29 сәуірде Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесі инспекциясының кезекті отырысы болды. Онда екі мәселе қаралды: 1) Мемлекет басшысының оқ-дәрілерді сақтау және оларды қайта кәдеге асыру нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы туралы; 2) әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету кезінде заңдылықтың сақталуы туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Валерий Петровтың және бас әскери прокурор Ерғали Мерзадиновтің хабарламалары тыңдалды. Мемлекет басшысының қару-жарақты сақтау және қайта кәдеге асыру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын іске асыру жөнінде мемлекеттік органдар қабылдаған шараларға баға берілді.
Екінші мәселені қарау кезінде бас әскери прокурор Ерғали Мерзадинов Қауіпсіздік Кеңесі инспекциясының мүшелерін әскери құрылымдарда тұрғын үй заңдылығы талаптарының орындалуы туралы хабардар етті. Талқылау нәтижелері бойынша әскери органдардың орталық аппараттары мен гарнизондарда тұрғын үйге кезекті қалыптастыру және оны бөлу кезіндегі заңдылықтың сақталуын тексеру жөнінде Қауіпсіздік Кеңесі инспекциясының Арнаулы комиссиясын құру туралы шешім қабылданды.
Отырыс қорытындылары бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді.