Өнер • 13 Шілде, 2021

Бұғау ішіндегі бұлқыныс

665 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таланттар әлемнің қай қиырында тұрса да, оның тамырын бүлкілдеткен қан ұлтын, болмысын сөйлетпей тұрмайтыны ­даусыз. Біраз жылдан бері Берлинде тұрып келе жатқан Гүлнұр Мұқажанованың да қолтаңбасына қарап, қазақтың баласы екенін болжау қиын емес.

Бұғау ішіндегі бұлқыныс

Қандасымыздың Қазақстанда жеке көрмесін өткізбегеніне 10 жылдан артық уақыт өтіпті. Ілгеріде бұл суретшінің бірқатар туындылары өзіне тәнті еткені есімізде. Суретшінің қазіргі жұмыстарына қарап отырып, белгілі бір шеңбер ішіндегі бұлқынысты байқауға болады.

Гүлнұр да Орталық Азияға тән дәстүрлі материалдармен жұмыс істейді. Оның фото және бейнежобаларында киіз бен баршын күрделі инсталляция, яки реквизитке айналады.

Мәселен, Мұқажанова шығармашылығында материалдың өзіне емес, оның перформатив аспектіне баса назар аударылатынын айта кету керек, яғни киіз әзірлеу процесі нәтижеден кем түспейтін маңызға ие. Суретші жырақта жүрсе де туған жері жаһандану және саяси бірегейлік тұрғысынан автордың жиі зерттеу тақырыбына айналғанын аңғару қиын емес.

Сонымен Aspan Gallery ашқан «Тыныштық кеңістігі» көрмесінде Гүлнұр сурет пен бейнебаян түріндегі 14 шығармасын ел назарына ұсынып отыр. Оның ішінде «Постномад шындығы» атты 2016 жылы басталған, киізден жасалған серия да бар. Бұл серияда суретші жүн мен жібектен әзірленген, қанық түстермен боялған киіздің икемділігімен өзіндік өнер туындыларын құраған.

фото

«Постномад шындығының» пайда болуына қазақтың ұлттық кілемі мен кестесі – тұскиіз себепші болыпты. Төртбұрышты П пошымды тұскиіз әлдебір есік не порталды еске салады, олар біздің сана үшін әдетте тарс жабық. Алайда түсімізде сол басқа әлемге, өзге кеңістікке өтіп, аралай аламыз. Мұқажанова жұмыстарындағы порталдың шеті, шегі нақты белгіленбеген, төртбұрыш шекарасы айқын емес, акварель бояуындай жайылып сала береді. Бұл бір түтін не елес әсерін сыйлайды. Шынайы әлем көз алдымызда бұзылып жатқандай көрінеді, бірақ мұндай көрініске кінәлі бояу қасиеті немесе атмосфера құбылыстары ма, әлде өзіміз дұрыс байқай алмай қалдық па – мұны нақты білмейміз. Суреттер алаң көңіл мен әлдебір тұрақсыздықты тамаша жеткізеді.

Көрерменнің сезімімен тікелей байланысу арқылы «Пост-Номад шындығында» Гүлнұр Мұқажанова суреттің оны қарап тұрған адамның көзі арқылы қабылдап, ұғынуына мән берген Джексон Поллок, Марк Ротко, Виллем де Кунинг секілді абстрактілі экспрессионистердің дәстүрін жалғастырады. Жылы киіз материалды қолдану арқылы Гүлнұр оның туындысын қолмен ұстап көргендей әсер сыйлайды: суретті тамашалау кезінде біз киіздің қандай екенін еріксіз елестетеміз. Осылайша оның абстрактілі жұмыстары адами, тән деңгейіндегі қасиеттерге ие болады.

Көрменің басты шығармасы – суретшінің Кәрім Оэльц фон Лобентал есімді неміс режиссерімен бірлесіп түсірген «Жаһандық қауымдастық» деген қысқаметражды сынақ фильмі. Мұнда бір кездері Мұқажанова фильмімен аттас фотосериясында көрсеткен мәңгүрттік және ұлттық бірегейліктің жоғалуы сөз болады. Қазақ қаламгері Әбіш Кекілбаев пен қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов енгізген «мәңгүрт» термині саналы немесе бейсаналы түрде ұлттық тамырдан ажырауды, дәстүрлі негізден тайқып, тілге дейін мәдениетті жоғалтуды, оның орнын басқа мәдениеттің басуын білдіреді. Берлинде, автордың жаңа мекенінде түсірілген бейнебаяндар тұратын адамдардың бетпердені киіп-шешкенін көрсетеді. Бетпердені шешіп, кию үдерісі отарлау қарама-қайшылығын білдіреді, яғни сюжет өз бетінше шеберді іздеп табады. Бұл жерде әңгіме жаһандану жайлы болып тұр – адам тамырын іздеуден, табудан қалып, өзгеге тән құндылықтарды қабылдайтыны меңзеледі.

Көрменің «Тыныштық кеңістігі» атауына ие болуын Мұқажанованың түрлі тәсілмен әзірленген шығармаларына ортақ тыныштық тақырыбымен байланыстырсақ болады. Тыныштық, үндемеу мәдениеті, жүйенің, басқа жандардың өзгеше пікірдегілердің даусын басуға тырысуы терең әлеуметтік мәселелер туындатады. Алайда тыныштық эстетикасы өнер мен философияда руханилықтың қайнар көзімен, тіршіліктің аз да болса сезімтал, сәл де болса толысқан түрімен байланысты. Бізді қоршаған тыныштық жақсы да, жаман да болуы мүмкін...

«Суреттерімнің салынуына көшпенділердің кілемі шабыт сыйлайды. Алайда бағзы заманда олар ашық түсті, өрнекті және мән-мағынаға толы болса, қазір мен мұндай кілемдерді монохромды реңкте көремін, осылайша біздің уақыттың «қуыс екенін», оның бардан айырылғанымызды білдіретінін жеткізуге тырыса­мын. Бұл «қуыс» сіздерге қазіргі құндылықтарды қайта қа­растыру жайлы ой тастайды деп үміттенемін. Дәл осы себепті маған бұл жұмыстарды бірінші кезекте Қазақстанда көрсету маңызды болып отыр», дейді суретші.

 Алматы