Аймақтар • 13 Шілде, 2021

Белгіленген мерзімінен бұрын берілді

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Алматы қаласында мемлекеттік тапсырыс бойынша жаңадан 8 мектеп және 17 жапсарлас мектеп салынып, оқу орны тапшылығы 75% қысқаруы тиіс.

Белгіленген мерзімінен бұрын берілді

Халқы күн сайын көбейіп келе жатқан шаһар үшін, әсіресе, заманауи білім ордаларының дер кезінде бой көтеруі аса маңызды. Мысалы, Алматы қалалық №60 мектеп-гимназиясына «Жөндеу Құрылыс» компаниясы қосымша үш қабатты ғимаратты белгіленген мерзімінен бір ай бұрын салып берді.

Жақында жолымыз түсіп, Алматы қалалық №60 мектеп-гимназиясына қосымша салынған үш қабатты ғимаратты барып көрдік. Гимназияның сыртқы қабырғасы заманауи сапалы құрылыс материалы – травентинмен көмкерілген. Шеберлікпен түзу тартылған ақшыл жолақ біртұтас қоңырқай түс ғимаратты аша түскен. Аулаға ақ, қызыл түсті қалың тас ретімен қаланыпты. Еңселі ғимараттың ішкі қабырғалары көңіл сергітер түспен боялып, заманауи талапқа сай жасалғаны жарасымды-ақ. Сыныптар кең, онда терезеден түсетін жарықты барынша пайдалану үшін көлемді электронды тақталар орнатылыпты. Парталары мен шкафтарының ені, биіктігі, жалпы пішіні стандартқа сәйкес жасалынғаны да бірден көзге түседі. Осы игіліктің барлығы балаларымыз үшін жасалып жатқаны қуантты.

Негізі құрылысшы қандай да бір нысанның қабырғасын түзу, еденін тегіс, баспалдағын стандартқа сай, яғни сапалы атқару арқылы да патриоттығын, халыққа, мемлекетке адалдығын танытады. Сол құрылысшының қолтаңбасы ғимараттың сәнділігімен, сапасымен ерекшеленеді. Десек, іскерлігімен елімізге танымал «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы», «Құрмет» орденінің иегері Жандулла Абдимуратов басқаратын «Жөндеу Құрылыс» ЖШС құрылыс компаниясы сапалы жұмысын осы білім ордасында да көрсетіпті. Мамырдың соңғы күндерінде өзіміз куә болған кезекті жұмыс тәртібіндегі кездесуіндегі тапсырыс берушінің ескертпелеріне құрылысшылар өзіндік пікірлерін қосып, ел игілігі үшін ортақ келісімге келіпті.

Құрылыс нысанын бастау үшін берілетін сараптама қорытындысы кейде алты-тоғыз айға созылады. Оған жобалық сметалық құжаты дайын нысанға республикалық бюджеттен қаражат бөлінгенше кезегін күтіп бір жылға таяу уақыт жатып қала­тынын тағы қосыңыз. Сол уақытта құрылыс материалының құны еселеп өседі. Осындай түрлі кедергілерге тоқталмаған компания құрылыс жұмысын талапқа сай әрі белгіленген уақытынан кешіктірмей тапсырып отыр. Бұл – құрылысшылардың адал жұмысының нәтижесі. Әрине, дерекке дәйектеме келтірсек, құрылысшылардың уақытпен санаспай, үлкен жауапкершілікпен, сауаттылықпен, мол тәжірибеге сүйене ұйымдастыра біліп атқарған қыруар жұмысы көрінеді. Ең бастысы, жаңа оқу жылында уақыт талабына сай жарқыраған мектеп-гимназияның есігін айқара ашып, оқушылар мен мұғалімдерді ризашылыққа бөлеген құрылысшылар нағыз азаматтығын көрсетті.

Алматы