Тәуелсіздік • 14 Шілде, 2021

Сойли Мякеляйнен-Буханист: Теңдік – фин қоғамының негізі

486 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан тәуелсіздігін алған елең-алаң тұста алғашқылардың бірі болып еліміздің тәуелсіздігін мойындағандар қатарында Финляндия да бар еді. Қазіргі таңда екі ел арасындағы қарым-қатынас тұрақты дамып келеді. Бір айта кетерлігі, БҰҰ рейтингінде Финляндия әлемдегі ең бақытты ел саналады. Осы орайда, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында екі ел арасындағы қарым-қатынас деңгейін және фин қоғамы жетістігінің құпиясын білмек үшін Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист ханыммен тілдескен едік.

Сойли Мякеляйнен-Буханист: Теңдік – фин қоғамының негізі

– 1991 жылы 30 желтоқсанда Финляндия Қазақстан тәуелсіздігін мойындады. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтіпті. Осы кезеңде екі­жақ­ты қа­рым-қатынас қай бағытта дамыды?

– Қазақстан мен Финляндия арасында жоғары деңгейдегі ұзақ мерзімді көптеген екіжақты қарым-қатынас ор­натылған. Екі елдің байланысында негі­зінен, саудаға басымдық беріледі. Өкініш­ке қарай, сауда-эконо­микалық қарым-қатынастың дамуы соңғы бір­неше жылда, әсіресе коронавирус пан­демиясының салдарынан тоқтап қалды.

Сондықтан өз компанияларымыздың қазақстандық нарыққа шығуына, қазақ­стандықтардың Финляндияға жол табуына көмектесу үшін, сондай-ақ елдеріміз арасында қалыптасқан іскерлік әлеуетті ашу үшін көп жұмыс істеуіміз керек.

Ынтымақтастығымыздың маңызды құралы – Финляндия – Қазақстан үкі­метаралық комиссиясы. Комиссияға Даму жөніндегі ынтымақтастық және сыртқы сауда министрі Вилле Скиннари және Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев тең төрағалық етеді. Тең төрағалар жақында Қазақстанда бас қосты. Егер қолайлы жағдай туындаса, Финляндия тарапы комиссияның келесі отырысын осы жылдың аяғында Финляндияда өткізуді жоспарлап отыр.

Финляндия Еуропалық одақтың мүшесі екені белгілі. Сондықтан бұл Қазақстанмен қарым-қатынасымызды қалыптастыруға көмектеседі. Шынында да, Финляндияның өңірдегі елдермен екіжақты ынтымақтастығы Орталық Азия бойынша Еуропалық одақ стра­тегиясының жалпы мақсаттарын қол­дауға арналған. Сондай-ақ 2020 жыл­ғы наурызда күшіне енген Еуропа­лық одақ – Қазақстан арасын­дағы кеңейтілген серіктестік пен ынты­мақтастық туралы келісімді жүзеге асы­руға қолдау білдір­гіміз келеді. Еуро­палық одақ арқылы Қазақ­стандағы және жалпы Орталық Азия­дағы көпте­ген бағдарламаға, соның ішінде ЕО қаржыландыратын Covid-19 дағдары­­сына қарсы іс-қимылды Орталық Азияда жүзеге асыруға қатысамыз және үлес қосамыз.

– 2013 жылы Қазақстан мен Фин­ляндия арасында «жасыл» экономиканы дамыту мен жаңғыртудағы серік­тестік туралы Декларацияға қол қойыл­ды. Бұл салада қандай жұмыс­тар атқарылып жатыр?

– «Жасыл» экономиканы дамыту – елдеріміз арасындағы ынтымақтас­тық­тың маңызды бағыты. Бұл тақырып дипломаттарымыздың арасындағы кездесулерде баса айтылды. Сонымен қатар министріміздің жақында болған сапары кезінде де көп талқыланды.

«Жасыл» экономиканы дамытудың өзектілігі артып, маңызы арта түсті. Өйт­кені климаттың өзгеруі, ластану, ур­ба­низация, халықтың қартаюы және ресурс­­тардың тапшылығы секілді жа­һан­­дық мегатрендтермен күресеміз. Сон­­дықтан коронавирус індетінен кейін қайтадан қалыпты өмірге оралып, «жасыл түске» енуіміз керек.

Финляндияда таза технологияларға, тұрақты биоэкономикаға және жаңар­малы экономикаға көп қаражат саламыз. Фин компаниялары климат пен тұрақты өндіріс, қалдықтарды басқару, биоэкономика (биоотын, ақылды энергетика) секілді көптеген салаларда климатқа сай келетін, айналмалы негіздегі шешімдер ұсынады. Біздің көптеген компанияларымыз қазірдің өзінде қазақстандық компаниялармен және басқа ұйымдармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Әлбетте, біз осы ынтымақтастықты қолдаймыз.

– 2017 жылдан бері контейнерлік тасымал жүйесі іске қосылды. Қазіргі таң­да бұл бағыттың болашағы туралы айта кетсеңіз?

– Финляндия мен Қытай арасындағы Қазақстан арқылы алғашқы тікелей темір­жол байланысы 2017 жылы іске қосылды. Бұл Еуропа мен Қытайдың дамып келе жатқан нарығын жаңа әрі жылдам көлік байланысын нығайтуға қажет­тіліктен туындады. Қазақстан арқылы Қы­тайға тікелей баратын теміржол кө­лі­гінің дамуы Финляндия тарапынан ком­паниялар бастамасымен жүзеге асы­рылады.

Әлемді жайлаған індет пен теңіз жүк тасымалындағы кейінгі кездегі кедергілерге байланысты, өткен жылы бұл бағыттағы теміржол көлігімен жүк тасу көрсеткіші көбейді. Мысалы, ком­панияларымыздың бірі – Nurminen Logistics 2020 жылы Қытайдан келетін кон­тейнерлік пойыздар тасымалының көлемін үш есеге арттырды.

Сонымен қатар Финляндия – Ресей – Қазақстан – Қытай автокөлік дәлізінің логистикалық әлеуеті де маңызды. Осы­ған байланысты біз шекарадан өтуге арналған электронды мөрлер мен элек­тронды құжаттар секілді цифрлы шешімдерді қолдаймыз.

– БҰҰ жүргізген зерттеуге сәйкес Финляндия қатарынан төртінші жыл әлемдегі ең бақытты ел атанып отыр. Мұндай жетістіктің кілті неде?

 – Финляндия төрт рет, 2018-2021 жылдары әлемдегі ең бақытты ел атанды. Бұл біздің қоғамның жеке адамдардың ба­қытты болуын қолдайтынын көрсетеді. Финляндия қоғамы үшін бақыт – жоғары деңгейдегі жеке бас бостандығы бар адам­дардан құралған, институттарға және бір-біріне сенетін тең құқылы және жақсы басқарылатын қоғамның нәти­жесі.

Финляндия халқының бақыты мынандай әлеуметтік факторларларға бай­ланысты. The Legatum Prosperity индексіне сүйенсек, басқару деңгейі бо­йынша Финляндия әлем бойынша бірінші орында тұр.

Transparency International рейтингінде ашықтық жөнінде Финляндия үшінші орынға ие. Freedom House индексінде Финляндия саяси және азаматтық бос­тандықтар жөнінен көш бастап тұр. Bertelsmann Stiftung тізімінде әлемдегі үшінші әлеуметтік әділетті мемлекет.

Жалпы скандинавиялықтар бақыт рейтингінде жақсы нәтиже көрсетеді. Мұны скандинавиялық модельден із­деуге болады. Өйткені мұнда демо­кра­тияға, теңдікке және жеке бостан­дыққа баса назар аударады.

– Финляндия – жемқорлықпен кү­ресте үлкен табысқа жеткен елдердің бірі. Бұл бағытта қандай мәселелерге басым­дық берілді?

– Тарих бойы фин қоғамы сенім мен жауапкершіліктің үйлесімі не­гізінде құрылды. Сенім ашықтық пен ай­­қын­дылыққа негізделген. Ашықтық  – ақпарат пен коммуникация еркіндігі, сондай-ақ азаматтар мен азаматтық қоғам үшін қоғамның араласу жолымен жұмыс істеу әдісін жақсарту мүмкіндігі. Сондықтан Финляндия азаматтық қо­ғам мен үкімет арасындағы диалогты қол­дайды.

Сенімнің артында жауапкершілікті терең сезіну жатыр. Фин қоғамы бү­кіл адам күш біріктіріп, ережелерге ба­ғынған жағдайда ғана жетістікке жете­тініне сенеді. Тұрғындардың бәріне қол­­дан келгенін істеуге мүмкіндік бері­леді. Бұл тең мүмкіндіктер тең жауап­кершіліктермен теңдестірілген қоғамда ғана болуы мүмкін.

Цифрландыру жақсы мемлекеттік басқарудың дамуымен қатар жүреді. Бұл мемлекеттік басқару міндеттерін орындау және мемлекеттік қызметтерді көрсетумен бірге тиімді ақпараттық бас­қаруға мүмкіндік береді. Бұл тиім­ді басқару қағидаттары негізінде мем­лекеттік органдардың тиімділігін арттырады, сондай-ақ азаматтардың сенімін нығайтады.

