жеткізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 60%-дан кем емес бөлігі вакцинациялануы тиіс. Аймақта эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін санитарлық нормаларды қатаң сақтайық, адам көп жиналатын қоғамдық орындарға бармайық, – дейді өңірдің бас санитар дәрігері.