Әлем • 12 Шілде, 2021

Эфиопия халқы аштық алдында

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Эфиопияның Тиграйдағы қақтығыстары ай­мақтағы аштыққа алып келді. БҰҰ өкілдері қа­зіргі уақытта 400 мыңнан астам адам зардап шек­кенін хабарлады.

Эфиопия халқы аштық алдында

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері дағдарысқа арналған алғашқы ашық отырысында аймақта 33 мыңға жуық бала дұрыс тамақтанбайтынын ескертті. Шенеуніктер сегіз айлық қақтығыстың сал­дарынан тағы 1,8 миллион адам аштық алдында тұрғанын айтты. Сондай-ақ олар атысты тоқтату туралы хабарланғанына қарамастан, қақтығыстар одан әрі жалғасуы мүмкін екенін айтып отыр.

Тиграйдағы аймақтық күштермен соғысып жатқан Эфиопия Үкіметі дүйсенбіде атысты тоқ­тататынын жариялаған. Алайда көтерілісшілер өз жауын аймақтан шығаруға ант берді. Қақ­ты­ғыстың барлық тарабына халықаралық қысым күшейген сайын орын алған кездейсоқ қақтығыстар туралы хабарламалар тарап жатыр.

Тиграй ұлттық азаттық майданы (NFOP) мен үкімет әскерлері арасындағы соғыс нәтижесінде мыңдаған адам қаза тауып, екі миллионнан астам адам басқа жаққа көшірілді. Жанжалға қатысушы тараптардың барлығы жаппай кісі өлтіру мен адам құқықтарын бұзғаны үшін айыпталуда.

Сондай-ақ елде жақында өткен сайлаудың нә­тижесі шықты. Сайлау кеңесі Эфиопияның премьер-министрі Аби Ахмед елдегі кейінге қал­ды­рылған сайлауда басым көпшілікпен жеңіске жеткенін мәлімдеді.

Жұма күні БҰҰ гуманитарлық көмегі жетек­шісінің міндетін атқарушы Нью-Йорктегі отырыста Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне соңғы апталарда Тыграйдағы жағдай күрт нашарлағанын жеткізді. Рамеш Раджасингамның айтуынша, аймақ соңғы онжылдықтарда көрген ең ірі аштықты бастан өт­керіп отыр. Өз сөзінде ол 5,2 миллионға жуық адам әлі де гуманитарлық көмекке мұқтаж, олардың ба­­сым көпшілігі – әйелдер мен балалар екенін атап өтті.

Эфиопия Үкіметі осы аптаның басында Тиграй көтерілісшілері солтүстік аймақтың көп бөлігін бақылауға алғаннан кейін көмекті қабылдауға тыйым салды деген пікірді жоққа шығарып отыр.

Қақтығыстың себебіне келер болсақ, Эфиопия ав­тономды, бірақ орталыққа бағынатын 10 аймақ­тық мемлекетке бөлінген. 2018 жылы үкіметке қарсы нара­зылықтардан кейін Аби Ахмед премьер-министр лауа­зымын иеленіп, реформалар жүргізе бастаған. Эфио­пияның солтүстік штаты Тиграй­дың ықпалды сая­сат­керлері Аби Ахмедті федералдық билікті ұл­ғайту әрекеті үшін айыптап, қарым-қатынас нашарлай түскен.

Үкімет Тиграй көтерілісшілерін әскери база­ларға шабуыл жасады деп айыптағаннан кейін, Эфиопия әскері қарашада аймақта жағдайды тұ­рақ­тандыруға тырысқан. Аби Ахмед қараша айының соңында қақтығыстың аяқталғанын жариялады, алайда ұрыс 21 маусымда ұлттық сайлау қарсаңында жалғасып, күшейе түсті.