– Финляндияның қазіргі премьер-министрі – өте жас дипломат. Сондай-ақ министрлер кабинетінде де жас лауазымды тұлғалар жетерлік. Жалпы, елде жастар қанша жасынан бастап сая­сатқа араласады?

– Теңдік – фин қоғамының негізі. Санна Марин Финляндияның премьер-министрі болуы бұған дәлел. Санна Ма­риннің Үкімет басшысы атануы ерек­шелік емес. Керісінше, бұл Финляндияда жынысыңыз, жасыңыз немесе тегіңіз болашағыңызды анықтамай­тынының жақсы мысалы.

Финляндияда шешім қабылдауға жас­тардың қатысуы маңызды деп есеп­тейміз. Сондай-ақ бастамашылық танытып, идеялары мен белсенділіктерін алға тартқан жастардың арқасында көптеген жетістіктерге жеттік.

Ел жастарының муниципалдық ше­шімдер қабылдауға қатысу құқығы заңмен бекітілген. Финляндияның кез келген муниципалитетінде 18 жасқа толмаған адамдар үшін жастар кеңесі немесе оған теңестірілген орган болуы керек. Олардың өміріне әсер ететін барлық мәселелерде, соның ішінде білім беру, қоршаған орта, тұрғын үй және қоғамдық көліктерде жастардың көзқарасы тыңдалып, қарастырылуы тиіс.

Жастар кеңестері – финдік жастардың шешім қабылдауға қатысудың жалғыз әдісі емес. Мектепте, университетте олар студент­тік кеңестер мен кә­сіподақ­тарға қатыса алады. Сондай-ақ жастардың өздері басқаратын көптеген жергілікті, аймақтық және жалпыұлттық бірлестіктері бар.

– Таяуда Премьер-министрдің таңғы асқа жұмсаған қаржысы қызу тал­­қыға түсті. Былай қарасаңыз, жұм­­салған қаражат соншалықты көп сома емес. Бірақ қоғам мұны тал­қылады. Осы орайда, мұндай деңгейге жету, яғни бюджеттің әр тиынын есептеу фин қоғамына оңайға соқпаған шы­ғар?

– Финляндияда адамдар жалпыға қолжетімді ақпаратқа қол жеткізуге құ­қылы. Демек саясаткерлердің жалақысы мен олардың шығындары көпшілікке жария­ланады. Ал адамдар мен баспасөз бұл мәселелерді талқылай алады. Бұл мем­лекеттік шешімдер қабылдаудың ашықтығын арттырады.

– Қазақтардың қандай өнері мен мәде­ниеті қызықтырады? Елші ре­тін­де қандай ерекшеліктерді байқа­ды­ңыз?

– Қазақтардың бай мәдениеті мен дәстүрлерін білу – өте қызықты. Жібек жолы бойындағы археологиялық орындарды зерттегім келеді. Сонымен қа­тар мені заманауи өнер мен музыка қызықтырады. Қазақстанның көш­пелі дәстүрі Финляндиядан мүлдем өзге­ше болғанына қарамастан, шайбалы хоккей мен сауна секілді ортақ қызығу­шы­лықтарымыз бар екеніне қуаныш­тымын.

– Отбасыңыздың елімізге келген­дегі алғашқы әсері қалай болды?

– Қазақстандағы адамдар өте қонақ­жай. Соның нәтижесінде тез сіңісіп кетуге мүмкіндік береді.

– Қазақстанда дипломатиялық қыз­метіңізді бастағаныңызға көп болған жоқ. Осы уақыт аралығында еліміздің аймақтарын аралап шыға алдыңыз ба?

– Өкінішке қарай, Covid-19 шектеу­леріне байланысты әлі күнге дейін Қазақстанның әртүрлі аймақтарына бара алмадым. Алматыға бірнеше рет бардым. Жақын арада басқа қалаларға да барамын деп үміттенемін.

– Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Елші ретінде еліміздің осы отыз жылдағы даму деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бастап, керемет экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Мемлекет кірісі ортадан жоғары экономикаға айналды. Құрылымдық реформалар мен экономиканы әртараптандыруды әлі де жалғастыру қажет. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді одан әрі дамыту үшін мықты реформалық бағдарлама ұстанып отыр.

– «Еgemen Qazaqstan» газетінің оқырмандарына айтар тілегіңіз?

– Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтағым келеді. Covid-19 пандемиясының қиын кезеңі таяу арада аяқталады деп сенемін. Қазақ­стандықтарды Финляндияға келіп, көл­деріміз бен ормандарымызды көріп, фин мәдениетін білуге шақырамын. Сондай-ақ финдіктерді кең-байтақ еліңізді және оның әсем көрінісі мен мәдениетін білу үшін Қазақстанға келуге шақырамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛІДҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»