Біз Қазақстанның қалыптасуы мен гүлденуіне атсалысқанымызды мақтан тұтамыз. Тәуелсіз дамудың үш онжылдығы ішінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен көпұлтты Қазақстан халқы экономикалық қуатты, демократиялық және әлемде беделді мемлекет құра алды. Сол кезде «Ұлттық қауіпсіздік жоқ жерде мемлекет те жоқ» деген әмбебап формула әзірленді. Тарихи фактілер мен сол күндердің шындығы талап еткен бұл қатаң конструкция бүгінгі күні де өзекті болып қалып отыр.
Әлемдік саясат пен экономикадағы жаһандық күн тәртібі көз алдымызда өзгеруде. Коронавирус пандемиясы – COVID-19 және оның салдары бүгінде бүкіл әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаңа қиындықтар мен қауіптердің алуан түрлілігін көрсетеді. Геосаяси көрініс барлық саладағы – саясаттағы, экономикадағы, әлеуметтік өмірдегі, технологиялардағы трансформациямен терең үйлеседі. Соңғы екі жылда әлемдегі қоғамдық проблемалар мен экономикалық теңгерімсіздіктер шиеленісе түсті. Турбулентті кезеңде тұрған халықаралық қатынастардың сипаты да өзгерді. Тұрақсыздық пен болжамсыздық артты. Жаһандық қауіпсіздік жүйесі құлдырауда. Халықаралық институттардың әлсіреуі байқалады. Аймақтық қақтығыстар көбейіп барады. Саяси және ақпараттық қысым, жаппай сана мен аумақтық талаптардың манипуляциясы кеңеюде, ұлтаралық және басқа да аймақтық проблемалар өзекті болып, мәдени-адамгершілік және демографиялық даму процестері өзгеруде. Экологиялық күн тәртібінде климаттың өзгеру проблемалары алдыңғы орынға шығып келеді. Қазіргі жағдайда жетекші ойыншылардың «климаттық соғыста» жаңа қарсы тұрулары жоққа шығарылмайды.
Бұл біздің елдегі жағдайға теріс әсер ететін шындық екенін түсінеміз. Мемлекеттердің бір-біріне экономикалық санкциялар қолдануы халықаралық сауданы тежейді. Соның салдарынан қазақстандық экспортты және транзиттік әлеуетті дамыту келешегі шектеледі.
Экологиялық күн тәртібі «жасыл экономиканың» дамуын өзектендіреді, бұл әлемдік оң тренд болып табылады.
Террористік әлеуеттің басқа елдерден орын ауыстыруына байланысты терроризм мен экстремизмнің даму қаупі күн тәртібінен алынбайды. Біріншіден, біз америкалық әскерлерді Ауғанстаннан шығару туралы айтып отырмыз, онда аймақтық қауіпсіздік саласындағы шиеленістер артып келеді. Жағдайдың осындай жолмен одан әрі дамуы тұрақсыздық векторының ауысуына, діни-экстремистік ұйымдардың жекелеген топтарының өңірге ұмтылысына, босқындардың бақыланбайтын ағымдарына, халықаралық есірткі трафигінің өсуіне және т. б. әкеліп соғуы мүмкін.
Әлемдік және ішкі қатерлер мен қыр көрсетулерге қарамастан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзінің күш-жігерін Қазақстанның ұлттық мүдделерін, конституциялық құрылысын, қоғамдық қауіпсіздігі мен экономикалық әлеуетін қорғауға жұмылдырды. Мұнда да басым міндеттердің бірі терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл болып табылады. Осы бағытта қабылданған шаралармен біз тұрақтылықты сақтап, елдегі террористік және өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне жол бермей отырмыз.
Соңғы уақытта қазақстандық азаматтардың халықаралық террористік ұйымдар құрамына қатысуы қысқартылды. Бұл процеске «Жусан» операциясының кезекті, дәлірек айтқанда, бесінші кезеңін іске асыру оң әсерін тигізді, нәтижесінде 600-ден астам қазақстандық Сириядан Отанына оралды. Оларды радикалды көзқарастан арылту, оңалту және бейімдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құқықтық тұрғыдан оларды оқшаулау және террористік іс-әрекетке қатысқаны үшін соттау бойынша да шаралар қабылдануда.
Бүгінде елдің Терроризмге қарсы орталығы тұрғысынан терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпы мемлекеттік жүйесі мен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жолға қойылды, осы жұмыстың құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жетілдірілуде. Орталық еліміздегі терроризмге қарсы тиімді іс-қимыл үшін жағдай жасап, оны одан әрі дамытады. Ол қабылдаған шешімдер терроризмге қарсы іс-қимыл учаскелерінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін жетілдіруге бағытталған. Соның ішінде алдын алу шараларын жетілдіруге баса назар аударылды. Оған үкіметтік емес ұйымдар мен түрлі сарапшылар белсенді тартылуда. Тек биылғы жылы 500 мыңнан астам адамды қамтитын 5 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Интернет-ресурстардан 53 мыңнан астам террористік және экстремистік материалдар алынып, бұғатталды. Ал алдын алу іс-шараларының қорытындысы бойынша экстремистік идеологияның 888 ұстанушысы дәстүрлі ислам нормаларына көшті, радикалды-діни идеологияның 1067 жақтаушысы қазақстандық қоғамның құндылықтарына бейімделді.
