Экология • 14 Шілде, 2021

Елімізде су мөлшері төмендеуі мүмкін

627 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҮЕҰ және азаматтық сектор өкілдерімен кездесу барысында алдағы уақытта су мөлшері төмендеуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде су мөлшері төмендеуі мүмкін

Жиын барысында министр су ресурстарын басқару мәселелеріне тоқталып, өзендер ағыны қалай қалыптасатынын түсіндірді.

«Өзен ресурстарының нақты көрсеткіштері соңғы жылдары шамамен 90-100 текше метрді құрайды. Оның ішінде 51,8 текше метрі жергілікті ағын, 39,2 текше метр Қытайдан, сондай-ақ Орталық Азия елдерімен Ресейден транс шекаралық өзендер арқылы келіп түседі. 3,5 мыңнан астам кен орындарында жылына 15,5 текше метр көлемінде жерасты суларының қоры бар. Географиялық тұрғыдан олар біркелкі бөлінбеген», деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр экологиялық қажеттілікке шамамен 50 текше метр су қажет екенін де айтты. Ал пайдаланылатын судың жалпы көлемі 25 текше метрді құрайды екен. Оның ішінде ауыл шаруашылығына - 15 куб км, өнеркәсіпке - 6, коммуналдық шаруашылыққа - 1 куб км тиесілі. Сондай-ақ тасымалдау кезіндегі шығын - 3 куб км тең.

«Бүгінгі таңда елдегі сумен қамту экономикалық салаларды қанағаттандырып отыр. Дегенмен алдағы уақытта су мөлшері төмендеуі мүмкін. Ол суды көп мөлшерде тұтыну мен кейбір елдердің суды бөлуіне байланысты. Оған қоса инфрақұрылымның ескіруін ескерсек, су шығыны көбейеді деп күтілуде. Мәселен, ауылды жердегі каналдардағы су шығыны 45%-ға дейін жетуі мүмкін. Су шығынын азайту үшін су арналарына жедел түрде жөндеу жұмыстарын жүргізу керек», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Министр су балансын 90-100 куб км деңгейінде ұстап тұру үшін алдымызда 2030 жылға қарай қосымша су ресурстарын пайдалану, су ресурстарын цифрландыру арқылы суды үнемдеу міндеті тұрғанын айтты.