Әдебиет • 11 Шілде, 2021

Оқырман олжасы ортаймайды

922 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орал қаласының орталық демалыс саябағында «Кітап – сарқылмас қазына» атты жәрмеңке өтті. Іс-шараға жергілікті қаламгерлер де қатысып, ашық аспан астында оқырмандарымен жүздесті.

Оқырман олжасы ортаймайды

Орал қалалық кітапханалар жүйе­сі бұл іс-шараны ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы қарсаңында және 2021 – «Балалар әдебиеті» жылы аясында ұйымдастырған екен. Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайыр­лиев, қалалық кітапханалар жүйесінің меңгерушісі Ганди Ізтұрғанқызы іс-шараға бастан-аяқ қатысып, қолдау көрсетті. Іс-шара барысында қаладағы «Жәңгір хан», «Дана» кітап дүкендері, «Зерек» оқу орталығы, «Аığanym», «Қуаныш» жеке кәсіпкерлері саябақ келушілеріне кітап өнімдерін ұсынды. Мектеп оқушылары арасында «Менің сүйікті кейіпкерім» атты жас суретшілер байқауы ұйымдастырылды. Ал оқырман қауыммен кездесуге Ақжайық қаламгерлерінің ақсақалы, ақын Айтқали Нәріков, айтыс арда­гері Шолпан Қыдырниязова, Қазақ­стан Жазушылар одағының мү­шелері Дариға Мұштанова, Талап Таймасұлы, Бауыржан Ғұбай­дуллин секілді жергілікті қаламгерлер келді.

«Бұл іс-шараның мақсаты – оқыр­мандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, сонымен қатар баспалардың, автор­лардың, мәдениет және білім беру мекемелерінің, кітап сатушы ұйымдардың шығармашылық және іскерлік ынтымақтастығын ны­ғайту», дейді Ганди Ізтұрған­қызы.

Кітап жәрмеңкесінің қала­лық мәдениет және демалыс сая­ба­ғында, ашық аспан астында өткізілгені жиылған халыққа да, қаламгерлерге де ерекше әсер етті. Жергілікті ақындардың өлең­дерінен құралған поэтикалық көрі­ністі Орал қалалық жастар мәде­ниет үйінің әртістері «тірі әуен­мен» әрлеп тұрды. Үлкендер жағы поэзия алаңқайына үйірілсе, балалар жасыл шалғынға жата кетті. Саябақ басшылығы бұл жағдайды да ойластырған екен, жерге отырам деушілерге арнайы кілемшелер таратты. Әдемі жиынның шырайын лезде төгіп өткен ақ жаңбыр да бұза алмады.

– Осындай кітап жәрмеңкесін ұйымдастырған қалалық кітап­ханаға мың алғыс айтамын. Фор­маты ерекше іс-шара болды. Бұл күнгі алғашқы оқырманым Арай­лым деген қызыма қолтаңбаммен қоса ақ батамды бердім. Жазушы мен кітапты оқырманымен табыс­тырған керемет кездесу болды, – дейді қаламгер Дариға Мұштанова. Дариға Ғазезқызы бүгінгі кездесу­ден ерекше шабыт алғанын, біраз­дан бері қаңтарылып қалған қала­мын қайта қолға алып, бастап қой­ған шығармасын аяқтауға асығып отыр­ғанын жасырмады.

Балалар жазушысы Бауыржан Ғұбайдуллин де жас ұрпақты кітап қазынасымен, әдебиет әле­мімен табыстыру үшін осындай креативті іс-шараларды көбірек ұйымдастыру қажеттігін айтты.

– Біз бірер жылдан бері Орал қаласында кітап дүкенін ашып, елі­міз­дің түрлі баспаларынан ең үздік, сұра­нысқа ие деген өнімдерін әке­ліп жатырмыз. Әрине, біздің «DANA» рухани орталығын қазір­дің өзінде оралдықтар жақсы біліп қалды. Дегенмен осындай іс-шара­лар өте керек екен. Халық көп жи­на­­латын орындарға жиі шығып, әдебиетті, кітап әлемін наси­хаттаудың қажеттігіне көзім анық жетіп отыр, – дейді Жантас Сафуллин. 

Жас ақын Дәурен Шамұрат жүр­гізген емен-жарқын кезде­суде әр қаламгер өзінің шығармашылық жоспарларын бөлісіп, өлең оқыды. Іс-шара соңында әдебиет кешінен әсерленген халық арасынан суырылып шығып, өз өлеңдерін оқып бер­ген оқырмандар да болды. «Осындай шынайы кездесулерді жиірек өткізу керек екен» деген ой­ды ұйымдастырушылар да, қалам­герлер де көңіліне түйіп кетті.

Айтпақшы, осы кітап жәрмең­кесі кезінде «Менің сүйікті кейіп­керім» атты суретшілер бай­қауы өткенін айтқан едік. Шара соңында байқау қорытындыланып, көңіл түкпіріндегі кейіпкерін алуан түс­пен қағаз бетіне көшірген бал­ғын суретшілер Айсұлу Хасан­ғалиева, Айқын Әділұлы, Сая­гүл Құлмұханова, Жанерке Тілек­қабыл, Мәдина Беркін, Софья Щукина, Әлина Ишкенова, Мария Климова, Әлина Өтеуова арнайы сыйлықтарға ие болды.

...Бір кездері атақты ақын Қасым Аманжолов:

«Шағанның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқам

шаңқай түс,

Гүл болып менің құшағым,

Кеудемде қонған бұлбұл құс!» – деп жырлаған екен. Араға бір ғасыр салып дәл осы жерде өткен керемет іс-шараға қатысқан әр жанның да кеудесінде бір-бір бұлбұл сайрап кеткендей көрінді.

 

Батыс Қазақстан облысы