Білім • 13 Шілде, 2021

Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра ала ма?

7374 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект (ЖИ) білім саласына қалай әсер етеді? Оқу процесінде мұ­ғалімнің рөлі өзгере ме? «Мұғалім – ЖИ» тандемінде ынтымақтастық қалай құрылады? Ең күрделі жасанды интеллект те мұғалімді алмастыра алмайды деген тұжырымдар да бар. Бірақ бұл оқытуды жақсартуға және білім сапасын арттыруға көмек­тесетіні анық дейді сарапшылар.

Жасанды интеллект  мұғалімді алмастыра ала ма?

Бүгінде қазақстандық мұғалімдерді осы және жасанды интеллект төңірегіндегі өзге де өзекті мәселелер толғандырады. Өйткені қазіргі ақпаратты технологиялар қарыштап дамыған  дәуірде мұғалім үшін мүмкіндіктер мен басымдықтар, жасанды интеллект балалардың игілігі үшін жұмыс істеуге тиіс. Технологияның дамуына қарай оқытуда оқушының қабілетін, қажеттілігін, жеке ерекшелігін ескеруді ұмытпауымыз керек. Балалардың болашағын, олардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ете отырып, адам мен компьютердің артықшылықтарын біріктіру арқылы білім беруді тиімді етіп, ал мұғалімнің жұмысын шығармашылыққа айналдыруға болады. Бірақ  жасанды интеллекті мектептерде қолдану тәжірибесі бізде әлі де жеткіліксіз.

– Алайда бізге бір орында тұруға болмайды. Оқыту үшін сапалы цифрлы білім беру ресурстарын жасақтау, мұғалімдер оны пайдалану үшін цифрлы құзыреттіліктерін белсенді дамытуы қажет, – дейді «Назарбаев зияткерлік мектеп­тері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова. 

Заманауи білім берудегі жасанды интеллектіге сұраныс мәселесі жуырда осы Назарбаев зияткерлік мектептерінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалім» атты дөңгелек үстелінде кеңінен  талқыланды.

НЗМ басшысы жасанды интеллект әлеуеті талас тудырмайтынын жеткізді. Дегенмен ғылым цифрландырудың мұғалімнің жұмысын алмастыруға мүмкіндігі аз екенін айтады. Керісінше машиналық оқыту алгоритмдері, геймификация, онлайн технологиялар мұғалімге оқытуды тиімді әрі қызықты етуге көмектеседі.

Жасанды интеллект оқушының жеке білім алу бағдарын анықтауға қолғабыс етеді. 2017 жылдың қазан айында қытайлық Squirrel компаниясы зерттеу жүргізген. Төрт күн бойы оқушылардың бір тобы жасанды интеллект көмегімен оқыды, ал екінші топ оқушыларына мұғалім материалды онлайн-технологияны қолданбай-ақ түсіндірді. Математика бойынша қорытынды тестілеу компьютер оқытқан балалардың жақсы нәтижеге жеткенін көрсетті.

Сондай-ақ К.Шәмшидинова Джорджия технологиялық институтының ғалымы Ашок Гоэлемнен қызық дерек келтірді. Жасанды интеллект оқушылардың жиі қоятын сұрағына бірнеше рет жауап беру арқылы саналы оқуға ықпал етеді. Бұған ғалымның өзі жасаған «Джилл Уотсон» бағдарламасы мысал болады. Онда оқушылар онлайн сабақта жиі қоятын мыңдаған сұрақ пен жауап қамтылған. Жинақталған ақпаратты және қосымша параметрлерді қолдана отырып, бағдарлама адамның көмегінсіз қойылған сұрақтарға нақты жауап бере алды.

Бүгінде ірі онлайн мектептер жасанды интеллектке негізделген бағдарламаларды жасайды және қолданады, сәйкесінше бұл оқу процесін оқушы мен мұғалімге тиімді және ыңғайлы етуге көмектеседі. Мысалы, SkyEng ағылшын мектебінде жасанды интеллект адаптивті, дербес оқытуды және сол уақытта тапсырмаларды тексеруді қамтамасыз етеді. Оқу тренажерлерінің көпшілігі жасанды интеллектпен жұмыс істейді.

Мұғалімінің күнделікті жұмыстарды орындауға көп уақыты кетеді. Қазір әлемнің көптеген елі жасанды интеллект көмегімен аналитикалық және статистикалық мәлімет жинауды автоматтандыруға тырысуда. Мысалы, Батыс Аустралия университеті Smart-кампус бағдарламасын жасады, бұл күнтізбелік менеджмент, студенттер базасы, электронды журнал және сабақ кестесі, сабақты жоспарлаудың интеллектуалды жүйесі, ұсыныстар жүйесі бойынша ақпараттарды жинақтайды.

Ресейде Дневник.ру сайты жүргізген сауалдамаға сәйкес респонденттердің 85%-ы электронды күнделік арқылы аптасына үш сағатқа дейін үнемдейтінін атап өтті. Сонымен бірге сауалдамаға қа­тысушылардың 78%-ы қағаз журналдар мен күнделіктерден толығымен бас тартты. Зерттеуге сәйкес респон­денттердің 85%-ы цифрлы жұмыс құралдарына көшуге келіседі. Алайда мұ­ғалімдердің 15%-ы мұндай шешімге қарсылық білдірген, бұны олар хакерлер шабуылы мен ақпараттың басқаларға қолжетімді болуы мүмкін екенімен түсіндірді. Сондай-ақ сұхбаттасқан мұғалімдер электронды журнал жұмысындағы қателіктер мен көру органдарына зиян келтіруден қорқады.

Ең күрделі жасанды интеллект те мұғалімді алмастыра алмайды, бірақ бұл оқытуды жақсартуға және білім сапа­сын арттыруға көмектеседі. Осын­дай тұжырымды дөңгелек үстел барысында білім беру саласында ұзақ уақыт бойы NIS және Қазақстанмен серіктес болып жүрген шетелдік сарапшы, Финляндиядағы Ювяскюля университетінің EduCluster тобының инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш келтірді.

– Қазір көптеген мұғалім үшін жасанды интеллект туралы әңгіме қорқынышты және түсінуге қиын. Менің ойымша, жақында супер мұғалімдерді көбірек көреміз, олар үшін ЖИ үйреншікті құралға айналады. Бұл жаңа технологияларды басқаруды үйренгенде мүмкін болады. Біз жасанды интеллект жұмысымызды жақсартатынын білеміз және оны қолдану біздің оқушылардың жақсы нәтижеге жетуіне әкеледі, – дейді Дэвид Марш.

Финдік сарапшы ЖИ айналамыздағы барлық нәрсені бір түнде өзгертпейтінін нақтылады. Оның айтуынша, жасанды интеллекті бақылау қажет. Өйткені бұл біздің әрқайсысымыздың көптеген жыл бойы жүргізіп келе жатқан тәуелсіз, ынталы және шығармашыл оқушыларды, Қазақстанның жаһандық деңгейде ойлайтын азаматтарды дайындау миссиямызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл біздің оқушылардың интел­лек­туалды және жеке өсуге емес, тест нәтижелеріне ғана қызығушылық танытқан кезеңді өзгертуге мүмкіндік береді.

Соңғы онжылдықта технология көптеген мамандықты өзгертті. Мысалы, қазір ұшқыштар он жыл бұрынғыға қарағанда мүлдем басқа ұшақтарды басқарады. Осыдан жиырма жыл бұрын хирургияда жұмыс істеген дәрігерлер бүгінгі дәрігерлер қолданып жүрген құрылғылардың сан алуандығынан сасқалақтауы мүмкін.

Оқыту кезінде жасанды интеллекттің қажеттілігіне күмәнданатындар үшін Дэвид Марш «Егер бұл болмаса, онда білім беруді дамытудың келесі үлкен қадамы қандай болмақ?», «Ал қазір болмаса, бұл даму қашан болады?» деген сұрақ қойып, осыны ой елегінен өткізуге шақырды.

Бұл сұрақтар дөңгелек үстелге қатысқан мұғалімдердің ЖИ дәуіріндегі орнына деген қызығушылығын арттырды. Сондықтан олар үшін сыныпта балалармен тікелей жұмыс жасайтын әріптестерінің көзқарастарын білу маңызды болды. Елордалық Зияткерлік мектептің химия пәнінің мұғалімі, Global Teacher Prize жаһандық сыйлығының еліміздегі амбассадоры, «Қазақстанның жыл мұғалімі – 2020» сыйлығының иегері Динара Бейсембаева бүгінгі таңда жасанды интеллектің педагогикалық практикада қалай қолданылатынын көрсетті.

