Аймақтар • 12 Шілде, 2021

Бір қала мен 70 ауылдың әкімі сайланады

447 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының барлық 13 ауданында да әкімдердің сайлауы өтеді. 25 шілде күні бір қаланың және 70 ауылдық округтің әкімдері сайланбақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бір қала мен 70 ауылдың әкімі сайланады

Солтүстік Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті әкімдерді сайлау дайындығы жөнінде айтылды.

СҚО сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Қаскиннің мәлімдеуінше, 61 әкімнің өкілеттік мерзімінің аяқталуына орай және 10 әкімнің өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тапсыруына байланысты сайлау өтеді.

Сайлауға 14 аумақтық және 174 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылған, 994 адам жұмыс істеп жатыр.

«Аудандық деңгейдегі қала әкімі мен ауылдық әкімдерді сайлауға 218 елді мекеннің тұрғындары қатысады. Ең шалғай орналасқан ауылдық округ Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан. Қырымбет ауылдық округі мен аудан орталығы Новоишимканың арасы - 170 км. 54 елді мекенде сайлау учаскесі жоқ. Сол себепті бұл ауылдардың тұрғындары сайлау учаскелеріне арнайы көлікпен жеткізіледі», дейді Тілеген Қаскин.

4 шілде күні жергілікті атқарушы органдар нақтыланған сайлаушылардың тізімін сайлау учаскелеріне берді. СҚО-да 60 471 адам дауыс бермек. Ең көп сайлаушы Мамлютка қаласында, мұнда 5 366 адам дауыс береді. Ал ауылдық округтердің ішінде ең көп сайлаушы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Нежинка ауылдық округінде, мұнда 1941 адам сайлауға қатысады. Ең аз сайлаушы – 137 адам Тимирязев ауданы Дзержинский ауылдық округінде дауыс береді. 18 жасқа толған 280 адам алғаш рет сайлауға қатысады.

«Тұрғындар сайлау учаскелеріне келіп, сайлаушылардың тізімімен таныса алады, өздерінің мәліметтерін тексеріп, енбей қалған жағдайда тізімге қостыра алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да сайлау учаскелерінде барлық қажетті жағдайлар жасалады. Пандустар қойылған, тактильді ақпарат бар. Арнайы бұрыш құрылып, арнайы бағдарламасы бар компьютер орнатылды, лупалар қойылды. Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны – 396. 138 адам мүгедектер арбасына таңылған болса, 152 адам нашар көреді және 106 адамның құлағы кеміс», дейді СҚО сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Қаскин.