Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев бұл рухани мұраның ерекше құндылығына тоқталып, «Бақытжан Әлішерұлы бүгін бізге үлкен миссиямен келіп, ата-бабасынан қалған және өзінің зерттеушілік қабілетімен өмір бойы жинаған әдебиет, дін, тарих, тіл, география салаларын қамтыған жинақтарды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасына арнайы тапсырып отыр.
Өте сирек кездесетін жәдігерлер араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған, көне ғасырлардан бүгінгі дәуір аралығын қамтиды. Бұл еңбектердің арасында Орталық Азия ғана емес, ерте кездерде дүние жүзінде жарық көрген құнды кітаптардың үлгілері бар.Біз бұл рухани қазынаны кітапханамызға қабылдап қана қоймай, шығыстанушы, лингвист, тарихшы ғалымдарымыздан жұмыс тобын құрып, арнайы сараптама жасап, оларды сұрыптап, тақырыптық бағыттарына байланысты салаларға бөліп, нақты зерттеулер жүргізетін боламыз. Бұл кітаптарды зерделеу барысында олардың мазмұнын жеке-жеке талдап, астарына үңіліп, рухани, ғылыми құндылығына нақты бағасын беретін боламыз», деді.
Универсиет басшысы Бақытжан Әлішерұлына Әл-Фараби кітапханасына тапсырған құнды кітаптары үшін оқу орны ұжымының атынан алғыс айтып, ел ішінде, жеке отбасылық қорда жатқан бабалар мұрасын кітапхана, мұражайларға тапсырудың ізгі дәстүрге айналдыруды құп алатынын жеткізді. Бұл кейінгі жас ұрпақтың ұлттық таным-түсінігі мен ой-санасын дамытуға оң ықпалын тигізетінін атап өтті.
Бақытжан Әлішерұлының сөзіне сүйенсек, университетке тапсырылған 246 кітап атасы Дүйсенбек Қабыланбайұлы ақсақалдың жинаған мұралары екен.
Дүйсенбек Қабыланбайұлы жинаған кітаптар бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені кейбір кітаптар өзге адамдарға, туыстарға сыйға беріліп кеткен көрінеді.
Универсиет кітапханасына тапсырылған кітаптардың ішінде 1324 жылы Мысыр баспасынан шыққан Құран Кәрімнен бастап Пәкістан, Үндістан, Түркия, Қазан баспаларында басылған әдеби, тарихи, діни кітаптар бар.
«Егемен-ақпарат»