– Мен отандық және шетелдік әріптестер арасында олардың жасанды интеллекті қалай қолданатыны туралы сауалдама жүргіздім. Олардың басым көпшілігі ЖИ-тің не екенін біледі, бірақ онымен қалай дұрыс жұмыс жасау керек екенін толық түсінбейді. Әріптестер виртуалды көмекшілерді, Google Forms, Whiteboard, GeoGebra сияқты онлайн-платформаларды пайдаланады және өздерінің арсеналын кеңейтуді қалайды, өйткені олар оқыту практикасы тек жақсарып келе жатқанын түсінеді, – деді Д.Бейсембаева.

Қостанай қаласындағы мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-интернатының физика пәні мұғалімі Жахангир Гаппаров «Ақпараттық технологиялар мен дәстүрлі оқыту ара­сындағы тепе-теңдікті қалай сақтау керек?» деген қазіргі кездегі мұғалімдердің көпшілігін мазалайтын сұраққа жауап берді.

– Заманауи технологиялар қаншалықты тез дамыса да, балаларды сапалы оқыту үшін, ең алдымен, мектептің жайлы ортасы маңызды, өйткені бұл білім жетілдіруге ықпал етеді. Сонымен бірге технологиялар материалды неғұрлым нақты және жеңіл түсіндіруге көмектеседі. Дәстүрлі және заманауи оқытудың дұрыс үйлесуі ең жақсы нәтижеге жеткізеді деп санаймын, – деді Ж.Гаппаров.

Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Светлана Испусинова McKinsey зерттеуінің нәтижелерін көрсете отырып, мұғалімдер мен ЖИ арасындағы үйлесімді ынтымақтастықтың тікелей қажеттілігін атап өтті. Білім беру технологияларын қолдану деңгейі жоғары Канада, Сингапур, Ұлыбритания және АҚШ-тағы 2 мыңнан аса мұғалімге жүргізілген сауалдама мынаны аңғартады. Мұғалім аптасына орта есеппен 50 сағат жұмыс істейді, оның 10,5 сағатын сабаққа дайындалуға, 6,5 сағат жұмысты тексеру және кері байланысқа, 3 сағат біліктілікті арттыруға, 5 сағат әкімшілік тапсырмаларға, 4,5 сағат оқушылар коучингіне, 3,5 сағат оқушылардың әлеуметтік дағдыларын дамытуға және 16,5 сағат оқытуға жұмсайды. Тұжырымдар анық – мұғалімдер дайындық, бағалау және әкімшілік жауапкершілікке қарағанда оқушымен жұмысқа аз уақыт өткізді.

Светлана Багитқызы жасанды интеллект мұғалімдерге өз уақытының 20-30 па­йызын мұғалімнің нақты миссиясы – оқытуға қайта бөлуге көмектесе алатынын айтты. Автоматтандырудағы ең үлкен әлеуеті бар сфера – сабаққа дайындық. Технологияны тиімді пайдалану бұл уақытты кем дегенде екі есеге қысқартуы мүмкін. Қазірдің өзінде түрлі дағдыларды дамытуға арналған көмекші жаттығулар ұсынатын көптеген бағдарлама бар. Осындай дағдылардың ішінде С.Испусинова бейімделушілікті, қарым-қатынасты, мүмкіндіктерді кеңейтуді, сондай-ақ цифрлы дағдыларды ерекше атап өтті.

NIS Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Венера Мусарова да цифрлы дағдылардың маңыз­дылығына тоқталды.

– Мұғалімнің өзі интернеттегі онлайн курстар, шеберлік сағаттарына қатысуы, ақпаратты сұрыптауы, қазіргі заманғы оқушыларды қызықтыратын құралдардың көмегімен сабақ ұсы­нуы қажет. Мұғалім виртуалды кеңістік мәселелерінде құзыретті болуы, жасөспірімдер тенденциясын қадағалап отыруы керек. Жасанды интеллектің даму қарқыны мұғалімнің психологиялық дайындығы мен үздіксіз кәсіби дамуын болжайды. БҰҰ қазіргі заманның басқа да жаһандық сын-қатерлерімен қатар оқу принципін (lifelong learning) іске асыруды басты міндеттер қатарына қосты. Қазіргі әлемдегі көптеген дағды тез ескіреді және бұл білім беру мамандарының өздеріне де толық қатысты. Сондықтан үздіксіз білім алу мүмкіндігі мұғалімдерге қойылатын басты талаптардың бірі болып қалады, – деді В.Мусарова.

Оның айтуынша, жаңа технологиялардың пайда болуы әрдайым мұғалімнің рөлін айқындап отырады. Дэвид Торн­бургтың «компьютер ауыстыра алатын кез келген мұғалім соған лайық» деген сөзі жиі дау тудырады, бірақ ол қазір мұғалімнің сансыз дағдылары мен қасиеттерін алмастыра алатын технологияның жоқтығын меңзейді.

Швейцариядан келген әйгілі ғалым, цифрлы денсаулық сақтау және жасанды интеллект бойынша Халықаралық серіктестік жобасының директоры Амандип Джил жасанды интеллект дәуірінде мұғалімнің орнын ештеңе алмастыра алмайтынына күмән келтірмейді.

– Мұғалім болу – тек бүтін бөлшектерді оқыту ғана емес, бұл адамның әрекеті. Балалар мұғалімге қарап, өздерін айнадағыдай көреді. Сүйіспеншілік те, жанашырлық та, тәлім беру де – бұл еш машинаның қолынан келмейтін эмоционалды компоненттердің бірі, – деді ол.

Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаментінің директоры Рустам Абилов мектептен тыс және бейресми білім берудің ерекшеліктеріне тоқталды. Ол жасанды интеллект 10-20 жылда келетін шындық емес, бүгінгі шындық екенін атап өтті. Әлемде оқытуды қамтамасыз ету үшін ЖИ-ді белсенді қолданатын көптеген білім беру платформасы бар. Олардың оқушыларының саны көбінесе он миллионмен өлшенеді.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың сөздері жасанды интеллектісіз жаңа шындықта білім алу мүмкін емес екендігіне бәрін сендірді. Дэвид Марш жасанды интеллекті өмірге енгізген кезде мұғалімнің жұмысы жеңілдейтіндігіне назар аударды.

– Егер ЖИ толқыны басылады деп бұғып отыра берсек, мүмкіндігімізді жіберіп аламыз. Жаңа технологияларға тіке қарап, ең бастысы оларды басқара бастасақ, онда біз бүгін мен ертеңгі супер-мұғалім боламыз. Біз кешегі супер-мұғалімнің мәртебесіне қайта орала алмаймыз, әлем өзгерді, ал қазір ол бізге 10-20 жыл бұрын тіпті армандамаған мүмкіндікті ұсынып отыр, – деді.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың барлығы өздерінің кәсіби портфолиоларын толықтырды. Педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлері дөңгелек үстелге қатысушыларға жасанды интеллект бойынша тиісті материалдардың үлкен тізімін дайындады және ұсынды. Бұл тізімге жүзден аса атау, соның ішінде кәсіби әдебиеттер мен бейнематериалдар енгізілген. Жасанды интеллект туралы ұсынылған кітаптардың әртүрлілігі – Дж.Хокинстің 2004 жылғы «Интеллект туралы» кітабынан А.Флоджидің биыл жарық көрген «Білім берудегі жасанды интеллект» кітабына дейін зерттеулердің дәйектілік пен тереңдігін көрсетеді.

Қазірде танымал TED Talks материалдар тізімінде ұсынылған, оның ішінде Б.Браунелл, Дж.Шейн, К.Андерсон, С.Харрис және басқалар бар. Бұл тізімде сондай-ақ алыс және жақын шетелдерден білім беру саласындағы белгілі сарапшылардың мақалалары, баяндамалары мен есептері енгізілген.

– Жүз жыл бұрын әйгілі британдық шахматшы Уильям Артур Уорд былай деген: «Жай мұғалім хабарлайды. Жақсы мұғалім түсіндіреді. Керемет мұғалім көрсетеді. Ұлы мұғалім шабыттандырады». Жасанды интеллект дәуірінде мұғалім тұлға болып қала береді, бірақ қарапайым және жақсы мұғалімдер үшін бұл жерде орын жоқ. Тек керемет және ұлы ұстаздар жұмыс істеуі керек, – деп Күләш Шәмшидинова дөңгелек үстел жиынын қорытындылады.