08 Қаңтар, 2014

«Айна айна емес, халық – айна»

710 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Халық – қатесіз сыншы», «Айна айна емес, халық – айна» дегенді бабаларымыз тегіннен тегін айтпаған. Өмір көріп, көңілге тоқығандықтан, оны аталы сөзге сыйғызып, артындағы ұрпаққа аманат еткен. Әсіресе, мемлекеттік қыз­метте тер төгіп жүрген азамат өздерінің халыққа қызмет етуі керек екенін, қарапайым халық қаласа, ханның өзі көпшіліктің тілегін орындайтынын жадында ұстауы шарт.

«Халық – қатесіз сыншы», «Айна айна емес, халық – айна» дегенді бабаларымыз тегіннен тегін айтпаған. Өмір көріп, көңілге тоқығандықтан, оны аталы сөзге сыйғызып, артындағы ұрпаққа аманат еткен. Әсіресе, мемлекеттік қыз­метте тер төгіп жүрген азамат өздерінің халыққа қызмет етуі керек екенін, қарапайым халық қаласа, ханның өзі көпшіліктің тілегін орындайтынын жадында ұстауы шарт. Мұны Елбасымыз Н.Назарбаев та өзінің «А» корпусына іріктелген мамандар арасында сөйлеген сөзінде: «Біздің бәріміз жалақыны мемлекеттен, бюджеттен аламыз. Бізді қоғам мүшелері – Қазақстан азаматтары асырап отыр. Ендеше, біз осы халыққа қызмет етуге тиіспіз! Мұны ұмытуға болмайды», – деп түйіндеп, қатаң ескерту жасаған еді.

Ақ пен қараны саралайтын сот құрылымы да халықтың құқығын қорғап, мемлекеттегі әділдікке сына түсірмеу үшін қалтқысыз жұмыс істеуді мақсат етеді. «Көзсіз күнелтсең де, көпсіз күнелте алмайсың», демекші, сот құрылымы беделінің де қалыптасып, мәртебесінің артуына қарапайым жұртшылықтың ықпалы зор. Сот саласында жүргізілген реформалардың, ізгі бастамалардың әсерінен болар, қазір талап-арызын арқалап сотқа келетін, сотты қорғаным деп сенетін жандар көбейіп келеді. Оны судьялар жүктемесінің жыл өткен сайын жоғарылап отырғанынан да байқауға болады. Ендігі жерде осы жылдар бойы жинаған беделдің биігін аласартпай, сот саласын салиқалы, сапалы төрелік алаңына айналдыру бағытындағы жұмыстарды жандандыра түскен жөн. Кез келген саланың тірегі – мамандар. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметкердің білімі мен білігіне назар аударып, олардың көпшілікпен тілдесуіне, өзін өзі ұстауына мән берген дұрыс.

Сот саласының беделі тек судьялардың болмысына, шешіміне қарап қана баға­лан­байды. Сот билігіне деген ал­ғашқы көзқарас, алғашқы әсер ғимаратқа кіргенде азаматтарды қарсы алып, жол көрсететін мамандардың ілтипатынан, ізет­тілігінен қалыптасады. Осыған орай, сот табалдырығын аттаған азаматтарға құқықтық көмек көрсететін, білмегенін түсіндіріп, қолдау білдіретін мамандар алғыр, зерек болумен қатар, шыдамды, сарабдал болғандары жөн. Бүгінгі заманның озық технологиясын көрсетіп, жаңалықтарды жұртшылық санасына сіңіру де осы мамандардың біліктілігіне байланысты. Соттағы озық істерді мамандар түсіндіріп, жеткізбесе, бұл құрылымға бірінші рет ісі түсіп отырған азаматтар істің мән-жайын қайдан біледі? Сот жүйесіне қатысты оның пікірі қалай қалыптасады? Неғұрлым көп, неғұрлым кең мағлұмат алған халықтың сол салаға қатысты айтар пікірі, лебізі де оң болмақ.

Сондықтан, сот құрылымы­ның беделіне нұқсан келтірмес үшін білікті мамандарды іріктеп алумен қатар, олардың мінсіз қызмет етуін де назарда ұстау керек. Кез келген мемлекеттік қызметкер «қатардан ассаң да, халықтан аспақ жоқ» дегенді жадынан шығармаса дейміз.

Тұрсын ҚОШАЕВА,

Шалқар аудандық сотының кеңсе меңгерушісі.

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар