Аймақтар • 14 Шілде, 2021

Алматыда бір тәулікте 640 адам індетке шалдықты

1980 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев эпилемиялық ахуал «Дельта» штамына өршіп тұрғанын атай келе, алматылықтарды вакциналану қарқынын төмендетпеуге шақырды, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда бір тәулікте 640 адам індетке шалдықты

Алматының әкімі 14 шілдеге дейін коронавирус инфекциясының 80 091 жағдайы тіркелгенін айтты.

Тек соңғы тәулікте 640 адамның індет жұқтырғаны анықталды.

Бүгінде 5200 төсек орынға ұлғайған инфекциялық стационарларда барлығы 1947 пациент, оның ішінде 168 бала емделіп жатыр. Сонымен қатар, науқастардың 55-інің жағдайы өте ауыр, 428-і ауыр, 1464 орташа ауырлық дәрежеде. Реанимация және интенсивті терапия бөлімдерінде барлығы 133 науқас бар. ӨЖЖ аппаратында – 28, инвазивті емес ӨЖЖ – 46, High flow аппаратында – 42 науқас жатыр.

Соңғы 7 күн ішінде КВИ-дің симптомды ауруларының үлес салмағы өткен 7 күнмен салыстырғанда 2 есеге өскен, 53%-дан 88%-ға дейін, бұл КВИ-дің ауыр клиникалық көрінісін қалыптастыратын дельта нұсқа айналымының тез таралуы салдарынан болып отыр.

Соңғы 2 аптадағы жас құрамының талдауы дельта нұсқасының жоғары контагиозды болуынан балалар мен жастарға вирус тез жұғуда: 2%-ға төмендеуіне қарамастан 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 13%-дық жоғары күйінде қалуда; 20 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтар арасында дерттің ең жоғары деңгейге 3,4%-ға (39%) асқынуы үлкен алаңдаушылық тудырып жатыр. Сондай-ақ 40-59 жастағылар арасында жұқтыру деңгейі – 25%, яғни, әрбір 4-ші адам инфекция жұқтырған. 60 жастағы аға буын арасында жұқтырудың үлес салмағы 1,6%, бұл иммундану мен мобильділіктің төмендігінің нәтижесі.

Жұмыспен қамту бойынша соңғы 14 күнде КВИ дерті өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында басым – 37% (өсім 2%), түрлі ЖШС, ЖК, АҚ қызметкерлері арасында – 19% (бұрынғы деңгейден), зейнеткерлер арасында – 16,6% (0,8%-ға төмен), сондай-ақ мектеп оқушылары арасында – 10,1% (0,2%-ға төмен) және мектеп жасына дейінгі балалар арасында – 6,7% (сол деңгейде), бұл науқастар санының 90%-ын құрайды.

Инфекция жұқтыратын нақты орындар: соңғы аптада алдыңғы соңғы аптамен салыстырғанда КВИ-ді отбасында жұқтыру 9%-ға төмендеді, туыстарымен, көршілерімен, достарымен байланыста болғандар – 0,2%-ға азайды.

Соңғы 7 күнде КВИ жұқтыратын негізгі орындар сауда нысандары – 31%, отбасыларда – 18%, қоғамдық көлікте – 16%, базарларда – 11% және қоғамдық тамақтандыру орындарында – 4%.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев қалалықтарды КВИ-дің алдын алудың ең тиімді әрі жалғыз қорғаны болып табылатын вакциналану қарқынын төмендетпеуге шақырды. 14 шілдедегі жағдай бойынша 615 661 адамға вакцинаның I компоненті егілді. Өткен тәуліктерде вакциналанғандар: 15 257 адам. Екпе алғандардың жалпы санынан 60 жастан асқандар 91 263 адамды құрайды.

Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдени және спорттық мекемелерде, базарларда және СОСО 212 вакцинация (250-ге дейін ұлғайту мүмкіндігі бар) пункті жұмыс істейді. Құрамында 1260 адам бар 308 екпе бригадасы жұмылдырылған.