Қоғам • 13 Шілде, 2021

Жауапкершілік жүгін сезінетін кез келді

448 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет биыл шілде айында өкілеттік мерзімі аяқталған ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді.

Жауапкершілік жүгін сезінетін кез келді

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау әрбір қазақ­стандыққа қай партияға мүшелігіне немесе мүше еместігіне қарамастан, өзінің конституциялық құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындар ауыл мәселесінің тиімді шешілуіне әрдайым мүдделі. Енді бізге оған тікелей атсалысып қана қоймай, жұмыстың нәтижесіне әсер етуге жол ашылды. Кез келген азаматтың үміткер ретінде өзін ұсына алуы бүкіл сайлау процесінің бәсекелестігіне жаңа серпін бермек. Ал бірегей ерекшелік – тұрғындардың сайлауды басынан аяғына дейін бақылай алатындығы. Атап айтқанда, нақты үміткер үшін дауыс беруден бастап, әкімді сайлау, оның әкім лауазымындағы қызметінің барысын бағалауға дейін. Егер тұрғындар ауыл әкімі өз міндетін дұрыс атқармай жүр деп санаса, әкімге сенімсіздік білдіріп, вотум жариялай алады. Олар сайлаушы құқығын толығымен пайдалана алады.

Жаңадан сайланған әкім өз сайлаушыларының алдындағы жауапкершілікті толық сезінуге тиіс.

Сонымен бірге дауыс беру құқығы бар сайлау­шылардың жалпы санының кемінде 1 пайызының қолын жинаған азамат өзін үміткер ретінде ұсына алуы қуантады. Бұл – әділ бәсекеде бақ сынап, жеңіске жеткісі келетіндер үшін үлкен мүмкіндік.

Жоғарыда аталған өзгерістер азаматтардың белсенділігі мен сана-сезімінің артуына ықпал етеді. Әрбір қазақстандық осы сайлауға қатысу арқылы өз ауылының болашағына әсерін тигізе алатынын түсінуі керек. Еліміздің әр азаматына өзінің жеке жауапкершілігінің жүгін сезінетін кез келді, өйткені Қазақстан – біз жалға алған баспана емес, ол – біздің ортақ үйіміз.

 

Алмагүл ҚОЗБАЕВА,

«Kaisar-KZ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Павлодар облысы