Тарих • 13 Шілде, 2021

Құдыққа тасталған құрбандар

1022 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ашаршылық жылдары қазіргі Ертіс ауданы Ұйымшыл ауылында жалғыз қалған бір қарт аштан өлгендерді құдыққа жерлеген екен. Оған жергілікті тұрғындар 1998 жылы қоршау мен  тас белгі орнатқан. Жыл сайын  31 мамырда осы жерге келіп, аштық құрбандарын еске алып, Құран бағыштайды.

Құдыққа тасталған құрбандар

Ашаршылық жылдары Павлодар өңірінің  бас сауғалаған қазақтары осы «Ұйымшыл» ұжымшары арқылы Омбы жаққа қарай ағылған. Сол жолдың бойында  аштан қырылған  адамдардың мәйіттері қалған.

Облыстық мемлекеттік архив директорының орынбасары Ханшайым Мақажанованың мәліметінше, ашаршылық жылдары Павлодар облысынан 125 мың адам  Омбы, Сібірге қарай  кетсе, 40 мың бас ірі қараның 1935 жылғы статистикада небәрі 4-ақ мың басы қалғаны және 1932 жылы аулалар саны 11 мыңнан 3 мыңға дейін қысқарғаны көрсетілген.

– «Қоныс аударушылардың» тағдырларын зерттеу қажет. Бұл термин кеңестік мемлекеттік архив қорларында сақталған ресми құжаттарда қолданылған. Солтүстік өңір қазақтары үшін «қоныс аударудың» негізгі бағыты  Алтай, Батыс Сібір өлкесі болған. Сібірдің қалалары мен деревняларында аштықтан қырылған қазақтар жайлы мәліметтер архивтерде сақталғаны анық. Тірі қалған қазақтар ол жақтарда  шахталарға, кеніштерге, темір жолға жұмысқа алынған. Бәрі де орыс тілін  үйреніп, орыс ортасына бейімделген. Мысалы, архив құжаттарында Сібірдегі  Купин ауданының  қазақ ауылын өртеу туралы өкімі, бұл әрекетті халық соты айыптағаны  жазылған, – дейді тарихшы Сәуле Мамытова.

Алапат аштықта Ертіс ауданы Қы­зылағаш болысының 20 мыңға жуық қазағының жартысына таяуы құрбан болған.

Ертістік ақын-жазушы Мүбарак Жаман­балинов марқұм кезінде
аудан аумағында 1931-1932 жылдары аштан  өлген құрбандарға арналған ескерткіш тақталар мен ескерткіштер орнатылуына бастамашы болған. Осы қасірет жайлы «Аштық азабы»  поэмасын жазған. Бұл поэмада қазіргі Панфилов атындағы ауылдың сыртындағы темір қоршаулы  зиратта аштан өлген жүзге жуық қазақ әйелінің мүрдесі жатқаны, Деревянка дейтін байдың құдығына 1932 жылдың көктемінде аштан өлген жүзден астам қазақтың мүрдесі көмілгені  айтылады. 1993 жылы сол құдықтың жанына ескерткіш тақта орнатылды. Сондай-ақ
аудан аумағында аштықтан құрбан болғандардың мүрделері тасталған  Оспан құдығы, Кеңес ауылынан 12 шақырым жерде осындай тағы екі құдық болған екен.  Аш адамдар өлгендерді қабір қазып,  әдет-ғұрып бойынша жерлей алмаған, мүрделерді күрекпен жинап, арбаға салып, құдықтарға тастауға мәжбүр болған.

Биыл Қазақстан халқы облыс­тық ассам­блеясының және «Қоғамдық келісім» мемлекет­тік меке­месінің ғы­лыми-сараптамалық тобы өңіріміздің Баянауыл, Ертіс, Ақ­қулы, Железин, Тереңкөл 
аудандары, Екібастұз қаласына арнайы экс­педиция шығарды. Оның мүшелері ашаршылық құрбандары  жерленген орындарға барып, тағзым етті.

Жалпы, облыстық ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы өңірдегі жаппай жерлеу орындарын экспедициялық зерттеуді 2015 жылы бастағанды. Содан бері жергілікті ақсақалдармен, өлкетанушылармен, ауыл жұртшылығымен кездесулер барысында ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының естеліктері жинақталуда.   

Қазір Ақтоғай ауданы С.Мүткенов атындағы, Әбжан ауылдары арасындағы  адамдар ашаршылықтан жаппай қырылған «Төре түбегі» деген жерде қоршау мен ескерткіш белгі орнату қажеттігі  айтылуда. Атының өзі айтып  тұрғанындай, осы аудандағы Қараобада, Исантерек, Жаңа-ауыл, Әуелбек, Өтес ауылдарында да аштық құрбандары жаппай жерленген орындар  бар.  

Айтпақшы, Қараоба ауылында зерттеуші ғалым, Солтүстік мұзды мұхиттағы зерттеу барысында тұңғыш жаңалық  ашқан Евгений  Гернет  жерленген. Ол 1882 жылы Санкт-Петербор қаласында дүниеге келген. 1937 жылы зерттеу жұмысы барысында сапарға қатысушылардың көбі қыста қатты суыққа үсіп, қаза табады. Кінә  Гернетке жабылып, ол 1939 жылы Павлодар облысына жер аударылады.

Ақтоғай ауданының Әбжан  ауылында тұратын  қоғам белсендісі Қайыргелді Машрық ағамыздың айтуынша, Ыбырайым деген ауылдың тұрғындары нәубет жылдарында түгелімен  аштан қырылған. Ішінде оның әкесі де бар.

Тарихшы ғалым Сәуле Мамытованың айтуынша,  экспедиция жүргізудегі мақсат – өңірдегі ашаршылық  жылдары жаппай қырылған құрбандардың жерленген жерлерін анықтау және ғылыми сипаттама жасап, ғылыми интерактивті карта құру.  Бұл карта арқылы көпшілік ел басынан өткен нәубет туралы ақпаратты көре алады, жазықсыз  құрбан болғандар қойылған жерлерге қоршау және ескерткіш белгілер орнатуға қатысуға мүмкіндік алады.

Ашаршылық, қуғын-сүргін жайлы ел ішінен еститін әңгімелер жетерлік. Жұмыс  тобының  сапарлары әлі де жалғасады. 

– Алғашқы деректерде өңі­рімізде ашаршылық құрбандары жерленген 40-тан астам орын бар делінсе, енді одан да  көп екенін білдік. Мысалы, бір ғана Ертіс ауданында құрбандар жерленген 30-дан аса орын бар, – дейді С.Мамытова.

Иә, қазақ жері жаппай ашар­шылық құрбандарының сүйектері шашылған үлкен зиратқа айналды деуге болады.

– Бұл зұлмат басқа халықтарға да әсер етті. Мысалы, жерімізде тұратын украиндықтардың – 11, орыстардың – 6,  өзбектердің – 8, ұйғырлардың – 13, та­тарлардың – 10, немістердің 11 пайызы аштан қырылғаны анықталған. Аштық құрбандары, қуғын-сүргін нәубеті –  толық зерттелмеген тақырып. Әлі де зерттелу үстінде. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы осы қасіретті жағдайларға тарихи-құқықтық баға берілуі қажет, – дейді  ғалым Сәуле Мамытова.

Иә, қазір елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен өткен ғасырдың бас кезіндегі аштық пен саяси қуғын-сүргін тарихы одан әрі зерттеліп, талай ақтаңдақтар ашылу үстінде. Бұл маңызды іс бірер жылдың жұмысы емес екені де түсінікті. Келмеске кеткен кеңес билігі қолдан туғызған нәубет жылдарында жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімдерін түгел анықтап, жерленген орындарын тауып, аруақтары алдында тағзым ету –  бүгінгі ұрпақ парызы  екені сөзсіз.

Павлодар облысы