Алдын алу шараларының қорытындысы бойынша терроризм актісі туралы жалған хабарламалар саны азайды. Қазіргі уақытта терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезінде министрліктер мен ведомстволардың күштері мен құралдарын тиімді басқаруға қол жеткізілді. Террористік, экстремистік және өзге де қылмыстық ұйымдар мүшелерінің Қазақстанға келуінің ықтимал жолдарының бірі болып табылатын заңсыз көші-қон арнасында 20 қылмыстық іс қозғалып, 18 адам сотталды.
Қарсы барлау жұмысы әрқашан ерекше назар аударуға тұрарлық, бірақ белгілі себептермен біз бұл салада кең ашықтыққа жол бермейміз. Елдің саяси тұрақтылығына, экономикалық әл-ауқатына және қорғаныс әлеуетіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау іс-шаралары дер кезінде тоқтатылып жатқанын сеніммен айтамын.
Сонымен қатар ҰҚК қазіргі қоғамның қажеттіліктеріне жылдам ден қояды және көші-қон рәсімдерін ырықтандыру, еліміздегі туристік және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясатқа жәрдемдеседі. Айталық, Комитет басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2020 жылы шетелдіктерді тіркеудің және олардың көші-қон карточкаларын толтыруы қажеттілігінің күшін жоюды қолдады. 57 елмен 30 күндік, ал Қытай мен Үндістаннан келген транзитшілер үшін 72 сағаттық визасыз режімді енгізу келісілді. Туристерге мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, көші-қон қызметінде тіркелуге мүмкіндік беретін «E-Qonaq» заманауи электронды жүйесін енгізуге бастамашылық жасалды. Бұл жаңашылдық Қазақстанның туристік имиджін арттыру үшін қолайлы жағдай туғызады.
Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті орган функциясын қабылдай отырып, біз ұлттық мүдделерді қозғайтын мәліметтерді құпияландыруға қатысты әкімшілік шаралар мен тәсілдердің ескірген жүйесін қайта қарадық. Қазіргі қауіп-қатерлерге негізделген нақты құпиялардың тізбесі жаңартылды. Мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы 36 нормативтік құқықтық актілердің жобасы келісілді.
Қазіргі жағдайда киберқауіпсіздік, цифрлық кеңістік бұрын-соңды болмаған қатаң қарсы тұрудың жаңа өрісіне айналуда. Сондықтан киберқылмыскерлерді, олардың ұмтылыстары мен ниеттерін күнілгері есептеп білу, ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу – біздің мамандардың бірінші кезектегі міндеттері. Олар деректердің үлкен көлеміне, соның ішінде тәжірибе алмасу және үздік шетелдік арнаулы қызметтердің жетістіктерін қолдану арқылы талдау, форсайт-зерттеулер жүргізеді.
Әрине, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлі көп нәрсе істеу керек, себебі өмірдің барлық саласын жаһандық ақпараттандыру құқыққа қарсы әрекет үшін жаңа ортаның пайда болуына әкеледі. Бұған ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне қатысты құқық бұзушылық фактілері бойынша алғаш рет жүргізілген және іске асырылған қылмыстық істер куә бола алады. Атап айтсақ, 2020 жылдың мамыр айынан бастап «Е-Лицензиялау» МДҚ» ақпараттық жүйесін заңсыз түрлендіру фактілері бойынша (ҚР ҚК 206-бабы 1-тармағының 2-бөлігі бойынша) ҚР азаматтарының кінәсін мойындау туралы шешім күшіне енді, онда ұйым қызметкерлері жеке пайда табу мақсатында қызмет бабын пайдалана отырып, заңды тұлғалар үшін рұқсат құжаттарын заңсыз ресімдеуді жүзеге асырған.
