Технология • 11 Шілде, 2021

Жас отандастарымыз дәлдігі МРТ-дан жоғары жобаны ойлап тапты

501 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Медицинадағы озық технологиялардың мүмкіндігі біз ойла­ғаннан әлдеқайда жоғары. Дер кезінде дұрыс диагноз қойып, емдеу ісінде жаңылыстырмайтын құрал-жабдықтардың игілігін пайдалану – заман талабы.

Жас отандастарымыз дәлдігі МРТ-дан жоғары жобаны ойлап тапты

Алматы қалалық жедел шұ­ғыл көмек көрсету аурухана­сында ишемиялық және гемор­рагиялық инсульттың аса дәл диагностикасы үшін жасанды интеллект Cerebra енгізілді. Ней­рорадиология саласында осы уақытқа дейін пациенттерге МРТ арқылы диагноз қойылып келгені белгілі, бірақ адамның көзі КТ суретінде пайда болған цитотоксикалық ісінуді байқай алмайды. Оның үстіне, дәрігер инсульт диагнозын симптомдар белгі бергеннен бастап 6 сағаттан кейін қоя алады. Ал инсульттің терапевтік терезесі 4,5 сағатты құрайды.

Cerebra жобасын Alma­tyA.I.Lab лабораториясының жас мамандары ойлап тапқан. Отандастарымыз 2018 жылдан бастап жасанды интеллект технологияларын дамытумен айналысып келе жатыр. Барлық әзірлеушілер РФММ, СДУ, ҚБТУ, Назарбаев Университеті, Мәс­кеу мемлекеттік университеті, британдық жетекші университеттер түлектері екенін айта кету керек.

Аталған жасанды интеллектің көмегімен инсульт 10 минут ішінде танылады. Сонымен қатар бұл мидың зақымданбаған паренхима бөлігімен салыстыру арқылы ядродағы тіндердің тығыздығының өзгеруін нақ­ты­лауға мүмкіндік береді. Нә­тижесінде, пациентке жедел емдеу тағайындалып, функцияны жоғалту және неврологиялық тап­шылық қаупі азаяды.

Жаңа софт медицинада ерекше маңызды. Себебі инсульт Қа­зақстандағы өлім-жітімнің не­гізгі себептерінің бірі болып отыр. Жылына 40 мыңға дейін инсульт тіркелсе, оның жартысы өлімге, ал 80%-ы мүгедектікке әке­леді. Сондай-ақ еліміз инсульт дерті белең алып тұрған 30 елдің тізіміне кіреді. Біз тіл­ге тиек етіп отырған Алматы қала­лық жедел шұғыл көмек көрсе­ту ауруханасының өзі жылына ин­сультпен мың науқасты қабыл­дайды.

– Команда жас, болашағы зор, креативті, оның құрамында бағдарламашылар, математик, физик, нейрорадиологтер бар, – дейді жоба менеджері Ме­руерт Сайфуллақызы. – Біз бағ­­дар­ламалық жасақтаманы 3 жыл бойы мұқият әзірледік. Отан­дық ауруханалардан КТ дерек­терінің архивін сұрадық. Ең бі­рінші болып Алматы қа­лалық жедел шұғыл көмек көр­сету ауруханасының бас дәрі­гері Алмаз Джувашев жауап беріп, біз­ге қолдау көрсетті. Жал­пы, бұл мәліметтермен елі­мізде мәселе бар екендігін жоқ­қа шығаруға болмайды. Өйт­кені оларды тал­дауға ар­налған КТ дерекқоры жоқ. Сон­дықтан біз жасанды ин­теллекті сынау үшін бәрін бір­тіндеп жинадық. Өзіміздің өнер­табысымызбен біз ауруханаға уақытында барып, нақты диаг­ноз қойылған жағдайда ин­сульттің емделетінін, миды за­­қымданудан сақтауға болатынын дәлелдегіміз келеді. Ми­дың өзгеру нәтижелері бо­йынша ақпаратты автоматты түрде беретін Cerebra мобильді қосымшасын пайдаланып, біз уақытты барынша үнемдейміз, әрі барлық емдеуші топ бір желіде болып, кеңес бере алады.

Сонымен Cerebra көмегімен диагноз қалай қойылады? КТ суретін алғаннан кейін бағдарлама мидың 3D моделін жасайды, содан кейін нейрондық желі оларды өңдейді және нәтижені мидың зақымданған аймақтарын көрсететін аналитикалық есеп түрінде береді. Бұл бірнеше минут уақытты алады. Ал инсульт кезінде time is brain «уақыт деген ми» – уақыт өте маңызды.

Бүгінде Cerebra инсульттің 85%-ында дұрыс диагноз қою­ға көмектеседі, сондықтан әзірлеу­шілер қосымша мәліметтер жинау арқылы оны жетілдіре бермек. Ал ең бастысы, науқастар дәлірек диагностикадан өтіп, олардың сауығу мүмкіндігі артады.

 

АЛМАТЫ