Қазақстан • 12 Шілде, 2021

Отанға мінсіз қызмет ету – борышымыз

787 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Еліміз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтетін жылы 13 шілдедегі Ұлттық қауіпсіздік органдарының күні борышқа адалдық пен Отанға мінсіз қызмет етудің символына айналып, ерекше мәнге ие болып отыр.

Отанға мінсіз қызмет ету – борышымыз

Біз Қазақстанның қалыптасуы мен гүлденуіне атсалысқанымызды мақтан тұтамыз. Тәуелсіз дамудың үш онжылдығы ішінде Тұңғыш Прези­дентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың көшбасшылығымен көп­ұлтты Қазақстан халқы экономикалық қуатты, демократиялық және әлемде беделді мемлекет құра алды. Сол кезде «Ұлттық қауіпсіздік жоқ жерде мемлекет те жоқ» деген әмбебап формула әзірленді. Тарихи фактілер мен сол күндердің шындығы талап еткен бұл қатаң конструкция бүгінгі күні де өзекті болып қалып отыр.

Әлемдік саясат пен экономикадағы жаһандық күн тәртібі көз алдымызда өзгеруде. Коронавирус пандемиясы – COVID-19 және оның салдары бүгінде бүкіл әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаңа қиындықтар мен қауіптердің алуан түрлілігін көрсетеді. Геосаяси көрініс барлық саладағы – саясаттағы, экономикадағы, әлеуметтік өмірдегі, технологиялардағы трансформациямен терең үйлеседі. Соңғы екі жылда әлемдегі қоғамдық проблемалар мен экономикалық теңгерімсіздіктер шиеленісе түсті. Турбулентті кезеңде тұрған халықаралық қатынастардың сипаты да өзгерді. Тұрақсыздық пен болжамсыздық артты. Жаһандық қауіпсіздік жүйесі құлдырауда. Халық­аралық институттардың әлсіреуі бай­қалады. Аймақтық қақтығыстар көбейіп барады. Саяси және ақпараттық қысым, жаппай сана мен аумақтық талаптардың манипуляциясы кеңеюде, ұлтаралық және басқа да аймақтық проблемалар өзекті болып, мәдени-адамгершілік және демографиялық даму процестері өзгеруде. Экологиялық күн тәртібінде климаттың өзгеру проблемалары алдыңғы орынға шығып келеді. Қазіргі жағдайда жетекші ойыншылардың «климаттық соғыста» жаңа қарсы тұрулары жоққа шығарылмайды.

Бұл біздің елдегі жағдайға теріс әсер ететін шындық екенін түсі­неміз. Мемлекеттердің бір-біріне эко­но­микалық санкциялар қолдануы халықаралық сауданы тежейді. Соның салдарынан қазақстандық экспортты және транзиттік әлеуетті дамыту келешегі шектеледі.

Экологиялық күн тәртібі «жасыл экономиканың» дамуын өзектендіреді, бұл әлемдік оң тренд болып табылады.

Террористік әлеуеттің басқа елдерден орын ауыстыруына байланыс­ты терроризм мен экстремизмнің даму қаупі күн тәртібінен алынбай­ды. Біріншіден, біз америкалық әскер­лерді Ауғанстаннан шығару туралы айтып отырмыз, онда аймақтық қауіпсіздік сала­сындағы шиеленістер артып келеді. Жағдайдың осындай жолмен одан әрі дамуы тұрақсыздық векторының ауысуына, діни-экс­тремистік ұйымдардың жекелеген топ­тарының өңірге ұмтылысына, бос­қындардың бақыланбайтын ағым­да­рына, халықаралық есірткі трафигінің өсуіне және т. б. әкеліп соғуы мүмкін.

Әлемдік және ішкі қатерлер мен қыр көрсетулерге қарамастан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзінің күш-жігерін Қазақстанның ұлттық мүдделерін, конс­титуциялық құрылысын, қоғамдық қауіп­сіздігі мен экономикалық әлеуетін қорғауға жұмылдырды. Мұнда да басым міндеттердің бірі терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл болып табылады. Осы бағытта қабылданған шара­лармен біз тұрақтылықты сақтап, елдегі террористік және өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне жол бермей отырмыз.

Соңғы уақытта қазақстандық азамат­тардың халықаралық террористік ұйым­дар құрамына қатысуы қысқартылды. Бұл процеске «Жусан» операциясының кезекті, дәлірек айтқанда, бесінші кезе­ңін іске асыру оң әсерін тигізді, нәтижесінде 600-ден астам қазақстандық Сириядан Отанына оралды. Оларды радикалды көзқарастан арылту, оңалту және бейімдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құқықтық тұрғыдан оларды оқшаулау және террористік іс-әрекетке қатысқаны үшін соттау бойынша да шаралар қабылдануда.

Бүгінде елдің Терроризмге қарсы орталығы тұрғысынан терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпы мемлекеттік жүйесі мен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жолға қойылды, осы жұмыстың құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жетілдірілуде. Орталық еліміздегі терроризмге қарсы тиімді іс-қимыл үшін жағдай жасап, оны одан әрі дамытады. Ол қабылдаған шешімдер терроризмге қарсы іс-қимыл учаскелерінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін жетілдіруге бағытталған. Соның ішінде алдын алу шараларын жетілдіруге баса назар аударылды. Оған үкіметтік емес ұйымдар мен түрлі сарапшылар белсенді тартылуда. Тек биылғы жылы 500 мыңнан астам адамды қамтитын 5 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Интернет-ресурстардан 53 мыңнан астам террористік және экстремистік материал­дар алынып, бұғатталды. Ал алдын алу іс-шара­лары­ның қорытындысы бо­йынша экс­тремистік идеологияның 888 ұстану­шысы дәстүрлі ислам нормаларына көшті, радикалды-діни идеологияның 1067 жақтаушысы қазақстандық қоғам­ның құндылықтарына бейімделді.

Алдын алу шараларының қоры­тындысы бойынша терроризм актісі туралы жалған хабарламалар саны азайды. Қазіргі уақытта терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезінде министрліктер мен ведомстволардың күштері мен құралдарын тиімді бас­қаруға қол жеткізілді. Террористік, экстремистік және өзге де қылмыстық ұйым­дар мүшелерінің Қазақстанға келуінің ықтимал жолдарының бірі болып табылатын заңсыз көші-қон арнасында 20 қылмыстық іс қозғалып, 18 адам сотталды.

Қарсы барлау жұмысы әрқашан ерек­ше назар аударуға тұрарлық, бірақ белгілі себептермен біз бұл салада кең ашықтыққа жол бермейміз. Елдің сая­си тұрақтылығына, экономикалық әл-ауқатына және қорғаныс әлеуетіне нұқсан келтіруге бағытталған барлау іс-шаралары дер кезінде тоқтатылып жатқанын сеніммен айтамын.

Сонымен қатар ҰҚК қазіргі қоғамның қажеттіліктеріне жылдам ден қояды және көші-қон рәсімдерін ырықтандыру, еліміздегі туристік және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясатқа жәрдемдеседі. Айталық, Комитет басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2020 жылы шетелдіктерді тіркеудің және олардың көші-қон карточкаларын толтыруы қажеттілігінің күшін жоюды қолдады. 57 елмен 30 күндік, ал Қытай мен Үндіс­таннан келген транзитшілер үшін 72 сағаттық визасыз режімді енгізу келісілді. Туристерге мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, көші-қон қызметінде тіркелуге мүмкіндік беретін «E-Qonaq» заманауи электронды жүйесін енгі­зуге бастамашылық жасалды. Бұл жаңа­шылдық Қазақстанның туристік имид­жін арттыру үшін қолайлы жағдай туғы­зады.

Мемлекеттік құпияларды қорғау жө­ніндегі уәкілетті орган функция­сын қабылдай отырып, біз ұлттық мүд­делерді қозғайтын мәліметтерді құпия­ландыруға қатысты әкімшілік шаралар мен тәсілдердің ескірген жүйесін қайта қарадық. Қазіргі қауіп-қатерлерге негізделген нақты құпиялардың тізбесі жаңартылды. Мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы 36 нормативтік құқықтық актілердің жобасы келісілді.

Қазіргі жағдайда киберқауіпсіздік, цифрлық кеңістік бұрын-соңды болмаған қатаң қарсы тұрудың жаңа өрісіне айналуда. Сондықтан киберқылмыскерлерді, олардың ұмтылыстары мен ниеттерін күнілгері есептеп білу, ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне, азаматтарымыздың қауіп­сіздігіне нұқсан келтірмеу – біздің маман­дардың бірінші кезектегі міндеттері. Олар деректердің үлкен көлеміне, соның ішінде тәжірибе алмасу және үздік шетелдік арнаулы қызметтердің жетістіктерін қолдану арқылы талдау, форсайт-зерттеулер жүргізеді.

Әрине, киберқауіпсіздікті қамтама­сыз ету үшін әлі көп нәрсе істеу керек, себебі өмірдің барлық саласын жа­­һан­­дық ақпараттандыру құқыққа қар­сы әрекет үшін жаңа ортаның пайда болуына әкеледі. Бұған ақпараттық-ком­муникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне қатысты құқық бұзушылық фактілері бойынша алғаш рет жүргізілген және іске асырылған қылмыстық істер куә бола алады. Атап айтсақ, 2020 жылдың мамыр айынан бас­тап «Е-Лицензиялау» МДҚ» ақпараттық жүйесін заңсыз түрлендіру фактілері бо­йынша (ҚР ҚК 206-бабы 1-тармағының 2-бөлігі бойынша) ҚР азаматтарының кінәсін мойындау туралы шешім күшіне енді, онда ұйым қызметкерлері жеке пайда табу мақсатында қызмет бабын пайдалана отырып, заңды тұлғалар үшін рұқсат құжаттарын заңсыз ресімдеуді жүзеге асырған.

ҰҚК мамандарының биылғы жылы ғана ҚР заңнамасын бұзу фактілері бойынша ЦДИАӨМ (ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган) алдын алу-ескерту іс-шараларына тікелей қатысуы барысында 30 лауазымды және бірқатар заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ҰҚК «МТҚ» АҚ техникалық мүмкіндіктері арқылы нысаналы аудиториясы желінің қазақстандық сегментін пайдаланушылар болып табылатын фишингтік ресурстар жолымен Интернет желісіндегі алаяқтықтың ұлғаюы тіркеліп отыр (2020 жылы «Фишинг» түріндегі оқиғалар саны 2019 жылмен салыстырғанда 58%-ға өсті). ҚР азаматтарының құпия деректерін алу мақсатында теріс пиғылды адамдар интернет-банкингтердің, пошта ұйым­дарының, интернет-дүкендердің, хабарландыру алаңдарының және басқа да онлайн-сервистердің сайттарын имитация­лайды. Бұдан басқа, халық­ты мәжбүрлі оқшаулау кезеңінде қашықтан білім беруді, еңбек қыз­метін және мемлекеттік басқаруды қамта­масыз етудің білім беру салалары басым мақ­саттар болып табылады (DDoS-шабуыл­дардың жалпы саны 2019 жылмен салыс­тырғанда 2020 жылы 44%-ға артты).

Сарапшылар шабуылдаушылардың елдің киберкеңістігіндегі белсенділігінің одан әрі артуын болжап отыр, ол ки­берқауіптерге қарсы іс-шаралардың тиімділігі мен жеделдігін арттыруды талап етеді. Бұл елдің ақпараттық кеңіс­тігінің заңсыз қолсұғушылықтан қорғалуын арттыруға бағытталған ілеспе заңнамалық, ұйымдық және техникалық шараларды талап етеді.

Қазіргі дағдарыс жағдайларында елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәнге ие болып, Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық векторларын әзірлеу үшін негіз болып табылады. Қоғам бизнестің тоқырауына, инвестициялардың қысқаруына тап болып отыр, бұл халықтың әл-ауқатының төмендеуіне әкеледі. Осыны ескере отырып, біз бірқатар заңнамалық актіге қажетті түзетулер енгізуге баста­машылық жасадық.

Қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде халықаралық құрылымның қазақстан­дық пайдаланылмайтын әскери мү­лік нарығын кейіннен оны әскери қақты­ғыстар аймағына шығара отырып, монополияландыру әрекеттері бұғат­талды, сөйтіп Қазақстан үшін сыртқы саяси және имидждік тәуекелдер жойылды. Сондай-ақ халықаралық ұйымның қазақстандық 30 млн оқ-дәріні экспорттауға мәміле жасауының алды алынды. Ал 2020 жылдың қазан айында экспорттық бақылауға жататын әскери өнімді (500 бірлік кевлар дулығасы) рұқсат құжаттарын ресімдемей әкетуге тыйым салынды. Сонымен қатар қазақстандық әуе кемелерінің шетелдерде пайдаланылуын бақылау қатаңдатылды, бұл олардың жауынгерлік қақтығыстар аймағына тәуекелді тасымалдарға тартылуын болдырмауға мүмкіндік берді. SigmaAirlines, AzeeAir және Aircompany Jenis Air әуе ком­панияларының лицензия­ларын қайтарып алуға бастамашылық жасалды.

Уәкілетті органдардың алдында ядро­­лық қарусыздану бағдар­ламасы шең­берінде әскери оқ­тұмсық­тардан Ресей тарапы алған уран­ның қазақстандық үлесі үшін Қазақ­станның ақшалай өтемақы алу мәселесі өзектілендірілді. Нәтижесі – 136,1 млрд теңге бюджет түсімі. Орталық Азия республикаларының бірінің арнаулы қызметімен бірлесіп, біз трансұлттық қылмыстық топтың (ОА елдерінің азаматтары қатарынан) ядролық материалдардың заңсыз айналымы саласындағы әрекетінің жолын кестік. Жалпы, 2020 жылдың өзінде ғана мемлекеттің экономикалық даму бағдарламаларын қарсы барлаумен сүйемелдеу, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың, қаржы-өнеркәсіп топтары мен трансұлттық компаниялардың қызметін бақылау шеңберінде 925,3 млрд теңге сомасында экономикалық залал келтірудің алды алынды, мемлекет кірісіне 147,23 млрд теңге түсім қамтамасыз етілді.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін және транс­ұлттық құрылымдар жүзеге асыратын ұлттың денсаулығына нұқсан кел­тіруге бағытталған белсенді есірткі экспортының объектісі болып отыр. Есірт­кі тасымалдаудың 11 халықаралық және 23 өңірлік арналарының жолы кесілді. 15 ірі есірткі зертханасы жойылды, трансұлттық есірткі құры­лымдарының  26 қатысушысы ұсталды, заңсыз айналымнан Ауғанстанда өндірілген бір тоннадан астам есірткі тәркіленді. ОАӨАҮО және АҚШ Әділет министрлігінің Есірткіге қарсы күрес жөніндегі федералдық басқармасымен (АҚШ DEA) және Ауған­станның және Өзбекстанның құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасау арқы­лы бірқатар бірлескен операция жүргізілді.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басымдықтарының бірі – Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету болып қала береді. Терроризм, заңсыз көші-қон және есірткі айналымы қатерлерінің өзектілігі жағдайында шекара ведомствосының қызметі жетілдірілуде. Шекара қыз­метінің облыстық департаменттерін құру арқылы шекараны қорғаудың аумақ­тық принципі іске асырылды, олар­дың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.

Шекара қауіпсіздігі мәселелерін халықаралық, заңнамалық және норма­тивтік-құқықтық реттеу бойынша ­мақ­­сатты жұмыс жалғасуда. Биылғы жылғы ақпанда Каспий теңізіндегі қыз­метті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Респуб­ликасының заңнамалық актілеріне өз­геріс­тер мен толықтырулар енгізілді, олар  Каспий маңы мемлекеттерінің барлығының Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау процесі аяқталғаннан кейін бірден күшіне енетін болады. Осы жылдың алты айында біздің шекарашылар бес мыңнан астам құқық бұзушыны ұстап, 100 мыңнан астам оқ-дәріні, екі мың электршокерді, 12 мың суық қа­руды шекара арқылы алып өтуге жол бермеді.

Шекара қызметінде жаңғырту және ребрендинг, реформалау бойынша жүргізілген іс-шаралар бүгінгі күні бізге уақыт сынына барынша ұтқыр әрі тиімді жауап беруге, Қазақстанның ұлттық мүд­делерін сенімді қорғауға мүмкіндік береді.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық мін­дет­тер қарқынды өзгеруде. Таяу кезең­ге болжанып отырған негізгі сын-қатерлерге лайықты қарсы тұру үшін 2021-2025 жылдарға арналған ҚР Ұлт­тық қауіпсіздігінің жаңа стратегиясы қабылданды. Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңе­сінің отырысында қаралған және мақұл­данған құжатты Мемлекет басшысы бекітті. Онда елдің ұлттық мүдделерін қорғаудың тұжырымдамалық тұрғыдан жаңартылған тәсілдері бар.

Негізгі сын-тегеуріндер ретінде мыналар белгіленді: біріншіден, коро­навирустық инфекция пандемиясы және биологиялық қауіпсіздіктің басқа да қатерлері. Екіншіден, экономиканы, еңбек қатынастарын, әлеуметтік саланы, ақпараттық кеңістік пен коммуникацияны түбегейлі өзгертетін технологиялық өзгерістер. Үшіншіден, қаржы-экономикалық салаға әсер ете­тін сыртқы нарықтағы дағдарыстық құбылыстар. Төртіншіден, жаһандық және өңірлік деңгейдегі шиеленістің одан әрі ушығуының теріс әсері.

Ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі басымдықтары адами капитал саласында – бірінші кезекте, ұлттың зияткерлік әлеуетін сақтау мен көбейтуде қауіпсіздікті қамтамасыз етуді талап етеді. Базалық факторлардың қатарына биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жұмыстармен қатар, қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту енгізілді.

Экономикалық қауіпсіздік міндеттері сыртқы әсерлерге төзімді, өнімділікті ынталандыратын және технологиялық күр­делілік деңгейін арттыратын, тұрақт­ы жоғары өнімді жұмыс орында­рын құратын және халықтың табысын арттыру үшін жағдайлар жасайтын өсу моделіне көшуге бағытталған. Эко­логиялық қауіпсіздікке келетін болсақ, ол экожүйелерді қорғауды ғана емес, сонымен бірге табиғи ресурс­тарды басқ­аруды да қамтиды. Мұнда елдің су қауіпсіздігі ерекше орын алады.

Ақпараттық қауіпсіздік саласында ұлғайып келе жатқан киберқауіптерге қарсы іс-қимылға, қазақстандықтардың дербес деректерін, ақпараттық инфра­құрылымды, стратегиялық объектілерді қорғауға және тұтастай алғанда, ұлттық ақпараттық кеңістіктің қорғалуын арттыруға маңызды орын беріледі.

ҰҚК алқасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде ҰҚК тиімді және заманауи арнаулы қызмет ретінде қалыптасқанына мамандар мен қалың жұртшылық күмән туғызбайтынын атап өтті. Бұл – Комитетті құрған және оны аяғына тұрғызған Елбасының тарихи еңбегі. Комитеттің әрбір қызметі, әрбір қызметкері ұлы миссияны орындауда – елімізді сыртқы және ішкі қол- сұғушылықтан қорғауда. Қарқынды түрде өзгеріп жатқан «жаңа болмыс» жағдайында Комитет қызметінің мәні барған сайын артып отыр десек, асыра айтқандық емес.

Бұл шынында да солай. Мемлеке­тіміздің тәуелсіздігінің мерейтойлық жылына кіре отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ең күрделі міндеттерді шешуге қабілетті екенін атап айтқым келеді. Біз алдын ала әрекет етуге үйрендік, ҰҚК қызметінің элиталылығы мен беделі қалпына келтірілді және көптеген жас өз өмірлерін Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне арнауда. ҰҚК Қазақ­стан халқы мен Президентінің лайық­ты сеніміне ие. Мұның өзі көп нәрсені міндеттейді.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының жеке құрамы мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтай отырып, зор ден­саулық, отбасыларына амандық және халқымыз бен елімізге мінсіз қызмет етуге ұмтылыс тілеймін!

 

Кәрім МӘСІМОВ,

Ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты,

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы