Аймақтар • 14 Шілде, 2021

Курортты аймақ көркейе түсті

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тамылжыған табиғатты саф күйінде сақтаудың маңызы өте зор. Таяуда «Киелі табиғат» акциясы аясында облыстық туризм басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы білек біріктіріп курортты аймақта эко-сенбілік өткізді.

Курортты аймақ көркейе түсті

Жадыраған жаз айларында бұл өңірге ат ізін салатын, мәңгі жасыл қарағайы мен қолдың саласындай ақ қайыңы қаулап өскен орманды алқабын емін-еркін аралап, саф ауасын көкірек кере құмарта жұтатын келімді-кетімді кісі аз емес. Туристер дүмеп келген соң әдейі жасамаса да, ішкі мәдениеттің олқылығынан табиғаттың ай жүзіне кіреуке түсіп жататыны да бар. Акцияның басты мақсаты – жас толқынды тәрбиелеу. Экологиялық мәдениеттің дағдыға айналуына күш салу. Сайып келгенде табиғатты күтіп, оған жанашырлықпен қарап, қашанда қамқор болуды жетелеріне жеткізіп, сүйектеріне сіңіру.

Ізгі ниетпен әдіптелген акцияға облыс орталығы мен Бурабай ауданы­ның еріктілері қатысты. Сөз арасында жастардың бойында туған өлкемізді күтіп ұстайықшы, табиғатқа адамдар залал келтірмесінші дейтін ниет­тің бар екендігін разылықпен айта кеткеніміз орынды болмақ. Қаты­сушылар екі топқа бөлініп, тазалайтын аумақтарының кең болуын қам­тамасыз етті. Нәтижесінде, жүз­ден астам қапқа қоқыс жиналды. Осы­дан-ақ кейбіреулердің табиғатты аялай бермейтіндігін аңғаруға болады. Еріктілер тобы қоқыс жинаумен қатар, демалушылар арасында түсінік жұмыстарын да жүргізді.

– Бұл шараның өзгелерге үлгі бола­тындығы сөзсіз. Алдағы уақытта та­биғат жанашырларының қатары бү­гін­гіден де көбейсе екен, – дейді об-­­
лыстық еріктілерді қолдау орталығы фронт кеңсесінің үйлестірушісі Әсия Қанашева.

Бір мезеттік іс-шара барысында ауқым­ды іс тындырылғандығын айта кет­кен жөн. Ең бастысы, жас тол­қын туған өлкенің табиғатына жана­шыр. Жақсы іс жалғасын тауып, сәті­мен са­бақ­талып жатса, ойға алған шаруа­ның оңынан оралғаны емес пе?!

 

Ақмола облысы