Экономика • 13 Шілде, 2021

«Жасыл» облигация айналымға шығады

563 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақын арада біздің нарықта «жасыл облигациялар» термині айналымға енуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта қазақстандық тәжірибеге инвестициялық және «жасыл» облигацияларды енгізу мәселесі пысықталып жатыр.

«Жасыл» облигация айналымға шығады

Биыл жыл басында «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне эконо­ми­калық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаны белгілі. Сол заң аясында қаржы құралдарының жаңа түрлері енгізілмек. Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлчехра Талқамбаеваның айтуынша, бұл бастама еліміздегі жасыл экономикаға көшу жобасымен үндеседі.

– Елімізде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар шаралардың қолға алынып отыр­ғаны белгілі. Мемлекеттік қол­дау шаралары «жасыл» қаржы­ландыру шеңберіндегі жобаларға да көрсетіледі. Инвестицияларды тартуға арналған құралдардың бірі «жасыл» облигациялар болып табылады, – дейді Талқамбаева.

Спикердің айтуынша, «жасыл» облигация – борыштық ба­ғалы қағаз. Оның көмегімен эмитент компания («жасыл» бағалы қа­ғазды шығарушы компания) экологиялық проблемаларды шешуге қауқарлы жобаларды іске асыру үшін қаражат тартады. «Жасыл» облигациялар арқылы қаржыландыру үшін «жасыл» жобаларды жіктеуді экология министрлігі дайындап, үкімет бекітеді. Кез келген басқа бағалы қағаздар сияқты «жасыл» облигацияны коммерциялық ұйымдар шығаруға құқылы. Олар басқа да құнды қағаздар секілді айналыс мерзімі бойынша әртүрлі болуы мүмкін, қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, айыр­басталатын немесе айырбасталмайтын болып бөлінеді.

– «Жасыл» облигацияларды орналастырудан алынған ақша қолданыстағы табиғи ресурстар­ды пайдалану тиімділігін арт­тыруға, қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге, энергия тиімділігін, энергия үнем­деуді арттыруға, климаттың өз­геру салдарын жұмсартуға және климаттың өзгеруіне бейім­делуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға байланысты мақсаттарға ғана пайдаланылуы мүмкін, – дейді Гульчехра Тал­қамбаева.

Спикер атап өткендей, эмитент «жасыл» облигацияларды орналастыру мерзімі ішінде қар­жыландырылатын жобаның қоршаған ортаға әсері бойынша жыл сайынғы есепті жариялауға міндетті. Ол инвестициялық ба­ғалы қағаздардың қалай жұ­мыс істейтінін де түсіндірді. «Халық­аралық тәжірибеге сәй­кес, негізгі сыйақыны алумен қа­тар, инвестициялық облига­цияны ұстаушының белгілі бір жағ­дайлардың туындауына не туындамауына байланысты қо­сымша сыйақы алуға құқығы бар. Инвестициялық облигация­лар бойынша кірістілік ол тәуелді ба­залық актив құнының серпініне бай­ланысты болады», дейді. Бұл ретте инвестициялық облига­ция­­лар қор биржасының тізімі­не енгізілуі немесе тиісті азамат­тық-құқықтық мәмілелер жаса­су ар­­қылы алаңнан тыс орналас­тырылуы мүмкін.

Спикердің айтуынша, облигация бойынша кірістің белгілі бір көрсеткішке, индикаторға немесе индекске қосылуы белгілі бір нарықта мамандандырылған және ұзақ мерзімді болжамдар жасай алатын инвесторлар үшін тартымды. Екінші жағынан, бұл бағалы қағаз ол бойынша сый­ақы төлеу шарттарын не­ғұр­лым икемді етуге және осылайша эмитенттің нарықтық тәуе­келдерін төмендетуге мүм­кіндік береді. Төлемдер эмитент табы­сының мөлшеріне, баға­лы қағаздардың немесе өз­ге де қаржы құралдарының пайыз­дық мөлшерлемелеріне және баға белгілеулеріне, бағалы ме­тал­дардың, шикізаттың неме­се өзге де тауарлардың баға белгі­леулеріне, қор және тауар индекс­теріне, үшінші тұлғалардың мін­деттемелерді орындамауына байланысты болуы мүмкін.

Агенттік өкілінің айтуын­ша, қазіргі таңда қаржы нары­ғын қадағалаушы орган инвес­тициялық және «жасыл» облигацияларды шығару, айналысқа шығару және өтеу тәртібіне қойы­латын талаптарды көздейтін тиіс­ті түзетулерді әзірлеп жатыр. Бағалы қағаздар биыл жыл соңына дейін енгізілмек. Еліміз­дің «жасыл» экономикаға көшуді жылдамдатуы тұрғысынан қара­ғанда «жасыл» қағаздың нарық­қа келуі эмитенттердің де, инвес­торлардың да ықыласын оятады деген сенім басым.