Қоғам • 14 Шілде, 2021

Бір орынға – үш үміткер

772 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 25 шілде күні 31 ауыл әкімін халық өзі сайлап алмақ. Өңірдегі 12 ауданның 9-ында сайлау өтеді.

Бір орынға – үш үміткер

Бұл жөнінде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов хабарлады. 

Сараптамаға қарағанда, 26 ауылда бұрынғы әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғандықтан, сайлау өтсе, 5 елді мекеннің басшысы қыз­метінен ерте кетіп қалған. Енді бұл орындарға барлығы 93 үміт­кер таласып отыр. Оның ішін­де 40 үміткерді саяси партия­лар ұсынса, 53 үміткер өзін өзі ұсын­ған екен.

«Орта есеппен бір орынға үш үміткер бәсекелес болып отыр. Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Қазталов аудандарының жалпы саны 9 округінде бір лауазымға 4 үміт­кер тіркелді. Ал тағы 9 ауылда әкім сайлауы тек қос үміткер­дің арасында өтеді», деді Ғайса Қа­пақов.

Алдағы сайлауда өз мүшесін үміткер етіп бәйгеге қосқан партиялар арасында Nur Otan партиясы көш бастап тұр. Бұл партиядан 25 үміткер бәйгеге түседі. Одан басқа, саяси бәсекеге «Ауыл» мен АDAL партиялары – 5 үміткерден, Халықтық партия – 3 үміткер, «Ақ жол» мен «ЖСДП» 1 кандидаттан ұсынған.

Жоғарыда айтылған 93 үміт­кердің 6-уы ғана – әйел. 45 үміткер қазірдің өзінде мемлекеттік қызмет атқарып жүрсе, оның 20-сы – өзі сайлауға түскелі отырған округте әкім болған. Бұлардың бәрі де сайлауға партия мандаты бойынша түскелі отыр.

Сайлау додасына түскелі отыр­ған батысқазақстандық үміт­­керлердің орта жасы – 41. Бөрлі ауданында 26 жастағы үміт­­кер тіркелген, бұл ең жас кан­дидат. Ал ең егде, яғни 60 жас­тағы үміткер – Бөкей ордасы ауданында.

Ауыл әкімі лауазымынан үміткерлердің 6-уы – экономист, 10-ы – заңгер екен.

60 үміткер өзі сайлауға түс­келі отырған ауылдық округте, 27 үміткер аудан орталығында тұрады.

«9 шілдеге дейін 82 кан­ди­даттың құжатын тексеріп, заңға сәйкестігін анықтадық, бәрі де талапқа сай. Соның ішінде 66 адам үміткер ретінде нақты тір­келді», деді Ғайса Қапақов.

Айта кетейік, сайлау­шы­лар­дың саны жөнінен 6671 дауыс беруші тіркелген Теректі ауданының Подстепное ауылы ең алда. Ал Бөрлі ауданының Қарақұдық ауылдық округінде небәрі 180 сайлаушы бар екен. Аудан орталығынан ең шал­ғай жатқан елді мекен­дер қа­тарында Ақжайық ауда­нының Сарытоғай ауылы мен Бөкей ордасы ауданының Сарал­жын ауылы бар. Олар аудан ор­та­лығынан 200 километр қа­шықтықта ор­наласқан. Сондай-ақ 10 елді мекенде сайлау бөлімшесі жоқ, олардың таңдауын анықтау үшін жылжымалы сайлау жәшігі ұйымдастырылмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы