Қоғам • 13 Шілде, 2021

Өркениет дамуының қозғаушы күші

1264 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекеттің, халықтың әлемдік өркениеттегі алар орны, бәсекеге қабілеттілігі оның білімі мен ғылымның дамуымен өлшенеді. Өйткені білім мен ғылым – өркениет дамуының қозғаушы күші. Сондықтан да әлемдік өркениетте танылуға, оның алдыңғы қатарынан орын алуға ұмтылған мемлекет өзінің ғылыми-технологиялық, инновациялық дамуына көңіл бөледі, әлемдік білім кеңістігінің озық тәжірибелерін игеруге күш салады.

Өркениет дамуының қозғаушы күші

Қазіргі заманғы университеттер үшін тек білікті маман даярлау жеткіліксіз. Ең басты міндет жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, озық ойлы, рухани тұрғыдан кемелденген, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу болса керек-ті. Абай айтқан «толық адам» тәрбиелеуде білім қаншалықты өзекті болса, тәрбиенің алар орны да соншалықты ерекше. Фарабише: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Ал шәкірт бойына білім мен тәрбиенің дәнін қатар егетін диқан – білімі мен білігі қатар өрілген, өнегелі ұстаз. Қоғам сонау Фараби заманынан бері «ақылгөй ұстазға зәру». Ел болашағын ұрпақ болашағымен бірге қарастыратын қай мемлекет болсын, білікті педагог, ұлағатты ұстаз даяр­лау мәселесіне ерекше мән беріп, ұлттық стратегиялық басым бағыт ретінде қа­рас­тыруы да осындай қажеттіліктен туған. Осы ретте Білім және ғылым министр­лігінің бастамасымен «Педагог мәр­тебесі туралы» Заңның қабыл­да­нуы елімізде ғана емес, әлемдік қоғамдастықтан оң бағасын алып, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаздарға деген және ұлт болашағына жасалған қамқорлық ретінде бағаланғанын айта кетуіміз керек.

2020 жылдан бастап жоғары оқу орындарына педагогикалық ма­ман­дықтар бойынша түсуге ниет біл­дірген талапкерлерге қойылатын талап та күшейтілді. Егер бұрын Ұлттық бірыңғай тестілеуден  болашақ педагогтер үшін шекті балл 50 болса, енді шекті балл 75-ке дейін көтерілді. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері болашақта жұмыспен қамтылу мәселесінде көп қиындықтар туындай қоймайды деген оймен, өзінің болашақ мамандығына деген ешқандай сүйіспеншілігі мен қызығушылығы жоқ кез келген мектеп бітіруші педа­гогикалық мамандықты таңдайтын үрдіс қалыптаса бастаған. Қоғамдағы осы үрдіс Алаш арысы Мағжан «төрге оздырған» ұстаз мәртебесіне сәл де болса сызат түсіргендей еді. Білім және ғылым министрлігінің бұл ұстанымы ұстазға деген қадір мен құрметті арттырып, жоғары жауапкершілік жүктейтіні ақиқат.

Сонымен бірге биылдан бастап жоғары оқу орнын бітірсе де осы уақытқа дейін мектепте жұмыс істемеген педагогтер Ұлттық біліктілік тестін тапсыруы міндеттелді. Министрлік қойып отырған жаңа талап – тест тапсырып, қажетті балл жинаған түлектерді ғана жұмысқа қабылдау. Педагог кадрлардың сапасын арттыруға бағытталған біліктілік тесті түлектердің пән бойынша білімі мен оқыту әдістемесінің деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде университет ұжымы берік дәстүр мен заманауи инновация­ны ұштастыра отырып, білікті педагогтер даярлап келеді. Осы жылы уни­вер­ситетті бітіруші 400-ге жуық бо­ла­шақ педагог Ұлттық біліктілік тестті ой­дағыдай тапсырды.

Адамзатқа алғаш рет бетпе-бет келіп отырған пандемия әлемдік  білім беру жүйесі үшін ауыр сынаққа айналды. Мектеп оқушылары мен жоғары оқу орнының студенттері дәстүрлі форматта білім алуы мүмкін болмай қалды. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша 200-ге жуық мемлекеттің білім ошақтары жабылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемия уақытындағы білім беру жүйесіне байланысты «Білім беруді неғұрлым икемді ету керек, балалар мен студенттерді қашықтық режімінде оқытудың хаттамалары мен әдістемелерін әзірлеу, еліміздегі оқу орындарын іс жүзінде цифрландыруды аяқтау маңызды. Қазіргі заманғы қашықтан оқыту технологияларын жеделдетіп енгізу қажет. Алдымызда білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарау, оларды қолжетімді және интерактивті ету міндеті тұр», деген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында министрлік  заңнамаға «қашықтан оқыту» ұғымын енгізді. Қашықтан оқыту жағдайында жұмыс істеу үшін мұғалімдеріміздің құзіреттілігін арт­тырды. Болашақ мұғалімдерді даярлауға арналған университеттік бағ­дарламалардан бастап, үздіксіз бі­лім беру курстарына дейінгі барлық білім беру бағдарламасында қашықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған жұмыс істеу әдіснамасы, педагогикалық технологияларға, сонымен қатар IT-құзіреттіліктер бойынша да арнайы модульдер енгізілді. Аз ғана уақыттың ішінде жасалған білім беру жүйесіндегі осындай реформалар білім сапасын төмендетпеуге ықпал етеді.

Пандемия жағдайында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушы-профессорлары бірқатар жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес MOOCs, Coursera онлайн курс­тардан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Platonus ақпараттық жүйесінде «Тапсырмалар» және «Онлайн Прок­торинг жүйесі» лицензиялық мо­дуль­дері сатып алынды. 3 мыңнан астам бей­недәрістер дайындалып, университет серверіне орналастырылды. Қазіргі кезде «МИСиС» Ұлттық зерттеу техникалық университеті (ҰЗТУ) Edcrunch University орталығымен бірлесіп, жаппай білім беру онлайн курстарына (МООК) да­йындалуда.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бастамасымен қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ғылымды қаржыландыруды 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің 1%-на дейін ұлғайту жоспарланған.

Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда екі есеге өсіп, 2020 жылы 50,1 млрд теңгені құраса, 2021 жылғы көрсеткіш 71,6 млрд теңгеге дейін өсті. Егер бұрын гранттық қаржыландыру конкурсы 3 жылда 1 рет өткізілсе, 2020 жылы 5 конкурс өткізілді.

Бұл өз кезегінде университеттегі ғылыми жобаларды қаржыландыру деңгейінің елеулі  өсуіне әкелді. Мысалы, ҚР БҒМ ҒК  гранттық қаржыландыруы негізінде 2020 жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін, яғни 9 айдың ішінде 11 жоба ұтып алынды. Бұл былтырғымен  салыстырғанда 20%-ға  артық. Жалпы, гранттық қаржыландыру сомасы 250 млн теңгені құрайды. Одан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген қаражат негізінде (28,1 млн теңге) 3 жоба бойынша археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Мемлекет басшысы өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында ел­ ғылымын дамытуға ерекше назар аударғаны белгілі. Үкіметке жыл са­йын әлемнің жетекші ғылыми ор­талықтарында 500 ғалымның тағы­лымдамадан өтуін қамтамасыз ету және «Жас ғалым» жобасы аясында ғы­лыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу үшін 1000 грант бөлу жөніндегі тапсырмасы қазіргі кезде орындалу үстінде. Бұл – отандық ғалымдарға деген үлкен қамқорлық. Олардың ғылыми-шығармашылық жұмыспен айналысуына жасалған мүмкіндік.

Академиялық дербестік университетке білім беру бағдарламалары маз­мұнының 80%-ын жұмыс бе­рушілердің талаптары мен білім алушылардың мүдделерін ескере отырып, кәсіптік стандарттар негізінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басқару жүйесіндегі өзгерістер жұмысқа қабылдау, мамандықтар мен даярлау бағыттары бойынша студенттер контингентін қалыптастыру, ЖОО-лардың академиялық құрылымын анықтау мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігіне бағытталған.

Жоғары оқу орындарына практик қызметкерлерді көбірек тарту қа­жеттілігіне, сонымен қатар білім беру сапасын арттыруға және оны прак­тикаға бағдарлауға байланыс­ты университет өндірістен практик ма­мандарды тартуды басты назарға алып отыр. Бүгінгі күні өндірістен 35 басшы мен қызметкер жұмыс істейді, бірнеше білім беру бағдарламасы бойынша практик мамандар дәріс оқуға шақырылған. ҚР БҒМ 2021-2024 жылдарға жа­риялаған өңірлік университеттерде «Академиялық үстемдік орталығын құру» конкурсына «Химия, жасыл технологиялар, жаңартылатын энергия көздері, педагогикалық және сабақтас ғылымдардың ғылыми-ин­новациялық орталығы» жобасын ұсындық. Осы жоба аясында ірі 8 оқу-ғылыми зертхана ашу жоспарланып отыр.

Мемлекетіміздің басты капиталы – ел болашағы болатын жастар. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруге, яғни одан бұ­рын жаңғырып отыруға тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», деген болатын. Қазіргі Білім және ғылыми министрлігі тарапынан жасалып жатқан реформалардың мақсаты – кемел келешегімізді, жарқын болашағымызды жасайтын рухани жаңғырған, саналы ұрпақ тәрбиелеу екені сөзсіз.

 

 Бейбіткүл КӘРІМОВА,

 Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

басқарма төрағасы – ректор