Тәуелсіздік • 12 Шілде, 2021

287 мұқтаж отбасына азық-түлік қоржыны тапсырылды

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

9 шілдеде Қарағандыда «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы мен «Ел тірегі – Елбасы» республикалық акциясы аясында 287 аз қамтылған отбасына азық-түлік жиынтығы табысталды. Атаулы әлеуметтік көмек алғандардың ішінде көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалар да бар.

287 мұқтаж отбасына азық-түлік қоржыны тапсырылды

Акцияға AYALA қайырым­дылық қоры мен «Халық» қоғам­дық қоры демеушілік етті.

Азық-түлік жиынтығы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында таратылып, волонтерлер мен белсенділер азық-түлікті мекен­жайларға жеткізді.

«Біз 287 жиынтық алдық. Оны мүмкіндігі шектеулі балалары бар және көпбалалы аз қамтылған отбасыларға әкім­дік ұсынған тізім бо­йын­ша таратамыз. Бүгін 50 жиынтық тараттық. Қалғанын келесі аптада үлестіріп бере­міз. Бұл істе бізге Jas Otan волонтерлері көмектесуде. Тұр­ғындар акцияның ұйымдас­тырушыларына және демеу­шілеріне алғысы мен риза­шылығын білдіріп, пандемия кезінде бұл жақсы көмек болғанын айтып жатыр», деді «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова.

Шілде айында AYALA қа­йы­рымдылық қорынан азық-түлік жиынтығын аймақтағы қиын материалдық жағдайда қалған 1 250 отбасы алады. Бұдан бұрын қайырымдылық қоры көрсеткен көмек аясында Қарағанды облысында азық-түлік жиынтығымен аймақтағы 17 қала мен кенттегі мыңға жуық отбасы қамтылған болатын. Оның ішінде Қарағанды, Бал­қаш, Жезқазған, Приозерск, Сәт­баев, Саран, Теміртау, Шах­тинск, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңарқа, Қарқаралы, Нұра, Осака­ров, Шет және Ұлытау қала­лары бар.

Еске сала кетейік, «Қайырым­ды істер марафоны» жалпы­ұлт­тық жобасы Қазақстан Тәуел­сіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы жылдың ақпан айында басталған болатын. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бас­тамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері марафонға 2,5 млн-нан астам адам қатысты, атаулы көмек 167 мың адамға көрсетілді.

Марафонға ниет білдірген кез кел­ген азамат қатыса алады. Бұл үшін өзінің игі істерін әлеу­меттік желілерде#ҚАЙЫРЫМДЫІСТЕРМАРАФОНЫ #МА­РАФОНДОБРЫХДЕЛ ресми хештегімен жариялауы керек. Ұйымдастыру мәселелері бойынша мына нөмірлерге +7 701 513 55 00, +7 7172 79 15 32 немесе инста­грамдағы @qaiyrymdy_ister_marafony аккаунты арқылы хабарласуға болады.