Қоғам • 13 Шілде, 2021

Вакцина алмаған қызметкер жұмыстан босатыла ма?

393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов коронавирусқа қарсы вакцина салдырудан бас тартқаны үшін қазақстандықтарды жұмыстан босатуы немесе жұмыстан шеттетуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Вакцина алмаған қызметкер жұмыстан босатыла ма?

Министр «Ашық диалог» порталында қазақстандықтардың сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық рәсім, оның ішінде вакцина да екпе алушының келісімі арқылы ғана жүргізіледі. Вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік заңнамада көзделмеген.

Алайда денсаулық туралы кодекстің 104-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан аумағына инфекциялық және паразиттік ауру әкелінуі немесе елдің бүкіл аумағына таралу қаупі төнген жағдайда елдің бас санитария дәрігері шектеу шараларын, оның ішінде кәсіпкерлік және өзге де қызметке карантин енгізеді.

«Осыған байланысты, Қазақстанның бас санитария дәрігері тиісті қаулылар қабылдайды. Бас дәрігердің № 67 қаулысының 6-1 тармағына сәйкес:

- қаулыда көрсетілген ұйымдар мен нысандардың COVID-19-ға қарсы вакцина салдырмаған қызметкерлерін күндізгі режимде жұмыс істеуін шектеу.

- бірінші тармақшада көрсетілген ұйымдардың вакцина алмаған қызметкерлері үшін міндетті ПТР-сынама 7 күнде бір рет жүргізіледі.

Ерекше жағдай бойынша вакцинацияға медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдар, сондай-ақ соңғы үш айда коронавирус жұқтырып, ауырғандар кіреді», деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, жұмыс беруші:

  • егер мүмкіндік болса, COVID-19-ға қарсы вакцинация алмаған қызметкерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуды ұсынған;
  • қашықтан жұмыс істеуден бас тартқан не жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған кезде қызметкерді Еңбек кодексінің 48-бабы 1-тармағына сәйкес жалақысын сақтамай шеттетуге құқылы. Бұл ретте жұмыс беруші уақытша болмаған қызметкер міндеттерін орындау үшін басқа қызметкерді қабылдауға құқылы;
  • жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда және қызметкер күндізгі режимде жұмыс істегісі келсе, қызметкер өз есебінен міндетті ПТР-сынама өтуі керек.

Министр тараптардың келісімі бойынша міндетті ПТР-сынама жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылуы мүмкін екенін айтты.

«Осылайша, вакцинациядан бас тартуына байланысты жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан шығаруға құқығы жоқ. Сонымен қатар қызметкерлер өздерінің еңбек құқықтарын қорғау үшін жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына өтініш беруге құқылы», деп толықтырды министр.

Айта кетейік, 2 шілдеден бастап барлық қызметкері вакцина салдыруы керек нысандардың кеңейтілген тізімі күшіне енді. Тізбеге базарлар, сұлулық салондары, дәмханалар, мейрамханалар, қызмет көрсету нысандары және халық жаппай баратын басқа да орындар кірген.