Елорда • 09 Шілде, 2021

Covid-19: Елорда тұрғындары жеке клиникаларда да тегін оңалтудан өте алады

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Қор елімізде оңалту қызметтерінің дамуына қолдау көрсетеді, оның ішінде коронавирустық пневмониямен ауырған науқастарға, қауіпті созылмалы сырқаттардың ерте сатыда дамуының алдын алуға мүмкіндік береді» деп хабарлайды  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметі.

Covid-19: Елорда тұрғындары жеке клиникаларда да тегін оңалтудан өте алады

Жалпы, медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады:

Біріншісі ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі.

Егер пациентті ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.

Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізілуі қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына, тағы да басқа факторларға байланысты.

Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, шипажайлар мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы 2021 жылы оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Олардың ішінде: 20 жекеменшік, 22 мемлекеттік, 3 республикалық медицина ұйымы бар.

Жыл басынан бері елордада 3,23 млрд теңгеден аса сомаға оңалту  қызметі көрсетілді. Амбулаториялық-емханалық деңгейде 204 млн теңге сомасына 252 001 қызмет көрсетілді», деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Коронавирустық пандемия оңалтудың қаншалықты маңызды екенін және бұл бастама қаншалықты уақытылы жүзеге асырылғанын көрсетті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыруда.

Коронавирус инфекциясы ковидтен кейінгі түрлі асқынулармен ауырғандар үшін қауіпті. Ковидтен айығып шыққан науқастардың басым көпшілігі, демікпемен қоса, жүрек, буын ауруларының белгісі мазалайды. Сондықтан науқас короновируспен ауруханаға түскен кезде ем-шарамен бірге дәрігер реабилитологтың да кеңесін алады. Маман өзінің қосымша емдеуін тағайындайды. Ол тегін медициналық көмектің кепілендірілген көлемі аясында көрсетіледі. Ал екінші және үшінші оңалту кезеңін пациент Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында алады.

Н.Қабдықапаровтың айтуынша, Медициналық сақтандыру қорының негізгі басымдықтарының бірі – пациент  құқығын қорғау. Осыған орай кері байланыс құралдары арқылы түсетін шағым-өтініштер ерекше бақылауда болады.

«Медициналық ұйымдар Пациенттерді қолдау қызметінің жұмысын жолға қойып, тіркелген тұрғындардың мұқтаждықтарына-сұраныстарына жауапкершілікпен қарауы қажет», деді ол.

Айта кетейік, қандай да бір мекеме емделушіге медициналық көмек беруден бас тартса немесе оңалту ережелеріне қатысты сұрақтар туындаса, 1406 байланыс орталығына хабарласуға немесе «Qoldau - 24/7» мобильдік қосымшасы арқылы өтініш қалдыруға болады.