ҰҚК мамандарының биылғы жылы ғана ҚР заңнамасын бұзу фактілері бойынша ЦДИАӨМ (ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган) алдын алу-ескерту іс-шараларына тікелей қатысуы барысында 30 лауазымды және бірқатар заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ҰҚК «МТҚ» АҚ техникалық мүмкіндіктері арқылы нысаналы аудиториясы желінің қазақстандық сегментін пайдаланушылар болып табылатын фишингтік ресурстар жолымен Интернет желісіндегі алаяқтықтың ұлғаюы тіркеліп отыр (2020 жылы «Фишинг» түріндегі оқиғалар саны 2019 жылмен салыстырғанда 58%-ға өсті). ҚР азаматтарының құпия деректерін алу мақсатында теріс пиғылды адамдар интернет-банкингтердің, пошта ұйымдарының, интернет-дүкендердің, хабарландыру алаңдарының және басқа да онлайн-сервистердің сайттарын имитациялайды. Бұдан басқа, халықты мәжбүрлі оқшаулау кезеңінде қашықтан білім беруді, еңбек қызметін және мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етудің білім беру салалары басым мақсаттар болып табылады (DDoS-шабуылдардың жалпы саны 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 44%-ға артты).
Сарапшылар шабуылдаушылардың елдің киберкеңістігіндегі белсенділігінің одан әрі артуын болжап отыр, ол киберқауіптерге қарсы іс-шаралардың тиімділігі мен жеделдігін арттыруды талап етеді. Бұл елдің ақпараттық кеңістігінің заңсыз қолсұғушылықтан қорғалуын арттыруға бағытталған ілеспе заңнамалық, ұйымдық және техникалық шараларды талап етеді.
Қазіргі дағдарыс жағдайларында елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәнге ие болып, Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық векторларын әзірлеу үшін негіз болып табылады. Қоғам бизнестің тоқырауына, инвестициялардың қысқаруына тап болып отыр, бұл халықтың әл-ауқатының төмендеуіне әкеледі. Осыны ескере отырып, біз бірқатар заңнамалық актіге қажетті түзетулер енгізуге бастамашылық жасадық.
Қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде халықаралық құрылымның қазақстандық пайдаланылмайтын әскери мүлік нарығын кейіннен оны әскери қақтығыстар аймағына шығара отырып, монополияландыру әрекеттері бұғатталды, сөйтіп Қазақстан үшін сыртқы саяси және имидждік тәуекелдер жойылды. Сондай-ақ халықаралық ұйымның қазақстандық 30 млн оқ-дәріні экспорттауға мәміле жасауының алды алынды. Ал 2020 жылдың қазан айында экспорттық бақылауға жататын әскери өнімді (500 бірлік кевлар дулығасы) рұқсат құжаттарын ресімдемей әкетуге тыйым салынды. Сонымен қатар қазақстандық әуе кемелерінің шетелдерде пайдаланылуын бақылау қатаңдатылды, бұл олардың жауынгерлік қақтығыстар аймағына тәуекелді тасымалдарға тартылуын болдырмауға мүмкіндік берді. SigmaAirlines, AzeeAir және Aircompany Jenis Air әуе компанияларының лицензияларын қайтарып алуға бастамашылық жасалды.
Уәкілетті органдардың алдында ядролық қарусыздану бағдарламасы шеңберінде әскери оқтұмсықтардан Ресей тарапы алған уранның қазақстандық үлесі үшін Қазақстанның ақшалай өтемақы алу мәселесі өзектілендірілді. Нәтижесі – 136,1 млрд теңге бюджет түсімі. Орталық Азия республикаларының бірінің арнаулы қызметімен бірлесіп, біз трансұлттық қылмыстық топтың (ОА елдерінің азаматтары қатарынан) ядролық материалдардың заңсыз айналымы саласындағы әрекетінің жолын кестік. Жалпы, 2020 жылдың өзінде ғана мемлекеттің экономикалық даму бағдарламаларын қарсы барлаумен сүйемелдеу, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың, қаржы-өнеркәсіп топтары мен трансұлттық компаниялардың қызметін бақылау шеңберінде 925,3 млрд теңге сомасында экономикалық залал келтірудің алды алынды, мемлекет кірісіне 147,23 млрд теңге түсім қамтамасыз етілді.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін және трансұлттық құрылымдар жүзеге асыратын ұлттың денсаулығына нұқсан келтіруге бағытталған белсенді есірткі экспортының объектісі болып отыр. Есірткі тасымалдаудың 11 халықаралық және 23 өңірлік арналарының жолы кесілді. 15 ірі есірткі зертханасы жойылды, трансұлттық есірткі құрылымдарының 26 қатысушысы ұсталды, заңсыз айналымнан Ауғанстанда өндірілген бір тоннадан астам есірткі тәркіленді. ОАӨАҮО және АҚШ Әділет министрлігінің Есірткіге қарсы күрес жөніндегі федералдық басқармасымен (АҚШ DEA) және Ауғанстанның және Өзбекстанның құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы бірқатар бірлескен операция жүргізілді.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басымдықтарының бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету болып қала береді. Терроризм, заңсыз көші-қон және есірткі айналымы қатерлерінің өзектілігі жағдайында шекара ведомствосының қызметі жетілдірілуде. Шекара қызметінің облыстық департаменттерін құру арқылы шекараны қорғаудың аумақтық принципі іске асырылды, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Шекара қауіпсіздігі мәселелерін халықаралық, заңнамалық және нормативтік-құқықтық реттеу бойынша мақсатты жұмыс жалғасуда. Биылғы жылғы ақпанда Каспий теңізіндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар Каспий маңы мемлекеттерінің барлығының Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау процесі аяқталғаннан кейін бірден күшіне енетін болады. Осы жылдың алты айында біздің шекарашылар бес мыңнан астам құқық бұзушыны ұстап, 100 мыңнан астам оқ-дәріні, екі мың электршокерді, 12 мың суық қаруды шекара арқылы алып өтуге жол бермеді.
Шекара қызметінде жаңғырту және ребрендинг, реформалау бойынша жүргізілген іс-шаралар бүгінгі күні бізге уақыт сынына барынша ұтқыр әрі тиімді жауап беруге, Қазақстанның ұлттық мүдделерін сенімді қорғауға мүмкіндік береді.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық міндеттер қарқынды өзгеруде. Таяу кезеңге болжанып отырған негізгі сын-қатерлерге лайықты қарсы тұру үшін 2021-2025 жылдарға арналған ҚР Ұлттық қауіпсіздігінің жаңа стратегиясы қабылданды. Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралған және мақұлданған құжатты Мемлекет басшысы бекітті. Онда елдің ұлттық мүдделерін қорғаудың тұжырымдамалық тұрғыдан жаңартылған тәсілдері бар.
Негізгі сын-тегеуріндер ретінде мыналар белгіленді: біріншіден, коронавирустық инфекция пандемиясы және биологиялық қауіпсіздіктің басқа да қатерлері. Екіншіден, экономиканы, еңбек қатынастарын, әлеуметтік саланы, ақпараттық кеңістік пен коммуникацияны түбегейлі өзгертетін технологиялық өзгерістер. Үшіншіден, қаржы-экономикалық салаға әсер ететін сыртқы нарықтағы дағдарыстық құбылыстар. Төртіншіден, жаһандық және өңірлік деңгейдегі шиеленістің одан әрі ушығуының теріс әсері.
Ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі басымдықтары адами капитал саласында – бірінші кезекте, ұлттың зияткерлік әлеуетін сақтау мен көбейтуде қауіпсіздікті қамтамасыз етуді талап етеді. Базалық факторлардың қатарына биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жұмыстармен қатар, қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту енгізілді.
Экономикалық қауіпсіздік міндеттері сыртқы әсерлерге төзімді, өнімділікті ынталандыратын және технологиялық күрделілік деңгейін арттыратын, тұрақты жоғары өнімді жұмыс орындарын құратын және халықтың табысын арттыру үшін жағдайлар жасайтын өсу моделіне көшуге бағытталған. Экологиялық қауіпсіздікке келетін болсақ, ол экожүйелерді қорғауды ғана емес, сонымен бірге табиғи ресурстарды басқаруды да қамтиды. Мұнда елдің су қауіпсіздігі ерекше орын алады.
Ақпараттық қауіпсіздік саласында ұлғайып келе жатқан киберқауіптерге қарсы іс-қимылға, қазақстандықтардың дербес деректерін, ақпараттық инфрақұрылымды, стратегиялық объектілерді қорғауға және тұтастай алғанда, ұлттық ақпараттық кеңістіктің қорғалуын арттыруға маңызды орын беріледі.
ҰҚК алқасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде ҰҚК тиімді және заманауи арнаулы қызмет ретінде қалыптасқанына мамандар мен қалың жұртшылық күмән туғызбайтынын атап өтті. Бұл – Комитетті құрған және оны аяғына тұрғызған Елбасының тарихи еңбегі. Комитеттің әрбір қызметі, әрбір қызметкері ұлы миссияны орындауда – елімізді сыртқы және ішкі қол- сұғушылықтан қорғауда. Қарқынды түрде өзгеріп жатқан «жаңа болмыс» жағдайында Комитет қызметінің мәні барған сайын артып отыр десек, асыра айтқандық емес.
Бұл шынында да солай. Мемлекетіміздің тәуелсіздігінің мерейтойлық жылына кіре отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ең күрделі міндеттерді шешуге қабілетті екенін атап айтқым келеді. Біз алдын ала әрекет етуге үйрендік, ҰҚК қызметінің элиталылығы мен беделі қалпына келтірілді және көптеген жас өз өмірлерін Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне арнауда. ҰҚК Қазақстан халқы мен Президентінің лайықты сеніміне ие. Мұның өзі көп нәрсені міндеттейді.
Ұлттық қауіпсіздік органдарының жеке құрамы мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларына амандық және халқымыз бен елімізге мінсіз қызмет етуге ұмтылыс тілеймін!
Кәрім МӘСІМОВ,
Ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты,
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы