Сайлау • 14 Шілде, 2021

Саяси жүйедегі маңызды бетбұрыс

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел тарихында алғаш рет тікелей дауыс беру арқылы ауыл әкімдерін халық сайлағалы отыр. Ауыл тұрғындары үшін ауыл әкімінің өздеріне жақын адам болғаны өте маңызды. Себебі ауылдың тыныс-тіршілігін бұрыннан білетін адамның әкім болуы – жұмысты жандандыратыны сөзсіз.

Саяси жүйедегі маңызды бетбұрыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлаудың маңызды екенін атап өтті. «Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі, бұл – біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы билік­тің басшысын тікелей сайлау мүм­кіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түр­де келдік», деген Президент халық­тың 40 пайыздан астамы ауыл­да тұратынына тоқталып, бұл саяси іс-шара ең алдымен ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын атап айтқан еді.

Әкімдер сайлауы шілденің соңғы онкүндігінде өтпек. Елде 700-ден аса ауылдық округ әкімі, ал Сыр өңірінде 40 ауылдық округ әкімі тұңғыш рет халық сайлаған әкім ретінде тәуелсіз ел тарихында қалмақ. Дегенмен әкім болу бар, халыққа жақын болу тағы бар. Сайланғаннан соң, сайлаған халықтың үмітін ақтап, елге қызмет етудің жөні бөлек.

Ауыл әкімдеріне қойылар та­лап та, жауапкершілік те жо­ғары. Сайлау заңында атап көр­сетілгендей, әкім сайлауына жасы 25-тен асқан, жоғары білімді және кемі бір жыл мем­ле­кет­тік қызмет атқарған немесе мемлекеттік ор­ганға жатпай­тын ұйымда кемі екі жыл жетекші болып істеген азамат қатыса алады. Заң­ға сәйкес, үміт­керлерді ұсы­ну­дың үш түрлі жолы көрсетілген. Бірін­ші, саяси партия ұсынады. Пар­тия бір сай­лау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екінші, дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызынан қол жинау арқылы өзін өзі ұсы­нуға болады. Үшінші, ұсыну аяқ­та­­латын күні екіден кем кандидат ұсынылса, аудан әкімі ұсына ала­ды.

Ауыл әкімдерін сайлауды саясаткерлер біраздан бері ұсы­нып жүргенімен, халық үшін әкім­ді сайлау елеулі жаңалық бол­ғаны рас. Дегенмен бұрын-соңды сайлауларға қатысып жүр­ген қоғам бұл қадамға да­йын деп есептеймін. Халық арасында қоғамдық саяси зерттеу институтының жүргізген сауалдамасына қатысқандардың 60 пайызы сайлауға баруға дайын екенін білдірсе, 23 пайызы әлі нақты шешім қабылдамағанын айтқан. Сауалдамаға елдегі 134 ауылдан 2936 тұрғын қатысқан.

Осы орайда сайлау талабы бойынша үміткердің мемлекеттік қыз­­метте тәжірибесі болуы кей­бір мемлекеттік қызметте жұмыс істе­меген, іскер ауыл азамат­тарының бағын сынауға кедер­гі келтірмес пе екен деген ой туындайды.

Тағы бір маңызды мәселе бюд­жетке келіп тіреледі. Әр әкім өз ауылына тиісті бюджет бол­ғанын қалайды. Ақша болмаса, мәселе де шешілмейді. Әр ауыл­дың сыртқа көрінбейтін проблемасы бар. Қажеттіліктің көпшілігі ауылдың өз бюд­жеті арқылы ше­ші­летін бол­­са, мемлекеттік қыз­метте тәжі­ри­бесі бар мықты аза­мат­тар ауыл әкімі болуға да қызы­ғушылық таны­туы бек мүмкін.

Иә, халық сайлаған әкімдерге артылар жауапкершілік те жеңіл болмайды. «Әкімдер – биліктің әр­бір елді мекендегі тікелей өкі­лі. Жұрт олардың қызметіне қа­рап бүкіл мемлекеттік бас­қару жүйе­сінің тиімділігін баға­лайды. Сон­дықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талап­тарына сай болу үшін алдағы сай­лауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды», деді Мемлекет бас­шысы.

Бюджет тақырыбы алдағы уа­қытта талқыланып, түйінді мәсе­лелер шешімін табады деген ойдамын. Бұл сайлау қоғамға жаңа леп әкелері сөзсіз. Тіпті сайлау нәти­желі болып жатса, келешекте аудан әкімін, облыс әкімін сай­лау жұмыстары да жүйеленуі мүм­кін. Бұрын-соңды сайлау жүйе­сінде жинақталған жұмыс тәжі­рибеме сүйене отырып, біз демократиялық ел болғандықтан, сайлау жұмыстарын елімізде дамыту қажет деп есептеймін. Халық үніне құлақ асатын мемлекет ауылдан бастау алатын болса, мұның өзі еліміздің демократиялық жолмен одан әрі дамуы үшін қажет үлкен тәжірибе болмақ.

 

Абайбек ЖҮНІСОВ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры