Спорт • 14 Шілде, 2021

Шахматшыларымыз жарысты жеңіспен бастады

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның белді шахматшылары Ресейдің Сочи қаласында шымылдығы түрілген әлем кубогы жолындағы жарысты жеңіспен бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шахматшыларымыз жарысты жеңіспен бастады

Жүлде қоры 2 568 750 АҚШ долларын (ерлер – 1 892 500, әйелдер – 676 250) құраған дүбірлі доданың алғашқы айналымында Ринат Жұмабаев сириялық Башир Эйтиді екі партияда да ұтты. Енді ол 1/64 финалда ресейлік Александр Мотылевпен күш сынасады. Бибісара Асубаева кубалық Йерисбель Миранда Льянеспен шеберлік байқасты. Аса шиеленісті өткен бәсекеде қазақ қызы 1,5:0,5 есебімен басым түсті. Келесі кезеңде Бибісара өзінің отандасы Жансая Әбдімәлікпен сайысқа түседі. 

Бір өкіншітісі, әлем кубогы «нокаут жүйесі» бойынша өтетіндіктен осы межеде жеңгені жарысты жалғастырады да, жеңілгені көрермендер қатарына қосылады. Сол секілді Динара Сәдуақасова да турнирді 1/32 финалдан бастайды. Ол польшалық Клаудия Кулен мен америкалық Дженнифер Ю арасындағы кездесудің жеңімпазымен жолығады.  

Естеріңізге сала кетейік, Қара теңіз жағалауында өтіп жатқан жарыста 309 (ерлер – 206, әйелдер – 103) ойыншы бақ сынауда. Қатысушылардың қатарында әлем чемпионы Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Левон Аронян, Шахрияр Мамедьяров, Александр Грищук, Екатерина Лагно, Мария мен Анна Музычук және тағы басқа әйгілі шахматшылар бар.